Конго-қырым геморрагиялық қызбасы – аса қауіпті, табиғи-ошақты, вирусты ауру. Инфекцияның негізгі көзі – вирусты трансмиссиялық түрде тарататын және сақтап, тасымалдаушы иксодты кенелер.
Вирустың уақытша резервуары жануарлар – ірі мүйізді мал, қой, ешкі. Бірақ оларда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының клиникалық белгілері болмайды. Жануарлар кене шағуы нәтижесінде ауру жұқтырады және қанында вирус жұқтырғаннан кейін шамамен бір апта бойы сақталады. Адамға трансмиссиялық, байланыстық және аэрогенді жолдармен беріледі.
Трансмиссиялық – кененің шағуы арқылы, байланыстық – жаншылған кенемен, вирус өткен жануарлардың қанымен немесе тінімен, конго-қырым геморрагиялық қызбасымен ауырған адаммен байланыс кезінде жұқтырады. Конго-қырым геморрагиялық қызбасының қоздырғышымен зертханада жұмыс жасағанда жұқпа аэрогендік жолмен берілуі мүмкін. Аурудың инкубациялық кезеңі 2 күннен 14 күнге дейін созылады. Ауру жедел, кейде кенеттен басталады. Негізгі белгілеріне теріге қан құйылу, қызыл иектен, мұрыннан, құлақтан, жатырдан, асқазаннан және ішектерден қан кетулері тән және дер кезінде медициналық көмекке жүгінбеген жағдайда өлімге әкелуі мүмкін. Аурудың алдын алудың негізгі мақсаттары адамдарды кене шағуынан сақтануы болып табылады.
Ауылшаруашылық малдарын және үй жануарларын қырқу барысында, кенелерді үстінен жинағанда, далалық және саяжай учаскелерінде жұмыс жасағанда кене шағуы мүмкін.
Кенелердің қауіптілігі – олар киімнің астына кіріп, адам терісіне байқатпай және ауырсынусыз жабысады. Адамға жабысқан кене бірден денеге қадалмайды, сондықтан дер кезінде оны алып тастаған жағдайда аурудың жұқтыруын алдын алуға болады. Кенелерді жалаң қолмен алып тастауға немесе жаншуға болмайтынын білу маңызды. Себебі Конго-қырым геморрагиялық қызбасының қоздырғышы шырышты қабаттар немесе терідегі зақымданулар арқылы енуі мүмкін. Денеге қадалған кенені мұқият алып тастау керек. Кенені пинцет қолдана отырып, теріге қадалған тұмсығын қалдырмауға тырысып, сағат тілімен ақырын шығарып алу қажет. Бұл қолға қолғаптар кию арқылы жүргізілуі тиіс. Кенені алып шыққан соң қолды сабындап жуып, ал шаққан жерді йодпен залалсыздандырады.
Әрбір адам өзін кене шағудан қорғау үшін келесі ережелерді сақтауы, атап айтқанда:
— кененің денеге жанасу мүмкіндігін азайтатындай киімдер кию;
— кенелерді жасқандыратын репелленттермен киімді пайдалану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес өңдеу;
— жабысқан кенелерді анықтау үшін өзіне және бір-біріне жиі (әрбір 10-15 минут сайын) бақылау жүргізу;
— тікелей шөпке отырмау және жатпау;
— табиғат аясынан келгеннен кейін киімді және денені толықтай қарап шығу;
— кене болу мүмкіндігін ескере отырып жаңадан жұлынған гүлдер мен сырт киімдерді бөлмеге әкелмеу;
— жануарларды союмен және етін бөлшектеумен айналысатын адам терісіне жануар қанының, тінінің және сұйықтығының байланысын болдырмайтын қорғаныштық қолғаптар мен киімдер пайдалануы қажет.
Кенелерден қорғану ережелерін сақтау және уақтылы медициналық көмекке жүгіну сізді аса қауіпті инфекцияның пайда болуы мүмкіндігінен сақтайды.
Сматұлла Ердос Әскерұлы,
SHYMKENT MEDICAL SERVICES емханасының салауатты өмір салты бойынша жауапты маманы