Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттерінің басшылары Бұхарадағы Ахуалдық орталыққа барды
Президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Бұхара облысының жаңа Ахуалдық орталығының қызметімен танысты. Онда тәулік бойы өңірдегі ахуалға, соның ішінде инфрақұрылым жағдайына, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, көлік жүйесіне, қауіпсіздік қызметіне және табиғи процестерге бақылау жүргізіледі.
Ахуалдық орталық төтенше оқиғалар кезінде шұғыл қызметтердің іс-қимылын үйлестіріп, ықтимал сын-қатерлерге тосқауыл қою үшін жағдайдың өрбуін модельдеуді жүзеге асырады.
Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірқатар тарихи құжатты тапсырды
Бұхарадағы бейресми кездесу барысында Өзбекстан Президенті Мемлекет басшысына архив материалдарын табыстады.
Атап айтқанда, Қазақстан тарапына Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи және Рәбия Сұлтан бегім кесенелеріне қатысты 1920-1950 жылдары Өзбекстанда табылған құнды құжаттар, сызбалар және фотосуреттер берілді. Бұл құжаттардың көбі бүгінге дейін ғылыми айналымға түспеген және тарихи-мәдени құндылығы зор.
Қазақстан мен Өзбекстан президенттері жасанды интеллект хакатонына барды
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Бұхарада Жасанды интеллект бойынша өтіп жатқан жалпыұлттық хакатонды тамашалады.
Мемлекеттер басшыларына бұл сайыс ІТ және жасанды интеллект салаларын меңгерген талантты жастарды тауып, оларға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылғаны баяндалды.
Хакатон білім беру мекемелері, бизнес және мемлекеттік құрылымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізеді. Хакатонға қатысушылар медицина, білім беру технологиялары, сондай-ақ кәсіпкерлік бағыттарындағы нақты міндеттердің түйінін тарқатумен айналысады.
Өңірлік жарысқа мыңнан астам жас маман, студенттер мен бағдарлама әзірлеушілер қатысты.
Президенттерге Govtech Өзбекстан цифрлық үкіметінің соңғы әзірлемелері, көлік, кеден, салық, энергетика, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, құрылыс, өнеркәсіп салаларындағы цифрлық шешімдер таныстырылды.
Қазақстан мен Өзбекстан президенттері MERGANTEKS кәсіпорнына барды
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев MERGANTEKS мақта-мата кластерінің қызметімен танысты. Мұнда шикізатты өңдеуден бастап, одан дайын текстиль өнімдерін шығаруға дейінгі толық өндіріс циклі жолға қойылған.
Президенттерге кәсіпорын өндіріс тиімділігі мен халықаралық сапа стандартын қамтамасыз ететін заманауи жоғары технологиялық құрылғылармен жабдықталғаны жөнінде баяндалды.
Кластердің өндірістік құрылымына мақта зауыты, екі жіп иіру фабрикасы, тоқыма және бояу цехтары, тігін фабрикасы кіреді. Өнім Польша, Түркия, Израиль, Босния және Герцеговина, Иран, сондай-ақ басқа да мемлекеттерге жеткізіледі.
Қазақстан мен Өзбекстан президенттері Бұхараның тарихи орындарын аралап көрді
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев IV-III ғасырларда бой көтерген Арк қамалын тамашалады. Көне нысан сан рет қирағанымен қайта қалпына келтірілген. Қазіргі уақытта бекініс аумағында Бұхара мемлекеттік музей-қорығы орналасқан.
Бұдан кейін мемлекеттер басшылары Бұхарадағы танымал орындардың бірі «Ляби-хауз» кешеніне барды. Мұнда XVII ғасырда салынған Нәдір Диуан-Бегі медресесі мен ханакасы, XVI ғасырда іргетасы қаланған Көкілташ медресесі секілді әйгілі сәулет ескерткіштерін көре аласыз.
Қазақстан мен Өзбекстан көшбасшылары XII-XVI ғасырларда салынған Калян мұнарасы мен мешіті, Мири Араб медресесі секілді үш ғимараттан тұратын «Пои-Калян» тарихи кешенінде болды.
Бұхара ғасырлар бойы Орталық Азиядағы негізгі рухани ілім орталықтарының бірі болғаны белгілі.
Жергілікті медреселерде қазақтың Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Нұржан Наушабаев, Шортанбай Қанайұлы және басқа да көрнекті қайраткерлері білім нәрімен сусындаған. Олардың есімдері екі ел тарихына ортақ.
Бұдан бөлек, мемлекеттер басшыларына Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының музей-құжырасы таныстырылды. Президенттер Бұхарада оқыған қазақ зиялылары туралы көрмені аралап көрді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға жұмыс сапары аяқталды
Мемлекет басшысын Бұхара қаласының әуежайынан Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев шығарып салды.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
