Журналист Берік Сұлтан бүгінде асыл тұқымды қошқарларды өсірумен айналысып кеткенін айтады. Сөзінше, қазір оның бір қозысының бағасы 500 доллардан басталады. Алғашында баламды мал бағуға баулығым келді деген ол Stan.kz тілшісіне жаңа кәсібінің қыр-сырымен бөлісті.
«Ата-бабамда мал шаруашылығымен соншалықты беріліп айналысқан адамдар жоқ. Неге екенін білмеймін, маған осы асыл тұқымды қошқарларды өсіру қатты ұнайды. Бұл қошқарлар гиссар тұқымды болып келеді. Гиссарлар етті бағыттағы қошқар боп саналады. Қарапайым қошқарлардың салмағы 60-70 келі тартса, ал гиссар тұқымдас қошқарлардың салмағы 200-210 келіге дейін жетіп жатады. Құйрықты, қылшық жүнді қошқардың бойы 1 метрден асып кетеді. Сондай-ақ гиссарда мүйіз болмайды. Сол үшін де бұл қошқарлардың бағасы қымбат. Бұлардың көбісі ұрықтыққа сатылады. Гиссар қошқардың текті болуы аса маңызды. Мықты аталық пен аналық мықты төл береді. Шаруалар гиссар қозы алар алдын, оны туған қойдың бойына, жүнінің қылшықтығына, ұзындығына, көкірегінің кеңдігіне, түсіне қарайды. Қошқар да сол өлшемдерге сай болуы керек. Дұрыс таңдасаң, одан шыққан қозылар да ертең ірі болады. Ұрықтыққа да сатасың, болмаса бордақылайсың! Жай қошқар баққаннан гиссар қошқарларды бақсаң, пайдасы мол», – дейді Берік.
Бұрын мұндай қошқарларды өсірушілер елімізде сирек кездессе, қазір кәсіп ретінде қолға алғандардың саны артып келеді. Тәжікстан, Ауғанстан, Өзбекстан, Қырғызстан сынды көршілес елдердегі ағайынның да асыл тұқымды қошқардың осы бір түріне деген қызығушылығы алабөтен көрінеді.
Дегенмен журналист гиссарлар айрықша бір күтімді қажет етпейтіндігін айтады. Кәдуілгі өзіміздің қазақы қойларға қалай қарасақ, бұларға да дәл солай қарау жеткілікті екен. Жалпы айтқанда, кез келген азаматтың қолынан келетін шаруа.
«Асыл тұқымды қошқар өсіру мен үшін бизнес деп айта алмаймын. Бұл – хобби. Одан соң бала тәрбиесінің бір тетігі. Ұлым мал бағып үйренсін, қалада тұратындықтан, қалалық болып, ауыл тіршілігінен хабарсыз қалмасын деген ниетпен төрт-бес қозы сатып алған едім. Бүгінде жеті жастағы ұлым қошқарлардың жем-суын беріп, күтіп баптай алатын деңгейге жетті. Бұл, бір жағы, баланы еңбекке баулу. Жауапкершілікке үйрету. Бала қозыларына уақытылы жемін беріп, уақытылы астын тазалап үйренсе, бұл тәрбие ертең кез келген іске жауапкершілікпен қарауға дағдыландырады. Біздің санамызда малдың артынан жүріп, адырға айдап апарып бағу керек деген түсінік қалыптасып қалған. Далаға шығарып бақпай-ақ, қорадан шығармай-ақ жем-шөбін беріп, бағуға әбден болады. Меніңше, әрбір жер үйде тұратын отбасының бұл кәсіппен айналысуына толық мүмкіндігі бар. Мал бағу атакәсібіміз болғандықтан, әрбіріміз оны өлтірмей, керісінше дамыта білсек, ата-бабамыздың аманатына деген адалдық болар еді.
Кейіпкеріміз асыл тұқымды қошқарларын күтіп, баптап қана қоймай, олардың әрбірінің түріне, түсіне, мінезіне қарай «Шоколад», «Техас», «Сникерс», «Америка», «Торнадо» деген секілді ерекше ат қойып, құдды бір балалары сияқты еркелетеді екен .
«Техас» өзі мінезді болғандықтан, осылай атадым. Ал «Алтынбет» деген қошқарымның беті алтын түстес сап-сары. «Алтынбет» деп атауға әбден лайық”, – дейді Берік.
Шетелдегі іс-сапарларынан отбасы, балаларынан кейін, осы қорадағы қошқарларын да сағынып оралады екен. Ұзақ уақыт көрмей қалса, қастарында тіпті 4-5 сағаттап жүруге бармын дейді ол.
Бұл кәсіпті әлі бизнес ретінде қолға алған жоқпын. Биыл ғана 15 қой алдым. Бұйырса солардан мықты қозылар аламыз. Келер жылы қозыларын сатып, шаруашылықты дамытамыз. Менің қошқарларыма тіпті шетелден де «құда түсіп» сатшы деп қолқалайтындар көп. «Шоколад» есімді бір жарым жасар, асыл тұқымды айғырларға ұқсас қошқарыма айыр қалпақты ағайындар жоғары баға ұсынып, қайта-қайта сұрады. Бірақ мен өз елімізде қалғанын қалап, таяуда ғана бір қандасымызға 1 млн 700 мың теңгеге саттым. Келесі жылы қозыларын өз еліміздің азаматтары алса, өз қандастарымыздың отбасында асыл тұқымды қошқарлар көбейсе деген ниет еді. «Техас» деген 7 айлық қозы қошқарымды да қырғыз шопандар сатшы деп қоймай жатыр. 3 мың долларға алайық дейді. Маңдай алды дөң, сүлік қара, тегі мықты қошқарды да оларға сатқым жоқ. Біз барынша малды асылдандыруға ұмтылуымыз керек. Өйткені жай қой мен қошқарлар жейтін жем-шөпті асыл тұқымды қошқарлар да жейді. Жалпы айтқанда, екеуіне бірдей күш жұмсалады. Бір қошқардың өзі-ақ жем-шөпке кеткен шығынды жауып тастайды. Асыл тұқымдының аты асыл тұқымды. Оларды бағудың рахаты да бөлек», – дейді ол.
Гиссар қошқарлардың қозысының өзі 500 бен 1 мың доллардың арасында бағаланатын көрінеді. Ұрықтық қошқар болғандықтан, бағасы да қымбат болады екен.
«Бір танысым таяуда Қырғызстаннан 35 мың долларға қошқар сатып алды. Бұл қаржыны алдағы уақытта осы қошқардың қозылары-ақ шығарып береді. Сондықтан, асыл тұқымды қошқарлардың бағасына қарап шошудың қажеті жоқ. Әрі нарықта сұранысқа ие бұл қошқарларды кез келген уақытта жоғары бағаға саудалауға болады», – дейді кейіпкеріміз.
Мал шаруашылығымен айналысуға ниетті жандар болса, асыл тұқымды гиссар қошқарларын өсіру – нағыз табыстың көзі екен ескеру керектігін айтқымыз келеді.