Жанна Елтанованың әр орамалы қазақы нәзіктік пен сұлулықты сездіреді.
Жақында ұлттық нақыштағы өнімдерімен қазақтың жан-дүниесін түрлендіріп жүрген кәсіпкер Жанна Елтановамен тілдескен болатынбыз.
Жанна он екі жылдан бері осы кәсіппен айналысып келеді. Алғашында этно стильдегі орамалдар мен сөмкелер шығара бастаған ол қазір бұл қатарға шапан, алдағы уақытта аяқ киімді де қосу жоспарымен жүр. Біле білсеңіз, қазақтың шапанын, орамалын, сөмкесін күнделікті тұтынатын өнімге айналдыру дегеніңіз, ол – ұлттың киім мәдениетін жаңа сапаға көтеру.
Оның өнімдері талғампаз тұтынушының қолына сый-кәде ретінде, той-томалақтың сәні ретінде, ерекше тарту ретінде жол тартады екен. Жанна оларды базарға бермейді, өйткені әр бұйымының артында қолдың ғана емес, ойдың еңбегі, дарыны, талғамы жатыр. Оның қол астында еңбек етіп отырғандар да өз ісін сүйетін жандар екенін көрдік. Әр орамал ананың мейірімін, қазақы нәзіктік пен сұлулықты сездіреді. Оны тұтынушы ерекше құрметпен алады, сүйсініп сыйлайды.
Жаннаның бұл жолға келуі кездейсоқ емес. Анасы өмір бойы киім пішумен айналысқан, ал әкесі тоқыма өндірісінде еңбек еткен екен. Отбасының өнерге жақындығы, қолөнерге деген іңкәрлігі Жаннаның бойына бала кезден сіңген болса керек. Кейіпкеріміз экономист мамандығын оқығанымен, бұл салада бір күн де жұмыс істемеді. Өйткені, оның жүрек қалауы бұл емес еді.
Жанна кәсібін кішігірім шеберханадан бастады. Кейін өндірісті кеңейтуге шешім қабылдады. «Оңтүстік» индустриалды аймағынан арнайы жер алып, тігін цехын салуға кіріседі. 4-5 жылын осы жобаның толық іске қосуға арнайды. Бұл жолдағы қиындықтарға мойымаған ол бүгінде толыққанды өндіріс орнын қалыптастырып отыр.
Шеберханада 3 үлкен, 5 шағын тігін машинасы бар. Мұнда 6 қыз еңбек етіп, күн сайын 15-20 сөмке, 15-20 орамал тігеді. Былайша айтқанда, күн сайын ұлттық нақыштағы 30-40 туынды «дүние есігін ашады». Қарапайым ательеден ерекшелігі, бұл жерде бұйымдар бір данамен емес, стандартты өлшеммен сериялы түрде шығарылады.
Құрал-жабдықтарын Жанна Алматыдан сатып алған. Қытайдан немесе басқа елдерден арзан әрі көлемді түрде алуға болар еді. Бірақ, ол ел ішіндегі кәсіпкерлерді қолдауды жөн көрген.
«Станоктар бұзылса не қосалқы бөлшегі қажет болса күтіп отырмай, екі-үш күнде алмастырып, жұмысты жалғастыруға болады. Ал, шетелдік құралдардың күтімі мен логистикасы тым ұзақ. Оның үстіне біздің ақша өз елімізде қалсын» дейді ол.
Матаны Қытайдан да, жергілікті базарлардан мәселен, «Алаш» базарынан да алады. Бұйымдарға қажетті барлық заттармен ішкі нарық арқылы жұмыс істеуді дұрыс көреді.
Бүгінде оның тігін орнында мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау да бар. Мәселен, «Даму» кәсіпкерлерді қолдау қоры арқылы кеңес пен қаржылай көмек алған. Коммуналдық төлемдердің 50 пайызын ғана төлейді, ал жер салығынан 10 жылға дейін босатылған. Бұл мерзім аяқталған соң, жерді толықтай сатып алу мүмкіндігі де қарастырылған.
Кәсіптің ауқымы кеңейіп келеді. Жанна енді тек орамал мен сөмкемен шектелмей, ұлттық киімдердің жаңа топтамасын әзірлеп жатыр. Жоғарыда айтып өткеніміздей, шапандар тігілуде. Алдағы уақытта аяқ киім шығару да жоспарланған.
Жаннаның арманы өзгеше. Отандық өнімді халықаралық деңгейге шығару емес, ол алдымен өз халқына ұлттық киімді жақсы көргізу, қазақтың орамалын, сөмкесін, шапанын ұялмай киетін күнге жеткізуді мақсат етеді. Яғни, бұл кәсіпте табыстан бұрын жүрек қалауы алдыңғы қатарда тұрады. Ал, біздіңше жүректен шыққан істің өркендемеуі әсте мүмкін емес.
Дереккөз: 17news.kz
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
