«Дені сау ұлт» — мемлекетіміздің келешегі

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаят түркі әлемінің бесігі, рухани астанасы Түркістан шахарына барып, тұрғындарға есеп беру мақсатында кездесу өткізді.

Онда Ажар Ғиният Денсаулық сақтау министрлігінің өңірлермен бірге жүргізіп жатқан жұмысы және Мемлекет басшысының денсаулық сақтау саласының алдына қойған міндеттерінің орындалу барысы туралы баяндады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы іске асырылып жатыр. Ұлттық жоба аясында медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру, санитариялық-эпидемиологиялық қызметті жаңғырту, медицина және фармацевтика өнеркәсібін дамыту бойынша жұмыстар жалғасуда.

Пациенттердің құқықтарын қорғау және медицина қызметкерлерін сақтандыру, олардың мәртебесін арттыру бойынша заң жобасын қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2021 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысында нәрестелердің тууының оң динамикасы (5%-ға өсу) (2020 ж. – 29,72; 2021 ж. – 31,22) байқалады. Сонымен қатар қаңайналым жүйесінің ауруларынан өлім-жітім көрсеткіштері төмендеді. 

«Мемлекет басшысы елдегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді. Соның аясында ҚР “Биологиялық қауіпсіздік туралы” заңы қабылданды. Заңның негізгі мақсаты – бұл биологиялық қауіптерді ерте анықтау, алдын алу. Сонымен қатар денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені ескере отырып, коронавирус инфекциясының таралуын болжау матрицасы қайта қаралды», — деді денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Бүгінде коронавирус инфекциясынан қорғанудың жалғыз жолы – вакциналау және ревакцинация. Эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында халықты вакциналаумен қамту үшін тиісті шаралар қабылданды. Қазіргі уақытта Түркістан облысында тәулігіне орта есеппен 11 мың адам вакцина алды. Бүгінде вакцина алуы керек азаматтардың ішінде 1 млн 286 мың адам (97,9%) екпе алды.

Денсаулық сақтау жүйесіндегі негізгі буын – алғашқы медициналық-санитариялық көмек, бұл халыққа көрсетілетін барлық медициналық көмекті үйлестіруге арналған қызмет. Түркістан облысында алғашқы медициналық-санитариялық көмектің 722 объектісі жұмыс істейді. 2021 жылы министрлік елдегі денсаулық сақтау объектілеріне түгендеу жүргізді. Республика бойынша 2025 жылға дейін 500 алғашқы медициналық-санитариялық көмек объектісін салу жоспарланып отыр, оның ішінде Шымкент қаласында 142 амбулаториялық-емханалық объектінің салынуы мен ашылуы жоспарланған. Биыл 4 фельдшерлік пункт, Ордабасы ауданында 3 объект, Төлеби ауданында 1 объект салынып жатыр. 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес алғашқы медициналық көмекті ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарау үшін оны барынша мобильді және халықтың қалың тобына, оның ішінде ауыл тұрғындарына қолжетімділігін жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді.

Халықтың сұрауы бойынша амбулаториялық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек көрсету қағидалары бекітілді, осының негізінде Түркістан облысының халқы жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз консультациялық-диагностикалық қызметтер ала алады. Сондай-ақ онкологиялық және гематологиялық ауруларға күдік болған кезде зерттеп-қарауды және емдеуді жеделдету үшін «Жасыл жол» қағидаты енгізілді, оның аясында онкологиялық ауруға күдікті пациенттерге 18 жұмыс күні ішінде консультация беріледі және зерттеп-қаралады (зертханалық зерттеулер, УДЗ, рентген, ЭКГ, КТ, МРТ, сондай-ақ эндоскопия). 

Сонымен қатар денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативін жетілдіру бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр. 

Медициналық-санитариялық алғашқы көмекті қаржыландыру үлесін денсаулық сақтауды қаржыландырудың жалпы көлемінің 60%-на дейін жеткізу бойынша жұмыс жалғасуда, ол биыл 55%-ды құрады. 

Амбулаториялық хирургия одан әрі дамиды, биыл көрсетілетін қызметтердің көлемін 1,7 есе (нақты 2021 ж. – 146 835 қызмет; 2022 ж. жоспар – 252 708 қызмет) ұлғайту көзделген. Сонымен бірге амбулаториялық оңалтудың III кезеңін дамыту бойынша шаралар қабылданып жатыр.

«Мектеп медицинасын жетілдіру аясында жаңа стандарт енгізілетін болады, бұл оқушыларды профилактикалық қарап-тексеру тәсілдерін жүйеге келтіруге және асқазан-ішек трактісі, тірек-қимыл аппараты, көру және тағы басқа ауруларды ерте анықтауды күшейтуге мүмкіндік береді», — деді Ажар Ғиният.

Сондай-ақ консультациялық-диагностикалық қызметтер 1,5 есеге ұлғайтылды, бұл ауруларды ерте диагностикалаудың қолжетімділігін арттыруға және халықтың денсаулық сақтауға жеке шығыстарын төмендетуге мүмкіндік береді. Дәрілік заттарға қол жеткізуді арттыру мақсатында амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету тізбесін кеңейту мен қайта қарау жұмысы жалғасатын болады. 

Әрі қарай денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өңірдің денсаулық сақтау саласындағы проблемалық мәселелеріне тоқталды.

«Өңірдің жекелеген медициналық ұйымдарында (Сарыағаш орталық аудандық ауруханасы, облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы, Түркістан қалалық емханасы) пациенттерге клиникалық хаттамаларға сәйкес келмейтін медициналық көмек көрсету жағдайлары анықталды, бұл пациенттердің жағдайының ауырлауына әкелді», — деді ол.

Бүгінгі таңда Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Түркістан облысы департаменті ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырып, жеке және лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Осыған байланысты министр Түркістан облысының Қоғамдық денсаулық басқармасына тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетуді ерекше бақылауға алуды тапсырды.