Шымкент қалалық өзбек драма театрында балаларға арналған «Туған күн» интерактивті ертегі-қойылымының премьерасы өтті. Жаңа туындыны тамашалауға бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен жас көрермендер қатысты.
Қойылымның авторы әрі режиссері – Жавлон Сайитов. Спектакльдің негізгі идеясы – балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын оятып, білімнің адам өміріндегі маңызын көркем оқиға арқылы ұғындыру.
Оқиға сегіз жасар Жавохирдің туған күнінен басталады. Бала ойыншықтың орнына кітап сыйлағанына көңілі толмай, оларды лақтырып тастайды. Осы әрекеті кітаптан қорқатын тентек рухтар – Албасты мен Әженің оянуына себеп болады. Олар Жавохирді білімнен алыстатуға тырысқанымен, көрермен балалар мен ата-анасының көмегіне сүйенген кейіпкер олардың айласына қарсы тұрып, кітаптың баға жетпес қазына екенін түсінеді.
Қойылымның басты ерекшелігі – көрермен мен сахна арасындағы тікелей байланыс. Балалар оқиғаны сырттай тамашалап қана қоймай, кейіпкерлермен бірге ойындарға қатысып, оқиға барысына араласады. Осылайша, интерактивті көріністер арқылы олардың белсенділігі мен қызығушылығы арта түседі.
– Бүгінгі балалардың қызығушылығы әртүрлі. Сондықтан біз көрерменді жай ғана спектакль тамашалаушы емес, сахнадағы оқиғаның тікелей қатысушысы етуге тырыстық. Қойылым барысында балалар кейіпкерлермен бірге ойнап, олардың шешім қабылдауына көмектеседі. Бұл спектакль арқылы балаға кітаптың жай ғана қағаз беттерінен тұратын дүние емес, білімнің, қиялдың және рухани байлықтың қайнар көзі екенін көрсеткім келді. Жас көрерменнің ықыласы мен қуанышы – біз үшін ең үлкен баға. Алдағы уақытта да балаларға арналған мазмұнды, тәрбиелік мәні бар қойылымдарды сахналауды жалғастырамыз, — деді режиссёр.
Айта кетейік, «Туған күн» қойылымы өскелең ұрпақты кітапты қадірлеуге, білімге құштар болуға үндейді. Сонымен қатар балалардың театр өнеріне қызығушылығын арттырып, олардың қиялы мен таным көкжиегін кеңейтуге бағытталған.
Эльмира СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ,
«Шымкент келбеті» газеті
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары