Түркістан қаласында өндірістік әлеуетті арттыру, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бекзат мөлтек ауданында 20 гектар аумақта өндірістік парк құрылысы жүргізілуде. Жоба аясында жалпы саны 26 дайын өндірістік ғимарат салу жоспарланған.
Қазіргі таңда өндірістік парк аумағында жалпы инвестиция көлемі 10,1 млрд теңгені құрайтын, 530 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 5 инвестициялық жобаны орналастыру бойынша келісімшарттар жасалған.
Атап айтқанда, «Alinar Group» ЖШС құрылыс панельдерін, «Sensemi Company» ЖШС газ, су және электр есептеуіш құрылғыларын, «AzMur u K» ЖШС бөлмеаралық және темір есіктерді, ал «EuroTrubPro» ЖШС пластикалық құбырлар мен тамшылатып суару жүйелерін өндіруді жоспарлап отыр.
Бүгінде аталған кәсіпорындарда құрылыс, ішкі монтаждау және өндірістік жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізілуде. Бірқатар кәсіпорында қажетті құрал-жабдықтар жеткізіліп, өндірісті іске қосуға дайындық жұмыстарының соңғы кезеңі атқарылуда.
Бұл мәселе қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен мәжілісте қаралды.
Қала әкімі өндірістік парктерді іске қосу жұмыстарын жандандыруды, инвестициялық жобалардың белгіленген мерзімде жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар, инвесторлармен жұмысты күшейтіп, туындаған мәселелерді жедел шешу, өндірістік нысандардың инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуін бақылауда ұстау жөнінде жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары