«Нағыз бақыт – елдің тыныштығы, отбасының амандығы» — Xnews — ақпарат агенттігі

«Нағыз бақыт – елдің тыныштығы, отбасының амандығы»

Ұлы Отан соғысы жылдары майдан даласында жаумен шайқасқан жауынгерлер қандай ерлік көрсетсе, тылда еңбек еткен жандардың да еңбегі ересен. Ел басына күн туған шақта аналар мен қарттар, жасөспірімдер мен балалар күн-түн демей еңбек етіп, майданға азық-түлік, киім-кешек, қару-жарақ дайындауға атсалысты.

Тыл ардагерлері – тарихтың қайсар қаһармандары. Олар соғыс даласында қару ұстамағанымен, майданның ауыр жүгін тылда көтерген жандар. Бір үзім нанды бөліп жеп, таңнан қара кешке дейін еңбек еткен сол буынның төзімі мен қайсарлығы бүгінгі бейбіт өмірдің берік іргетасына айналғандай. Аштықты да көрді, жоқшылықты да өткерді. Бірақ, мойымады. Ұрпағын жеткізді, елдің еңсесін түсірмеді. Осындай жандардың тағдырына үңілген сайын тұтас бір дәуірдің рухын сезінгендей боласың. Сондай ардақты аналардың бірі – бүгінде 98 жасқа келіп отырған тыл ардагері Жиеналиева Үміт әжей.

Ғасырға жуық ғұмыр кешкен кейуананың өмір жолы туралы естіп, өзімен жүздесіп, хәлін білу үшін әжейдің шаңырағына арнайы ат басын бұрдық. Үйдің табалдырығын аттаған сәттен-ақ бұл әулеттің тәрбиесі мен берекесі көңілге жылу ұялатты. Жылы жүзбен қарсы алған ұл-қыздары, ибалы келіндері мен немере-шөберелері үлкен әулеттің татулығын аңғартып тұр. Үй ішіндегі сыйластық пен мейірім көңілдерде ерекше әсер қалдырды. Бір-біріне деген құрметі, үлкенге ізеті, кішіге қамқорлығы көзге бірден байқалады.

Айналасына жиналған перзенттері мен ұрпақтарына қарап отырып, бұл шаңырақтың берекесі ардагер ананың адал еңбегі мен тәрбиесінде жатқанын еріксіз ұғынасың. Жағдайын жасап, бар тәттіні аузына тосып, жанынан табылып отырған келіндерін көріп сүйсіндік. Әжейдің әр сөзін бөлмей тыңдап, бәйек болып жүргендерін көргенде, қазақы тәрбиенің иісі аңқып тұрғандай әсер алдық.

Төргі бөлмеде ақ жаулығын жарастыра жамылып отырған Үміт әжейдің жанары әлі де өткір. Бетіндегі әжімдер – бейнет пен өткен өмірдің бедері іспетті. Бірақ, жүзінен мұңнан гөрі сабыр мен мейірім көбірек байқалады.

Ардагер әже 1928 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келген. Балалық шағы қиын кезеңмен тұспа-тұс келіп, жастайынан еңбекке араласады. Колхоздың жұмысына жегіліп, жер де жыртып, мал бағып, шөбін шапқан. Ол кезде небәрі 13-14 жаста болған екен. Соғыстан кейінгі ауыр жылдардағы жоқшылық пен таршылықтан ерте есейгені аңғарылады.

1947 жылы 18 жасында Жиеналиев Мәлік атты азаматпен шаңырақ көтеріп, төрт ұл, бір қызды тәрбиелеп өсіреді. Жас отбасының өмірі де оңай болмаған. Бірақ, ерін сыйлап, бейнеттен қашпаған Үміт әжей бар өмірін отбасы мен балаларына арнайды.

Ауыл адамдары Үміт әжейдің ерекше еңбекқорлығы мен қайсарлығына тәнті болған. Бұрын ешкім егін екпеген, шеңгел басып жатқан жерлерді жалғыз өзі шауып тазартып, қауын егіп, мол өнім алған екен. Қара күшке мығым, ер азаматпен қатар тірлік еткен қайратына қарап, ел ішінде оны әзіл-шыны аралас «касемсот» (К-700) деп атап кеткен. Бұл әжейдің қажырлы еңбегі мен қайтпас мінезіне халықтың берген бағасы еді.

Өйткені, әулеттің өсіп-өнуінің артында ардагер ананың тынымсыз еңбегі жатыр. Ол қандай жұмыс болса да мойымай атқарған. Мал бағып, оны сауып, ірімшік жасап, бақшаны да еккен. Кейін сауда-саттықпен де айналысып, балаларын қатарынан кем қылмай өсірген.

