Түркістан облысында дуальды оқыту жүйесін дамыту және кәсіпорындардағы тәлімгерлердің кәсіби құзыреттілігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Осы мақсатта кәсіпорындар мен ұйымдардың тәлімгерлеріне арналған екі күндік, 16 сағаттық оқыту курсы өз мәресіне жетті.
Оқу бағдарламасы аясында қатысушылар дуальды оқытудың нормативтік-құқықтық негіздерімен танысып, жұмыс орнында оқытуды жоспарлау мен ұйымдастыру, өндірістік оқытудың педагогикалық әдістері, тәлімгерлердің міндеттері мен жауапкершілігі, сондай-ақ колледждер мен кәсіпорындар арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері бойынша білімдерін жетілдірді. Теориялық сабақтар тәжірибелік тапсырмалармен ұштастырылды.
Курстың қорытынды күнінде қатысушыларға оқу бағдарламасын толық аяқтағаны туралы сертификаттар табысталды. Сертификаттарды Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының Адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Әзірет Ыдырыс пен бөлім сарапшысы Гүлдана Абданқұл салтанатты түрде тапсырды.
Адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Әзірет Ыдырыс өз сөзінде тәлімгерлердің біліктілігін арттыру дуальды білім беру жүйесінің сапасын қамтамасыз етудегі маңызды қадам екенін атап өтті.
«Дуальды оқыту – теориялық білім мен өндірістік тәжірибені ұштастыратын тиімді жүйе. Бұл үдерісте тәлімгерлердің орны ерекше, өйткені олар студенттерге тек кәсіби дағдыларды үйретіп қана қоймай, болашақ маман ретінде қалыптасуына бағыт-бағдар береді. Сондықтан тәлімгерлердің кәсіби және педагогикалық құзыреттілігін жүйелі түрде жетілдіру – еңбек нарығына қажетті білікті кадрлар даярлаудың маңызды шарттарының бірі», – деді Әзірет Ыдырыс.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары