Той төрінен көрінген төл мұра — Xnews — ақпарат агенттігі

Той төрінен көрінген төл мұра

Қазақ үшін тазы – жеті қазынаның бірі, саятшылық өнердің ажырамас серігі. Бүгінде атадан қалған осы мұраны дәріптеудің заманауи үлгілері қалыптасып келеді. Соның бірі – тойларға тазыны алып шығу.

Шымкенттік тазы асыраушы Спандияр Қосыбай бұл іспен 2020 жылдан бері айналысып келеді. Оның айтуынша, алғашында көпшілік тазының дене бітіміне таңырқап, «Неге арық?» деп сұрайтын. Уақыт өте келе халық та үйреніп, қызығушылығы арта түскен.

-Тек тазы емес, қыран бүркітті де бірге алып шығамыз. Қазір тойларда тазыны көргендер суретке түсіп, қызығушылық танытады. Әсіресе шетелдік қонақтардың ықыласы ерекше», – дейді Спандияр Қосыбай.

Оның айтуынша, тазыны тойға шығару сән үшін ғана емес, ұлттық құндылықты насихаттау мақсатында қолға алынған. Өскелең ұрпақ тазыны көріп, оның қазақ мәдениетіндегі орнын біліп өсуі керек деп санайды тазы асыраушы.

-Сән үшін де бар, оны жасыратын ештеңесі жоқ. Бірақ басты мақсатымыз – жеті қазынаның бірі саналатын тазыны халыққа таныту. Балалардың көзі үйреніп, танып-біліп жүрсе дейміз», – дейді ол.

Спандиярдың үш түрлі тазысы бар. Бірі – шапшаңдығымен ерекшеленіп, жарысқа бейім болса, екіншісі иіс сезу қабілетімен мықты. Ал үшіншісінің тұмсығы жалпақтау болып, аңға түскенде тістегенін жібермейді.

Тазыны баптау да үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Оның тамағы уақытылы беріліп, үнемі қозғалыста болуы керек. Ұзақ уақыт байлауда тұрған тазы аяқтан қалып, жүйріктігін жоғалтуы мүмкін.

Бүгінде Спандиярдың тазысы сүндет тойлардан бөлек, чемпиондар мен шетелдік қонақтарды, түрлі ресми тұлғаларды қарсы алу шараларында да көпшілік назарына ұсынылады. Тазыны көпшілікке таныту арқылы ол ұлттық мұраны дәріптеп, оның кейінгі ұрпаққа жалғасуына үлес қосып келеді.

Қазақтың тазысы мен төбеті күні – халқымыздың ғасырлар бойы сақталған осы құндылығын ұлықтауға себеп. Ал тазының той төрінен орын алуы – ұлттық мұраның кеңінен насихатталып келе жатқанының көрінісі.

x

Check Also

«Startup Orda»: Идеяны жобаға айналдыратын мүмкіндік

Қаламызда идеяны шындыққа айналдыруға мүмкіндік беретін жоба басталды. Shymkent Hub ұйымдастырып отырған «Startup Orda» бағдарламасы биыл екінші рет өткізіліп отыр. ...

Язык — путь к единству и основа порядка

В городской универсальной библиотеке имени А. Пушкина города Шымкента в рамках Дня языков народа Казахстана и в соответствии с принципом ...