Ине-жіпті серік еткен ісмер қыз — Xnews — ақпарат агенттігі

Ине-жіпті серік еткен ісмер қыз

Шымкентте жастардың шығармашылығын шыңдап, жаңа дүниеге қадам басуына мүмкіндік беретін Креативті хаб жұмыс істейді. Мұнда жастар өз қиялындағы бұйымдарды жасап қана қоймай, түрлі өнердің қыр-сырын меңгере алады.

Кезекті іс-шараның бірінде тігін машинасының алдында өз жұмысына бар ықыласымен кірісіп отырған кішкентай қыз көзіме түсті. Қолының ебі де, ісіне деген ұқыптылығы да бірден байқалады. Жанына жақындап, тілдесе келе, оның 12 жастағы Айдана Сәрсенбаева екенін білдім. Ол алты жасынан бастап тігін тігумен айналысады екен.

Жас шебер бұл өнерді арнайы үйірмеден емес, ең алдымен анасының жанында жүріп үйренген. Бала күнінен оның әр қимылына қарап, қолына ине-жіп алып, біртіндеп тігін тігуді меңгере бастады. Уақыт өте келе Айдананың қол еңбегі сүйікті ісіне айналды.

– Басында қолөнерге жай ғана қызығып қарайтынмын. Кейін қолымдағы шүберекке жан бітіріп, өзім тігіп көрген сайын оған деген ықыласым арта түсті. Бір үзім матаның біртіндеп әдемі киімге айналғанын көру маған ерекше әсер қалдырды. Өз қолымнан шыққан бұйымды көргенде еңбегімнің нәтижесін сезінемін. Күн сайын жаңа нәрсе үйреніп, өз шеберлігімді шыңдауға тырысамын, – деді ісмер қыз.

Уақыт өте келе жас шебер ине-жіпті ептеп, тігінге әбден төселіп, өздігінен түрлі қолөнер бұйымдарын жасай бастады. Ең алғаш жастық тігіп көрген ол кейін сәндік бұйымдар салатын қалташа дайындап, біртіндеп басқа да дүниелерге қолын сынай бастаған. Айдананың іске ебі бар екенін байқаған анасы да оның әр бастамасына қолдау көрсетіп келеді.

– Өзім жас кезінен тігіншілікпен айналысып келемін. Айдананы бала кезде үйде тастайтын ешкім болмағандықтан,өзіммен бірге жұмысқа ертіп келетін едім. Жанымда жүріп қалай жұмыс істейтінімді көріп өсті. Басында тек қарап отырса, біртіндеп өзі де қызығып, қолғабыс ете бастады. Бір дүниені көрсе, үйреніп алмайынша тоқтамайды. Қолына түскен затты кәдеге жаратып, өз бетінше әдемі бұйымдарды жасап шығаратын еді. Анасы ретінде қолымнан келгенше еркіндік беруге тырысамын. Өзіне ұнайтын ісін тапса, соған ынтамен кірісіп, соңына дейін жеткізгенін қалаймын, – дейді Айдананың анасы.

Айжан Тағайқызы Креатив хабта тігінші болып бірнеше жылдар бойы істеп келе жатыр. Сонымен қатар, мұнда қала жастарына тігін тігуді үйретіп, қолөнерге қызығатындарға өз тәжірибесімен бөліседі. Ал жас қолөнерші мектептен кейінгі уақытын осында өткізетінін айтты. Сабақтан қолы босай салысымен анасына келіп, тапсырыстардың жайын біліп, өзіне таныс жұмыстарға бірден кірісіп кетеді екен. Бірде моншақтарды тізумен айналысса, енді бірде матаға қол созады. Кейіпкеріміздің жасаған бұйымдарына қызығушылық танытқандар да бар. Қазіргі таңда шашқа арналған әшекей, сәукеле пішініндегі қобдиша мен көрпешеге тапсырыс қабылдайды. Әрқайсысын жасау барысында ол тек бұйым тігуді емес, ұқыптылықты, шыдамдылықты және бастаған істі соңына дейін жеткізуді үйреніп келеді. Осылайша, қолөнерді жай ғана ермек ретінде емес, еңбегіңді бағалауға болатын іс ретінде тануға мүмкіндік беріп отыр.

– Креатив хабқа әртүрлі жастағы жастар келеді. Маған олармен қосылып жұмыс істеген ұнайды. Бірі тігінге қызықса, енді бірі қолөнер бұйымдарын жасап көргісі келеді. Бірге отырып жұмыс істегенде уақыттың қалай өтіп кеткенін байқамай қаламын. Өзім де жаңа идеялар ойлап тауып, дереу жүзеге асыруға тырысамын. Болашақта қолөнерді одан әрі дамытып, өзіме ұнайтын жаңа нәрсе жасағым келеді,– дейді ол.

Балаға кәсіпті танып қана қоймай, оны байқап, өз қолымен жасап көруге мүмкіндік беру маңызды. Бүгін қолына ине мен жіп ұстаған бала ертең басқа жолды таңдауы мүмкін. Бірақ кішкентайынан еңбекке араласып, бір істі меңгергені оның өмірлік тәжірибесіне айналады.

Айдананың болашаққа деген алғашқы қадамын осылай бастады. Анасының жанында жүріп үйренгені бүгінде өз қолымен бұйым жасауға ұласып отыр. Қолынан іс келетін бала ең алдымен өзіне сенуді үйренеді. Ал өзіне сенген бала қай жолды таңдаса да, қоғамнан өз орнын уақытында табады.

Айдана МҰХТАРОВА,
“Шымкент келбеті” газеті

x

Check Also

Көкпар көрігі қызған Шымкент

Шымкентте ұлттық спорттың мерейін асқақтатқан дүбірлі дода. Қалада белгілі азамат Шәмшидин Жарқынбекұлының 75 жылдық мерейтойына арналған республикалық көкпар турнирі өтіп ...

Малдың теміржолға шығуына жол бермеңіздер!

Ауыл шаруашылығы малдарының теміржол жолдарына шығуы пойыздар қозғалысының қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Бұл малдың қырылуына, пойыздардың шұғыл тежелуіне және қозғалыс кестесінің ...