«Білім күні» мерекесінде түркістандық оқушылар және педагогтар үшін жағымды жаңалықпен басталды. Мереке күні қаладағы Қазыбек би атындағы №14 жалпы білім беретін мектептің оқушылары пен ұстаздары жаңа мектеп ғимаратына ие болды. 540 оқушыға арналып салынған мектеп ғимаратының ашылуына қала әкімі Ә.Пазылбекұлы мен бірқатар құрметті қонақтар қатысып, ұстаздардың қуанышымен ортақтасты.
Мектептің алғашқы ғимараты 2000 жылы «Асар» әдісімен салынып, пайдалануға берілген. Уақыт өте оқушы санының артуына байланысты білім беру ісінде қиындық тудырған мектептің жағдайы бірнеше жылдардан бері көтеріліп келген еді. Бір қабатты мектепте білім берумен қатар қосымша шаралар ұйымдастырып өткізу де қиындық тудыратын. Ал, заманауи талаптарға сай салынған жаңа білім ордасында оқушылар оқу жылын кең, жарық әрі барлық қажетті жағдай жасалған жаңа ғимаратта бастап отыр.
Жаңа ғимаратта химия, биология және физика кабинеттері, АКТ залы, кітапхана, спорт залы және асхана қарастырылған. Асхана бір мезетте 100 оқушыға қызмет көрсете алады.
Салтанатты шараға қатысқан қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы оқушылар мен ұстаздарды мерекемен қатар келген мектеп ңғимаратының ашылуымен құттықтап, аталған білім мекемесінен елге қызмет ететін тұлғалар шығатындығына сенім білдірді. Сонымен қатар, ардагер-ұстаз Жарқынбек Құлбайымбетұлы, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Рысбеков, қалалық мәслихат депутаты Ардақ Мансұровтар сөз алып, ңзгң тілектерін жеткізді.
Мектеп директоры Жақсыкүл Жүрсінбайқызына мектептің символдық кілті табысталғаннан кейін құрметті қонақтар мектептің алғашқы лентасын қиды. Сондай-ақ, мектеп ғимаратын аралап, онда білім беруге жасалған мүмкіншіліктермен танысты.
Қала әкімі білім беру нысандарының инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Жалпы, жаңа оқу жылында Түркістан қаласындағы 84 мектепте 61 мыңнан астам оқушы білім алуда. Оның ішінде 5505 бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттады.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары