Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында креативті индустрияны экономиканы өркендететін, халықты жұмыспен қамтуға ықпал ететін бағыт ретінде атап көрсеткен еді. Кейінгі жылдары елімізде бұл салаға ерекше көңіл бөлініп келеді.
«Қазіргі заманда азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйейтін «креативті өндіріс» салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі саналады. Бұл аз десеңіз, креативті экономика дарынды әрі шығармашыл адамдарды өзіне тартатын ірі қалалардың дамуына ықпал етуші күшке айналды. Қазақстанда бұл сала әлі дамымаған. Креативті индустрияның ішкі жалпы өнімдегі үлесі бір пайызға да жетпейді, жұмыспен қамту саласындағы үлесі өте төмен. Дегенмен дарынымен бүкіл әлемді мойындатып жүрген отандастарымыз аз емес. Біз елімізде креативті экономиканың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасауымыз керек. Соның ішінде зияткерлік меншікті қорғайтын құқықтық тәсілдер қажет. Бұл – өте маңызды мәселе», деген еді Қ.Тоқаев.
Қазақстанда креативті экономика саласы қарқынды дамып келеді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, креативті өнімдер мен қызметтер бағытында тіркелген субъектілер саны 17%-ға артып, 46 667 кәсіпорынды құрады. Бұл өсімге салық жеңілдіктері, инфрақұрылымдық қолдау, халықаралық тағылымдамалар мен білім беру бағдарламалары елеулі үлес қосып отыр. Қазақстан Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (WIPO) рейтингінде «креативті өнімдер мен қызметтер» көрсеткіші бойынша 93-орыннан 65-орынға, ал кинематография саласында 60-орыннан 31-орынға көтерілді. Креативті индустрияны дамыту мақсатында 2025 жылдың екінші жартысында Корпоративтік креативті индустрияны қолдау қоры іске қосылады. Қор төрт негізгі бағыт бойынша жұмыс істейтін болады: таланттарды анықтау және акселерациялау, жобаларға инвесторлар тарту, инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ отандық креативті өнімдерді халықаралық нарыққа шығару. 2024 жылдан бастап 40 креативті экономикалық қызмет түріне арнайы салық режимі енгізілді. Бұл шара аталған саладағы кәсіпкерлік субъектілерінің санын арттыруға оң ықпал етті.
Шымкент қаласындағы креативті экономиканың дамуы
Креативті экономиканың жалпыұлттық өсіміне Шымкент қаласы да өзіндік үлес қосып келеді. 2023 жылы қалада креативті индустрия саласында 2 523 кәсіпкерлік субъект тіркелген. Оның ішінде 489 – заңды тұлға, 2 034 – жеке кәсіпкер. Бұл жалпы тіркелген ШОБ субъектілерінің шамамен 1,99 пайызын құрайды. 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 2 320 кәсіпкерлік субъектіні құрап отыр. Қазіргі уақытта қалада 3 500-ден астам кәсіпкер креативті индустрия саласында жұмыс істейді. Бұл — шағын және орта бизнестің жалпы көлемінің 4,26 пайызын қамтиды.
Шымкентте креативті индустрияны дамыту мақсатында 3 жылдық кешенді жоспар қабылданды. Қалалық жоспар аясында 5 негізгі бағыт белгіленген:
• Кино және анимация
• Дизайн және сән
• IT және ойын индустриясы
• Музыка мен сахналық өнер
• Халықтық қолданбалы өнер
Бүгінде қалада 16 креативті орталық жұмыс істейді. Онда шығармашылық жандар мен стартаптар үшін акселерация бағдарламалары, өндірістік цехтар, оқыту курстары мен халықаралық тағылымдамалар ұйымдастырылған.
Мемлекет Басшысы жұмыс сапарымен шаһарымызға келгенде шырайлы Шымкент еліміз үшін өте маңызды қала, тарихы терең қастерлі мекен екенін атап өтті.
– Халқымыз Шымкентті «шырайлы шаһар» деп атайды. Расында бұл жердің ауа райы да, адамдары да өте керемет, ерекше деп айтуға болады. Қала тұрғындары – өте еңбекқор, таза, іскер азаматтар. Осы жерде отырған әр азаматтың еңбегі мол. Мен баршаңызға шын көңіліммен ризашылығымды білдіремін. Көне шаһар тоғыз жолдың торабында тұр. Ұлы Жібек жолы кезінде осы аймақтан өткені белгілі. Шымкентте ерте заманнан бері сауда-саттық өркен жайды, түрлі мәдениеттер мен дәстүрлердің ізі қалды. Бұл керуеннің көші әлі де үзілген жоқ. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі осы қаланы басып өтеді. Күре жолдың арқасында шаһардың стратегиялық маңызы арта түсті. Менің бірер жыл бұрын Шымкент халқымен кездескенім естеріңізде болар. Сол кезде айтқан сөзімді тағы да қайталап өткім келеді: «Береке дегеніміз – экономика, ал ынтымақ дегеніміз – саясат». Шын мәнінде, осы екі құндылық елімізді алға бастайды. Мұны Шымкенттің бүгінгі келбетіне қарап айтуға да болады. Шаһар жыл өткен сайын қарыштап дамып келеді. Көптеген өндіріс орындары ашылып жатыр. Менің тапсырмаммен бірнеше әлеуметтік нысан салынды. Атап айтқанда, Конгресс-холл, екі Оқушылар сарайы, 11 жайлы мектеп бой көтерді. Айтпақшы, Шымкенттің бір топ азаматы Конгресс-холды «Tulip Hall» деп атамай, бұл ғимаратқа «Қызғалдақ сарайы» немесе «Қызғалдақ» деген атауды беру жөнінде ұсыныс айтып жатыр. Меніңше, орынды пікір, келісуге болады. Олай болса, сарайдың атауы «Қызғалдақ» болсын. «Қызғалдақ сарайы» деген сәл ұзақтау екен. Былтыр қалада жалпы аумағы 1,3 миллион шаршы метр болатын тұрғын үй салынды. Металлургия, құрылыс саласы, азық-түлік өндірісі қарқынды дамып жатыр. Былтыр қала экономикасы 11 пайызға өсті. Шымкентте 300-ден астам инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде 9 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Тек былтырдың өзінде қалаға 770 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылған, – деген еді.
Мемлекет 2029 жылға дейін креативті индустрияның ЖІӨ-дегі үлесін 2%-ға дейін арттыруды, саланың экспорттық әлеуетін 115 млн АҚШ долларына жеткізуді және осы бағытта еңбек ететін мамандар санын 180 мың адамға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Шымкент қаласы бұл көрсеткіштерге қол жеткізуде белсенді өңірлердің бірі ретінде танылып келеді. Қаладағы кәсіпкерлердің шығармашылық әлеуеті мен креативті экономиканың даму қарқыны елдің осы саладағы стратегиялық мақсаттарына жетуге үлес қосуда.
Қорыта айтқанда, креативті индустрияны дамыту экономикаға тың серпін беретіні анық. Кейінгі жылдары қазақ тілінде контент жасаушылардың да, көрермендердің де артқанын ескерсек, бұл саланың мүмкіндігі мол. Құзыретті мекемелер аталған саланы заңнамалық тұрғыда нақтылауға күш салып жатыр, ендігі міндет – жұмысты жетесіне жеткізіп орындау.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
