Жаза басқан жандарға жасалған нақты көмек

Мемлекет басшысы мән берген үшін­ші басымдық – қылмыстық-атқару жүйе­сін ізгілендіру, жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау.

Осыдан үш жыл бұрын елімізде жалпыұлттық референдум өтті. Азаматтарымыздың көпшілігі Ата заңға түзету енгізуді қолдап дауыс берді. Реформаның нәтижесінде еліміздің саяси құрылымы түбегейлі жаңғырды. Адам құқықтарын қорғау жүйесінде ауқымды өзгерістер жасалды. Конституциялық Сот құрылды. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық мәртебе берілді. Оның құзыреті кеңейді. Өлім жазасы біржола алынып тасталды. Мұның бәрі – Конституциямызға тән ізгілік рухының көрінісі. Себебі Ата заңымызға сәйкес адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, бұл – ең қымбат қазына.

– Биыл Конституцияның қабылданға­нына 30 жыл толады. Осыған орай, құқық қорғау құрылымдары, депутаттар мен құқық қорғаушылар сотталған азаматтарға рақымшылық жасау туралы бастама көтерді. Парламент тиісті заңды қарады, мен бұл заңға қол қойдым. Осы ізгі шараның арқасында жазасын өтеп жатқан 15 мыңнан аса адамға амнистия жарияланды. Соның 2 мыңнан астамы бостандыққа шығады. Қалғандарының жаза мерзімі қысқарады. Онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағандар ғана рақымшылыққа ілінеді. Ең алдымен, әлеуметтік жағынан осал топқа жататын адамдарға, яғни баласы бар әйелдерге, егде адамдарға, кәме­лет жасына толмағандарға және осы санат­тағы басқа да азаматтарға кешірім бері­леді. Мұны жаза басқан жандарға жасал­ған нақты көмек, олардың қоғамға қайта оралуына жағдай жасау деп түсіну қажет. Әл-Фарабидің сөзімен айтсақ, бұл – шын мәнінде қайырымды елге тән сипат. Мемлекет шалыс қадам басқан азаматтан теріс айналмайды, тек оның тура, дұрыс жолға түсуіне жәрдем береді. Өйткені әділетті елдің соты әділ, ниеті түзу болуға тиіс. Бірақ рақымшылық жасау дегеніміз бұл – барлық мәселенің шешімі емес, бір реттік қана шара екенін түсінген жөн. Сондықтан осы бағытта нақты нәтиже болу үшін қылмыстық атқару жүйесін барынша жетілдіру қажет. Негізгі мақсат – сотталған адамды қоғамнан алшақтату емес. Тиісті тәрбие жұмысын жүргізу өте маңызды. Олардың бойына заң мен тәртіп құндылығын сіңіретін және қалыпты өмірге оралуына ықпал ететін озық тәсілдерді енгізу керек. Мәселен, кейбір елде жазасын өтеушілер «қамау мерзімін қысқартуға» мүмкіндік беретін шараларды қолдана алады. Абақтыда ескерту алмаған, жаңа білім игерген, спорттық-мәдени іс-шараларға қатысқан адамдарға осындай жеңілдік беріледі. Үкімет Бас прокуратурамен бірле­сіп, осы мәселені мұқият пысықтауы қажет. Шетелдің озық тәжірибесін зерттеген жөн. Бұл жұмысқа отандық сарапшыларды да тарту қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент атап өткендей, жазасын өтеп жүргендерді қалыпты өмірге дайындау­д­ың тағы бір тиімді жолы – еңбекпен, яғни жұмыспен қамту. Бұл бағытта біраз түйткілдер бар, нақты шаралар қолдану керек. Осы орайда біздің кәсіпкерлеріміз жазасын өтеу мекемелерінің жанынан түрлі кәсіпорын ашу мүмкіндігін қарастырса, құба-құп. Мұндай серіктестік шетелде кең тараған. Бұл шараның екі жаққа да тигізер пайдасы мол. Жазасын өтеп жүр­гендердің тапқан табысы бостандыққа шыққан соң, олардың қалыпты өмірге оралуына көмектеседі. Ал өндірісте меңгерген дағдысы жақсы жұмыс табуына жол ашады. Жалпы, бизнес өкілдері қылмыстық-атқару жүйесімен жан-жақты ықпал­дастық орнату жолдарын мұқият сарала­ғаны жөн. Мысалы, еліміздегі компа­ния­ның бірі өз қаржысын жұмсап, Алматыда кәмелет жасына толмаған құқық бұзушыларға арналған заманауи тәрбиелеу мекемесін салып жатыр. Үкімет мұндай тәсілді белсенді түрде қолдануы керек, басқа компанияларды осындай серіктестікке тарту қажет.

– Біз қазір қылмыстық жаза саясатын мейлінше ізгілендіруге, жетілдіруге баса мән береміз, яғни бас бостандығынан айы­рудан бөлек жаза түрлеріне басымдық беріледі. Бұл пробация қызметіне ана­ғұрлым көп салмақ түседі деген сөз. Сондықтан аймақ әкімдері осы салада жұмыс істейтін адамдардың әлеуметтік жағдайын біртіндеп жақсарту жолдарын қарастыруы керек. Сондай-ақ пробация­лық қызметтің материалдық-техника­лық базасын нығайтуды қолға алу қажет. Проба­циялық бақылауды тиімді жүргізуге септігін тигізетін цифрлық шешімдерді белсенді түрде енгізген жөн. Жалпы, біз кез келген мәселенің салдарымен емес, себебімен күресуіміз керек. Қылмыстық-атқару жүйесінің басты мақсаты тек жазалау деген түсініктен арылу қажет. Қателік жасап, қамауға түскен адамды жаншып, басып тастауға тырысу – дұрыс емес, біз ондай адамның тура жолға түсіп, түзеліп кетуіне қолұшын беруіміз керек. Бәріміз бір ел болып өркениетті, озық және әділетті қоғам құрып жатырмыз. Заң да, сот та әділ болуға міндетті. Бұл – мызғымас қағида, – деді Мемлекет басшысы.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ
«Egemen Qazaqstan» газеті

x

Check Also

Мемлекет басшысы «Жасанды интеллект туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды

Заң арқылы жасанды интеллект жүйелері қызметінің негізгі қағидаттары енгізілді. Жасанды интеллект жүйелері ақпараттандыру нысаны ретінде анықталды. Енді жасанды интеллект адамның ...

Дроны помогли задержать наркосбытчицу с 2 кг синтетики в Шымкенте

Правоохранители стали всё чаще использовать БПЛА в обеспечении правопорядка. Дроны задействованы в дорожном патрулировании, для контроля на массовых мероприятиях и ...