Жұмысшы мамандықтар жылы: сұранысқа ие кадр даярлауға не кедергі

Жұмысшы мамандардың мәртебесі олардың мәселесін реттеумен шешіледі. Мәжіліс депутаты бұл ретте дәйексіз статистиканың салдары барын алға тартады. Тағы бір кемшін тұс — кәсіптік бағдар беру әлі жүйеленбеген. Содан барып жас мамандар жұмыс таба алмай жүреді.

— Мамандық бойынша жұмыс жоқ болса, несіне мұндай мамандықтарды оқытады? Осыдан 4 жыл бұрын «елде көлік өндірісі дамиды» деген үміт бар еді. Сондықтан ұлым транспорт факультетінің машина құрастыру мамандығына түскен. Бұл мамандық бойынша тіпті тәжірибеден өтетін жер жоқ. Биыл бұйырса бітіреді. Зауыт жоқ. Қайда жұмысқа барады?» — деп базынасын жеткізген Facebook әлеуметтік желісін қолданушы Гүлнәр Сейітқазы.

Бұл — басы ашық проблема. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оған жеке тоқталып, әкімдерден жүйелі жұмыс талап етті.

– Бұл ретте әкімдерге зор жауапкершілік жүктеледі. Олар кәсіпкерлермен бірлесіп, аймаққа қажетті мамандықтар тізімін анықтау керек. Сондай-ақ сұранысқа ие кадрлар даярлау үшін колледждерге бағыт-бағдар беруі қажет, — деді Президент.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың пікірінше негізгі проблема – күмәнді статистикада. Ол нақты деректі бүркемелемей Қазақстанда жұмыссыздықты үлкен проблема ретінде көрсететін уақыт жеткенін айтады.

– Жұмысшы мамандықтарға жастар арасында сұранысты арттыру үшін жалақы мәселесін шешу керек. Мамандықтар арасындағы жалақы диспропорциясын Үкімет реттеуі тиіс. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, жұмыссыздар саны соңғы 15 жылда 4-5% екен. Сонда шамамен 400 мың адам. Ал, халықаралық ұйымдар Қазақстанда 1 млн жуық азамат жұмыссыз деп көрсетті. Егер Үкімет осындай нақты ақпараттармен жұмыс істесе бағдарламасын өзгертеді. Үкімет уақытша жұмыс орындарын ашумен ғана бос орындарды жауып отыр. Бұл — концептуалды мәселенің шешімі емес, — дейді ол.

Сонымен, жұмысшы мамандықтар жылында 70 бағыт белгіленді. Соның 33 қадамы бойынша «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекетпен бірлесіп жұмыс атқарады. Мәселен, мемлекеттік тапсырыс бөлу, дуальды оқыту, қайта даярлау және сертификаттау мен кадр тапшылығы бойынша сауалнама жүргізіледі.

– Жұмысшы мамандықтар жылына қатысты ең бастысы – балаларға кәсіптік бағдар беру. Бірақ, біз бұны 2014 жылдан бері мемлекетке айтудай-ақ айтып келеміз. Бағдармен қатар кәсіптік дағдыларды айқындау қажет. Бірізді жүйеге келтірген жөн. Қазір түрлі жеке компаниялар диагностика жүргізеді. Егер мемлекет мектептерде ерте кәсіптік бағдар беруді нықтап қолға алса, қазір біздің еңбек нарығында қажет мамандар сұрағы тумас еді. Әрине, түбегейлі бейәрекет демейміз. Тек бұл жұмыс әлі күнге толық жүйеленбеген, — дейді «Атамекен» ҰКП адами капиталды дамыту департаментінің бірінші санаттағы сарапшысы Динара Шәріпбаева.

Айтуынша, кәсіптік бағдар беру мамандарын даярлау бойынша ұсыныс жасалған. Бірақ, олардың біліктілігін арттыратын курстар, әдістемелік нұсқаулық жоқ. Балалармен ерте жұмыс жүргізу үшін арнайы платформа ұйымдастырылмаған.

– Кәсіптік бағдар берушінің біліктілігі жөнінде сертификаты болуы тиіс. Бұған қоса, психолог мамандығын да меңгергені абзал. Мысалы, Германияда оқушылар жұмасына 2 рет әр мамандық бойынша жұмыс істеп көреді. Қолынан не келеді, қабілетіне сай ма? Ақыры өздерін қызықтырған кәсіпке баулып шығарады. Сондай оқу орталығы бізде ашылса керемет болар еді, — дейді ҰКП өкілі.

Болашақ жас мамандарды қызықтыру үшін Шымкентте қалалық Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен сынып оқушыларының Шымкенттегі орта және ірі кәсіпорындарға экскурсиялары өтуде.

Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің айтуынша, мұндағы мақсат – болашақ түлектерді жұмысшы мамандық иелерімен және өндіріс барысымен таныстырып, толық мәлімет беру.

«Шымкентте Президент бастамасын жүзеге асырудағы маңызды қадам ретінде бизнес пен оқу орындары арасындағы өзара байланысты нығайтуға басымдық берілмек. Әсіресе, дуальды оқытудың жол картасы аясындағы әріптестік нығая түседі. Қаламызда 40-қа жуық колледж болса, соның 25-інде дуальды оқыту жүйесі жүзеге асырылуда. Онда 10 мыңға жуық студент өздерінің теориялық білімін кәсіпорындарға барып, тәжірибемен ұштастыра отырып білім алуда», – дейді Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасы бөлім басшысы Жанар Алтаева.

Дереккөз: «ҚазАқпарат»

x

Check Also

Қазақстан әлемдегі топ-100 суперкомпьютер қатарына енді

Ұлттық суперкомпьютер «Alem.Cloud» әлемдегі ең қуатты есептеу жүйелерінің халықаралық рейтингі TOP500 тізімінде 86 орынды иеленді. Бұл рейтингке тек HPL (High-Performance ...

Мемлекет басшысы «Жасанды интеллект туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды

Заң арқылы жасанды интеллект жүйелері қызметінің негізгі қағидаттары енгізілді. Жасанды интеллект жүйелері ақпараттандыру нысаны ретінде анықталды. Енді жасанды интеллект адамның ...