Бұл сұрақ талай адамның көкейінде жүргені анық. Орыстар өздерінің, біз өзіміздің палуанымызды жеңді деп ойлаймыз. Сөз жоқ екеуі де мықты. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Қапсағай денелі азаматтардың өздеріне лайық тұлғалары мен батырға тән мінездері болған.
Енді жоғарыдағы сұрақтың жауабына келейік. Қажымұқан жайлы кеңестік заманда кино түсірілді. Дәлірек айтсақ, 1985 жылы «Знай наших!» деген атпен жарық көрген киноға Бақытжан Есжанов, Георгия Мартиросян, Александр Панкратов-Чёрный қатысқан. Осы киноның мазмұнына мән берсек, бір жиында Қажымұқан мен Поддубный күреседі. Екі алыптың белдесуінде Поддубный Қажымұқанды көтеріп көкірегіне қойып, өзінің мойнын қайыра басын тіреп шалқалап жатады. Мұндай әдісті әдетте палуандар қарсыласы қапсыра құшақтап, екі иығын жерге тигізгелі жатқанда қолданады. Кинода үстіндегісі жеңді (победил тот кто сверху) деп айтылады. Ал, үстінде біздің Қажымұқан атамыздың болғанын анық көрсетеді.
Кеңестік заманның қылышынан қан тамып тұрған сәтте, Қажымұқанды жеңді деп дәлелсіз айтпаған шығар. Үстіндегісі жеңді деп астарлап жеткізілген шындықтың астарында сіз бен біз білмейтін әлі талай ақиқат болуы мүмкін.
Белдескенде қарсыласының барлығын алып ұрып жыққан да, ырқына көнбеген жапонның бас терісін сыпырған да осы Қажымұқан бабамыз.
Бұл оқиға былай болған. 1912 жылы Қытайдың Харбин қаласында күрестен әлем чемпионаты өтеді. Балуандардың бәсіне біздің Қажымұқан бабамыз бен оның досы Поддубный да қатысқан. Ресейдің атынан шығып тұрған бұл екеуі қарсыласының барлығын жеңеді. Бас жүлде де Қажымұқан мен Поддубныйға тең бөлініпті. Бірақ, ұйымдастырушылар құйтырғы әрекет жасап, атақты Саракикиді жапон күресі бойынша жыққан адамды жеңімпаз деп танитындықтарын айтады. Сонымен, Қажымұқан атамыз Жапонияның чемпионы, джиу-джитсуды жетік меңгерген, жапон күресі бойынша қарсыласының барлығын жеңген Саракикимен белдеседі. Кейбір деректерде қос алыптың айқасын «Смертельная схватка» (Өлім айқасы) деп те атаушылық бар. Себебі, күрес кезінде жеңіс үшін түрлі әдістерді жасап, бір-бірін өлтіріп алса, кешірім жасау қарастырылған көрінеді. Қажымұқанды қайтсем жығам деген Саракики жапон күресінің әдістеріне салып, қол-аяғын қайырып ауыртпақ та болыпты. Екеуі ұзақ белдескен. Саракики мысықша ұмтылып, Қажымұқанның құлағын жаралап, ернін қанатып, денесін қан-жоса етіп тырналап тастапты. Қажымұқан ақыры болмаған соң Саракикиді төбесінен асыра лақтырып, үстіңгі ернінен ұстап, бас терісін сыпырып алғанға ұқсайды.
Жапондар Саракикидің өлімін әртүрлі етіп көрсетеді. Бір деректерде оны жынданып өлді десе, енді біреулері жүрек талмасынан көз жұмды дегенді айтады. Қажымұқан мен Саракикидің арасында «Өлім айқасы» болғаны ақиқат. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Екі мықтының айқасында Қажымұқанның жеңгені шындық.
Енді біздің киногерлер ұрпаққа үлгі болатындай Қажымұқан жайлы кино түсірсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Азиз Жұмаділдаұлы Батырбеков
«Жалағаш жаршысы» газеті (02.02.2019ж)