Түркістан қаласындағы «Конгресс-холл» кешенінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасы жанындағы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту комитетінің ұйымдастыруымен «1000 әйел – 1000 мүмкіндік» атты ұлттық конгресс өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен мыңға жуық кәсіпкер әйелдің басын қосқан ауқымды жиынның мақсаты – әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, іскерлік байланыстарды нығайту және жаңа мүмкіндіктерге жол ашу.
Конгрестің ресми бөлімін «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев ашты. Ол әйелдердің экономикадағы рөліне тоқталып, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру, шағын бизнесті ірі тапсырыс берушілермен байланыстыру және отандық кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін дамыту маңызды екенін атап өтті.
ҚР Құрылтайы төрағасының орынбасары, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева негізгі баяндама жасап, әсіресе ауылдық жерлердегі кәсіпкер әйелдердің мәселелеріне назар аударды. Оның айтуынша, кепілдік мүліктің жетіспеушілігі, несие алудағы қиындықтар, әкімшілік кедергілер мен өткізу нарықтарына қолжетімділіктің шектеулі болуы – бизнестің дамуына әсер ететін негізгі факторлар. Осыған байланысты ол әйелдер кәсіпкерлігін қолдаудың нақты тетіктерін қамтитын кешенді тұжырымдама әзірлеу қажеттігін ұсынды.
Ал «Атамекен» ҰКП Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту комитетінің төрайымы Лейла Күленова конгрестің еліміздегі әйелдер ұйымдарын бір алаңға біріктіріп, ортақ бастамаларды талқылауға мүмкіндік бергенін айтты. Оның пікірінше, іскер әйелдердің күшін біріктіру тәжірибе алмасуға, жаңа жобаларды жүзеге асыруға және кәсіпкерлік қоғамдастықтың әлеуетін арттыруға жол ашады.
Түркістандық кәсіпкердің табыс тарихы
Конгрестің «Қазақстан әйелдерінің феномені» атты тақырыптық сессиясында еліміздің әр өңірінен келген табысты кәсіпкер әйелдер өз тәжірибелерімен бөлісті.
Солардың қатарында «Қуаныш» ЖШС директоры, Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының Түркістан облысы бойынша төрайымы, Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің мүшесі Инара Әбдіғаппарқызы Намазбаева да болды.
Инара Намазбаева өз сөзінде ұстаздықтан кәсіпкерлікке келген жолын, әке аманатын жалғастырып, 2018 жылдан бері басқарып келе жатқан «Қуаныш» базарының даму тарихын баяндады.
Бүгінде 1962 жылдан бері тарихы бар базарда екі мыңнан астам кәсіпкер еңбек етеді. Спикер кәсіпкерлік тек табыс табу емес, ең алдымен адамдарға мүмкіндік беру, олардың тұрмысын жақсартуға үлес қосу екенін атап өтті.
«Мен үшін бұл жай ғана қызмет емес еді. Бұл – әкемнің аманаты. Осы жерде бір шындықты түсіндім: экономика тек сандар мен көрсеткіштер емес. Экономика – адамдардың тағдыры, ананың баласына тапқан наны, кәсіпкердің ертеңгі күнге деген сенімі», – деді Инара Намазбаева.
Ол әйел кәсіпкердің жетістігі тек жеке табысымен өлшенбейтінін, оның айналасындағы өзге әйелдерге де жол ашып, қолдау көрсете білуінде екенін жеткізді. Сондай-ақ, әйелдердің бірлігі мен өзара қолдауы қоғамның дамуына ықпал ететінін айтты.
Сессия барысында Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Алматы және басқа өңірлерден келген кәсіпкер әйелдер де өздерінің бизнеске келу жолдары, өндірісті дамыту, жұмыс орындарын ашу, экспортқа шығу және ауылдағы әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Әйелдер кәсіпкерлігіне жаңа мүмкіндіктер
Конгресс бағдарламасы әйелдер көшбасшылығы, өңірлік кәсіпкерлік, жеке бренд қалыптастыру, бизнес пен білім беру байланысы, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект мүмкіндіктері тақырыптарын қамтыды. Сонымен қатар «Өңір әйелдері», «Бір ауыл – бір өнім» және басқа да тақырыптық сессияларда өзекті мәселелер талқыланды.
Жиын аясында кәсіпкер әйелдер арасында тәжірибе алмасу, жаңа іскерлік байланыстар орнату және бірлескен жобаларды дамытуға қатысты ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ, ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар кәсіпкер әйел «Адал еңбегі үшін» II дәрежелі медалімен марапатталды.
«1000 әйел – 1000 мүмкіндік» ұлттық конгресі әйелдер кәсіпкерлігінің әлеуетін танытып қана қоймай, өңірлердегі іскер әйелдердің басын қосқан маңызды алаңға айналды. Түркістанда өткен басқосу кәсіпкер әйелдердің жаңа бастамаларына серпін беріп, ортақ мақсат жолында күш біріктірудің маңызын тағы бір мәрте көрсетті.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары