Қазіргі таңда жастарды мемлекеттік қызметке тарту – мемлекеттік аппараттың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта Мемлекет басшысы 2026 жылғы 19 мамырда қол қойған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заң 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне еніп, мемлекеттік қызметке орналасудың жаңа мүмкіндіктерін қарастырды.
Атап айтқанда, Заңның 28-бабы 6-тармағының 5) тармақшасына сәйкес, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын GPA көрсеткіші 3,33-тен төмен емес нәтижемен аяқтаған түлектер оқуын аяқтағаннан кейін бір жыл ішінде мемлекеттік әкімшілік қызметтің бірқатар «Б» корпусы лауазымдарына конкурссыз қабылдана алады. Бұрын бұл мүмкіндік негізінен мемлекеттік грантпен білім алған түлектерге берілсе, енді ақылы негізде оқыған жастарға да қолжетімді.
Аталған жаңашылдық өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға, жастардың туған өлкесінде еңбек етіп, ел дамуына үлес қосуына мүмкіндік береді. Бүгінде Түркістан облысында осы тетік арқылы мемлекеттік қызметке қабылданған 95 жас түлек кәсіби қабілеттерін көрсетіп, халыққа сапалы қызмет көрсету ісіне өз үлестерін қосуда.
Бұл – білімді әрі еңбекқор жастарға мемлекет тарапынан көрсетілген сенім мен қолдау. Осы орайда, жоғары оқу орнын үздік аяқтаған жас түлектерді Заңда көзделген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, мемлекеттік қызмет саласына келуге шақырамыз.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары