Ақын Нұрхан Сәменбет поэзиясының көркемдік әлемі — Xnews — ақпарат агенттігі

Ақын Нұрхан Сәменбет поэзиясының көркемдік әлемі

Қазіргі қазақ поэзиясында ұлттық таным мен жеке авторлық дүниетанымды, сезім мен рухани ізденісті сабақтастыра бейнелеу маңызды үрдістердің бірі. Поэзияның көркемдік табиғаты тақырыппен ғана емес, оны образдар жүйесі, тілдік құралдар мен ырғақтық құрылым арқылы жеткізуімен де айқындалады. Осы тұрғыдан алғанда, ақын Нұрхан Сәменбет шығармашылығының көркемдік әлемін зерделеу оның өзіндік қолтаңбасын тануға мүмкіндік береді. Ақын өлеңдерінде ұлттық дүниетаным, адам болмысы, туған жер, руханият пен сезім табиғаты көрініс табады.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын әрі журналист Нұрхан Сұлтанбайұлы Сәменбеттің өлеңдері Қытайдағы қазақ тілді мерзімді басылымдарда жарияланып, әдеби орта тарапынан оң бағасын алған. Бірқатар шығармалары «Үкілі ырғай» жинағына енген. Атажұртқа келгеннен кейін ақынның шығармашылық ізденістері кеңейіп, әдеби байқауларға белсенді қатыса бастады. Оның «Адасқақ» (2015), «Аралдағы жалғыз жан» (2016), «Ақ сүңгі» (2021), «Үкікөз» (2025), «Күн сәждесі» (2025) атты жыр жинақтары оқырманға жол тартты.

Нұрхан Сәменбет өлеңдерін тақырыптық тұрғыдан махаббат пен сұлулық, табиғат пен адам, уақыт пен ғұмыр, сағыныш пен өткен шақ, мұң мен үміт арнасына топтастыруға болады. Бұл тақырыптар ақын шығармашылығында өзара сабақтасып, психологиялық және философиялық мәнге ие болады.

«Ақ сүңгі» жинағындағы «Сүмбіле суға түскенде» өлеңінде табиғат құбылыстары арқылы уақыттың тоқтаусыз қозғалысы мен адам өмірінің өткіншілігі суреттеледі:

«Жаздың жұп-жұқа пердесі
Жамылшы болудан ба?
Таң салқыны тәніңді мұздатып,
Желемік желге айналып…»

Мұндағы «жаздың жұп-жұқа пердесі» – метафоралық қолданыс. Жаздың біртіндеп шегінуі «таң салқыны», «желемік жел» секілді табиғи белгілер арқылы бейнеленеді. Ақын мезгіл ауысуын суреттей отырып, тіршіліктің жаңаруы мен күрең тартуы тәрізді өмір заңдылықтарына ой жүгіртеді.

«Үкікөз» жинағындағы «Табиғатқа тамсанып» өлеңінде табиғат пен адамның ішкі сезімі тұтастықта беріледі:

«Махаббаттың айнасын кірлетпегін,
Кіршіксіз сонда шалқыр дүр көктемің».

«Махаббаттың айнасы» – тазалық пен мөлдірлікті, ал көктем – жаңару мен тіршіліктің бастауы екенін аңғартатын бейнелі тіркестер.

Ал, «Күздің соңғы күндері» өлеңінде күзгі табиғат уақыттың өтуі мен адам көңіліндегі мұңның поэтикалық баламасына айналады:

«Күздің соңғы күндері,
Жаз-Падиша,
Көзден бұлбұл –
Ұшқан болар,
Жарқын жүз…»

«Жаз-Падиша» тіркесі жаздың салтанатты, шуақты мезгіл екенін танытса, бұлбұлдың ұшуы мен жарқын жүздің жоғалуы табиғаттағы өзгерісті тереңдете түседі. Ақын күзді жанды бейнеге айналдырып:

«Сарыуайым-төсегін –
Салып алып,
Самарқау тартып,
Қарайды жай
Салқын күз», – дейді.

«Сарыуайым-төсек» метафорасы күзгі сарғыш реңкті мұң, жабырқау сезімдерімен астастырады.

Ақын поэзиясындағы маңызды көркемдік ерекшеліктің бірі – лирикалық кейіпкердің көңіл күйін табиғат құбылыстары арқылы таныту. «Махамынан жаңылған ба мақпал түн…» өлеңіндегі:

«Бұлт астында бұлқынады ақ таңым», – деген жолда «ақ таң» үміт пен жаңарудың белгісі ретінде көрінеді. Ал, бұлт астында бұлқынуы лирикалық кейіпкердің жан дүниесіндегі мазасыздықты аңғартады. «Құз, жартастың қабақтары түйіліп», «Бұлттың көзі жасаурап» деген тіркестерде кейіптеу тәсілі қолданылған. Осылайша, табиғат көрінісі адамның ішкі мұңымен астасады. Бұл – ақын поэзиясындағы психологиялық параллелизмнің көрінісі.

«Сұлулық бодауы» өлеңінде махаббат сезімінің қуанышы мен жан күйзелісі қатар бейнеленеді:

«Жанар таудай лапылдадым, өртендім,
Бір басымнан мың ғажайып күй кештім».

«Жанар таудай» теңеуі сезімнің күшін танытса, «лапылдау», «өртену» етістіктері махаббатты от стихиясымен байланыстырады. Өлеңдегі көкбөрі образы да ерекше мәнге ие. Түркілік дүниетанымдағы еркіндік пен дала рухының символы ақын шығармасында махаббат пен сағыныш әлемімен астасады. «Бұдан артық жоқ бақытым, жоқ шерім…» деген жолдарда бақыт пен шердің қатар берілуі сезімнің күрделі табиғатын ашады.

Ақынның «Кейде солай…» өлеңіндегі «Жеткізбеді-ау, желмаядай мезгілдер» деген жолда уақыт қозғалысы желмая бейнесі арқылы берілсе, «Жарқылдаған жас ғұмыр…» өлеңіндегі:

«Құмдай сырғып бұл ғұмыр,
Білсін қайдан өтерін!» – деген жолдар өмірдің өткіншілігін танытады.

Қорыта айтқанда, Нұрхан Сәменбет поэзиясының көркемдік әлемі ұлттық дүниетаным, сыршыл лиризм мен бейнелі тілдің тұтастығымен ерекшеленеді. Ақын қарапайым құбылыстарға тосын мағына беріп, оларға терең философиялық мән дарытады. Ұлттық таным мен көркемдік ойлаудың сабақтастығы, қазақы болмысқа тән ұғымдар мен құнарлы тіл оның авторлық қолтаңбасын айқындайды.

Әділова Шара Дәуітқызы,
филология ғылымдарының кандидаты

x

Check Also

Шымкент қаласында Республика күніне орай республикалық Republic Day және Bereke Fest акциялары өтеді

Республика күні қарсаңында Шымкент қаласында  2026 жылғы 17 қазаннан 27 қазанға дейін қоса алғанда «Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық ...

В Туркестанской области пройдут республиканские акции «Republic Day» и «Bereke Fest»

В преддверии Дня Республики в Туркестанской области с 17 по 27 октября 2026 года пройдут республиканские акции «Republic Day» и ...