Шымкент қаласында эпидемиологиялық жағдай тұрақты — Xnews — ақпарат агенттігі

Шымкент қаласында эпидемиологиялық жағдай тұрақты

Бүгін, Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары – Тұрымбетова Айгүл Мелесқызы төмендегідей мәлімдеме жасады

Шымкент қаласында 2025 жылдың басынан бері жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ), тұмау және COVID-19 бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты деңгейде сақталып отыр. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша қалада 84 100 ЖРВИ жағдайы тіркелген, оның 65,8 пайызы — 14 жасқа дейінгі балалар. Тұмаудың 304 жағдайы анықталып, олардың тең жартысы А және В типтеріне тиесілі болды.

Сонымен қатар, тұмауға жатпайтын вирустардың 381 жағдайы зерттеліп, 267 жағдайында оң нәтиже тіркелді. Оның ішінде парагрипп, риновирус, аденовирус және коронавирус түрлері басым.

Қалада COVID-19 инфекциясының 94 дерегі тіркеліп, олардың барлығы симптоммен өткен. 14 жасқа дейінгі балалар үлесі – 44,6 пайыз. Барлық індет ошағында қажетті дезинфекциялық шаралар жүргізіліп, науқастармен байланыста болған адамдар медициналық бақылауға алынды.

ЖРВИ және тұмауға қарсы алдын алу жұмыстары күшейтілді. Жергілікті бюджет есебінен тәуекел топтарына арналған 150 мың доза «Гриппол+» вакцинасы сатып алынып, халықтың 12 пайызы егілді. Вакцинация 2025 жылдың 23 қыркүйегінен бастап жүргізілуде.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысына сәйкес, тұмауға қарсы екпе жүкті әйелдерге, медицина қызметкерлеріне, педагогтарға, әскери қызметшілерге, сондай-ақ жүрек, тыныс алу жүйесі ауруларына шалдыққан және жасы 65-тен асқан адамдарға тегін жүргізіледі. Бүгінгі таңда қалада 31 264 тұрғын (оның ішінде 6 862 бала) екпе алған.

Медицина ұйымдары эпидемиологиялық маусымға толық дайын

ЖРВИ мен тұмауға қарсы эпидемиологиялық маусым 2025 жылдың 1 қазанынан 2026 жылдың 30 сәуіріне дейін жалғасады. Осы кезеңге байланысты Шымкент қаласының медицина ұйымдары кешенді дайындық жұмыстарын аяқтады.

Емханаларда тұрғындарға қолжетімді болу үшін қосымша 81 телефон желісі және 71 автокөлік бөлінді. ЖРВИ және тұмаумен ауырған науқастарды жатқызуға 367 төсек орын дайындалды, оның 322-сі инфекциялық ауруханаларға, қалғаны балалар ауруханаларына бөлінді.

Қала дәріханаларында вирусқа қарсы дәрілер қоры жеткілікті: тамифлю – 8 740 дана, реленза – 5 137 дана, оксалин майы – 1 350 дана. Сонымен қатар санитариялық-профилактикалық іс-шаралар жоспары бекітілді.

Медициналық ұйымдарда маска тағу режимі енгізіліп, фильтр-зоналар ұйымдастырылған. Температуралық режим мен дезинфекция күшейтілген. Жүкті әйелдер мен 1 жасқа дейінгі балаларға күнделікті патронаж және үй жағдайында алғашқы көмек көрсету шаралары қолға алынған.

Білім беру ұйымдарында да алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Әр мектеп пен балабақшада таңертеңгі сүзгі өткізу, санитарлық талаптарды сақтау, сыныптар мен кабинеттерге антисептиктер орнату қатаң бақылауға алынған. Егер бір сыныптағы оқушылардың 20-30 пайызы сырқаттанса, сабақтар уақытша онлайн форматқа ауыстырылады.

Мамандардың айтуынша, ЖРВИ мен тұмаудың алдын алудың ең тиімді тәсілі — вакцина алу және жеке гигиенаны сақтау. Дәрігерлер тұрғындарды өз денсаулығына бейжай қарамай, маусымдық екпеден өтуді және қоғамдық орындарда сақтық шараларын ұстануды ұсынады.

Құтыру ауруының алдын алу тұрақты бақылауда

Адамның өмірі мен денсаулығы – ең қымбат байлық. Бірақ кейде бейқамдық салдарынан бұл байлыққа қауіп төндіретін жұқпалы індеттер кездеседі. Солардың бірі – құтыру ауруы. Бұл дерт адам мен жануарларға ортақ аса қауіпті зоонозды инфекциялардың қатарына жатады және орталық жүйке жүйесін зақымдайды.

Құтыру көбіне ит, мысық, түлкі, қасқыр секілді ауру жануарлардың тістеуі, тырнауы немесе сілекейінің ашық жараға түсуі арқылы жұғады. Егер адам дер кезінде медициналық көмекке жүгінбесе, вирус ағзада жасырын дамып, біртіндеп ауыр зардаптарға алып келеді.

2025 жылдың 9 айында Шымкент қаласында құтыру ауруы тіркелген жоқ. Бұл – алдын алу шараларының жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын көрсетеді. Дегенмен, қалада түрлі жануарлардың тістеуі немесе тырнауы салдарынан 2735 адам медициналық көмекке жүгінген. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалардың үлесі – 49,1 пайыз.

Жарақаттардың басым бөлігі – ит пен мысықтан (94,7%), оның ішінде белгісіз жануарлардан зардап шеккендер – 58,6 пайыз. Көптеген жағдай балалардың мектепке барар немесе қайтар жолында топтасқан қаңғыбас иттердің шабуылынан болған.

Барлық зардап шеккендерге құтыруға қарсы антирабиялық екпе курстары толық көлемде жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар қаладағы медицина мекемелерінде тұрақты бақылауда.

Бұл туралы бүгін, Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігерінің міндетін атқарушы – Ағабаев Мұрат Алмаханбетұлы мәлімдеді.

Вакцинация – құтырудан қорғанудың ең сенімді жолы

Мамандардың айтуынша, құтырудың алдын алудың ең тиімді тәсілі – вакцина алу және қауіпсіздік шараларын сақтау. ҚР Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, құтыру жұқтыру қаупі жоғары топтарға жыл сайын жоспарлы түрде антирабиялық вакцина егіледі.

Бұл қатарға зертхана қызметкерлері, жануарларды аулау қызметінің мамандары, аңшылық және орман шаруашылығы қызметкерлері, кинологтар және жабайы жануарлармен байланысқа түсуі мүмкін адамдар кіреді. Сондай-ақ, кез келген жануар тістеген немесе тырнаған жағдайда адам міндетті түрде егілуі тиіс.

Белгісіз немесе күдікті жануар тістеген кезде жараны дереу сабынды сумен жуу, антисептикпен өңдеп, стерильді таңғыш қою қажет. Ең бастысы — уақыт жоғалтпай медицина мекемесіне жүгіну. Құтыруға қарсы вакцина зақымданған сәттен бастап 0, 3, 7, 14 және 28-күні егілетін арнайы кесте бойынша жүргізіледі.

Шымкент қаласында құтыруға қарсы көмек №2 қалалық аурухананың «Рабиология» бөлімшесінде (Жандосов көшесі, 92) тәулік бойы тегін көрсетіледі. Вакцина қоры жеткілікті.

Қала тұрғындарына ветеринариялық қауіпсіздік шараларын сақтау да маңызды:
• ит пен мысықтарға жыл сайын құтыруға қарсы екпе салдыру;
• үй жануарларын чиптеу және тіркеу;
• иттерді байлап ұстау, бейтаныс жануарларға жақындамау;
• күдікті жануарларды көрсе, ветеринар мамандарға хабарлау.

Халық даналығында айтылғандай, «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде». Құтыру – емі жоқ қауіпті дерт, бірақ оның алдын алуға болады. Дәрігерлер дер кезінде вакцина алып, қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Әр адамның денсаулығы – өз қолында!

Толығырақ: https://www.youtube.com/live/NU9aMq-U08I?si=CsTdxL2js1xVjtLE

Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Яндекс.Погода
x

Check Also

В Шымкенте прошла акция «Таза аула»: участие приняли более 55 тысяч человек

18 апреля 2026 года в городе Шымкент в рамках республиканской экологической программы «Таза Қазақстан» прошёл масштабный общегородской день чистоты. Акция ...

Шымкент қаласында «Таза аула» акциясы: 55 мыңнан астам адам тазалық жұмыстарына қатысты

2026 жылғы 18 сәуірде Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында кең ауқымды жалпықалалық тазалық күні өтті. «Таза аула» ...