Әжейдің ұзақ жылғы маңдай тері мен тылдағы қажырлы еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланып, Ұлы Жеңістің мерейтойларына арналған бірнеше медальмен марапатталған. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «1941–1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл» мерекелік медальдары табысталған. Сондай-ақ, 2020 жылы «1941–1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 75 жыл» мерейтойлық медаліне ие болған.

Иә, бұл марапаттар – тылда тынымсыз еңбек еткен аналардың ерен еңбегіне көрсетілген құрметтің белгісі болса керек-ті.

Ғасырға жуық жасаған ардагер әжей өткен өміріне өкінішпен емес, шүкіршілікпен қарайды. Әр сөзінен өмірдің ащысын да, тұщысын да көрген жанның сабырлы мінезі мен қайтпас қайсарлығы сезіледі.

– Біз қиындықпен өстік қой, балам. Бірақ, ешқашан да мойыған емеспіз. Ала таңнан қара кешке дейін жұмыс істедік. Қол қусырып отырған күніміз болған жоқ. Небәрі жиырма сегіз жасымда тағдырдың жазғаны болар, жолдасымнан көз жазып қалдым. Бар жауапкершілік, бар ауыртпалық менің мойныма жегілсе де, балаларым үшін алға жүруді бетке алдым. Бар тілегім, оларды жеткізу болды. Шүкір Аллаға, бәріне еңбекпен жеттім. Балаларыма да соны үйреттім. «Қара жұмыстан қашпаңдар, еңбек адамды өлтірмейді» деп айтып отыратынмын. Шүкір, балаларымның бәрі тәрбиелі, білімді болып өсті. Маған қарсы келіп сөйлеген емес. Келіндерім де ибалы. Қазір екі келінім бағып отыр. Жақында ғана бөпелі болған немере келінім де бар. Соларға қарап отырып, өмірдің жалғасып жатқанына қуанамын, – деді жанарына тығылған жасты орамалының шетімен сүртіп.

Осыны айтқанда әжейдің жанарына мұң ұялағанын байқамау мүмкін емес еді. Өмірдің ең ауыр сынағы – перзент қайғысы екенін өкінішпен айтып өтті.

̶ Төрт ұлымның үшеуін Аллаға бердім. Ана үшін одан ауыр қайғы жоқ екен. Әсіресе, қолымдағы осы шаңырақтың иесі болған кенже ұлымнан айырылу жүрегіме қатты батты. Бірақ, Алланың бергеніне шүкір деймін. Сабыр қылудан басқа амалымыз жоқ, – деп көзіне тағы жас алып қалды.

Ғасырға жуық ғұмыр кешкен ананың әр сөзі өмір мектебіндей ғибратқа толы. Оның жүріп өткен жолында бейнет көп болғанымен, береке де мол.

Ұлының айтуынша, 1975 жылы бұл отбасы Шымкент қаласындағы Абай ауданына қоныс тебеді. Кейін қорғасын зауытында кенже ұлы экспедитор болып жұмыс істеп, Короткая көшесінен екі бөлмелі пәтер алған. Сонда көп жылдар бойы тұрақтап, кейін Қазығұрт шағын ауданына қоныстанған.

Әңгіме барысында жалғыз қызы Айсұлу Сүйеубаева да анасының қайсарлығын ерекше тебіреніспен жеткізді. Анасымен бірге барған Умра сапарымен бөлісті.

̶ Інім екеуміз анамызды Умраға алып бардық. Қағбаны жеті рет айналу жас адамның өзіне де оңайға соқпасы анық. Бізді ертіп жүрген ұстазымыз «әжейді кезектесіп арқалап жүреміз» деді. Бірақ, інім оған көнбеді. «Анамды өзім көтеремін» деп бар күшін салды. Арасында демалдырып отырдық. «Иә, Алла, анамды алып жүруге күш бере гөр» деп өзі де егіліп жылап жүрді. Бесінші айналымда анам «түсір мені» деді. Түсіріп, екі жағынан сүйейін деп жатқанымызда, аяқ астынан бойына күш біткендей орнынан тұрып, алдымызға түсіп кетті. Біз аң-таң болып артынан ердік. Сөйтіп, анамыз Қағбаны өзі айналып шықты. Сол сәтте Алланың құдіретін анық сезіндік, – дейді қызы толқынысын жасыра алмай.

Бүгінде Үміт әжей үлкен әулеттің ақылшысы, берекесі. Немере-шөбересінің қызығына бөленіп отырған Үміт әжейдің өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлкен өнеге.

Әңгіме соңында әжейден:

– Сіз үшін бақыт деген не?, – деп сұрадық.

Сонда әжей сәл ғана жымиып, айналасына мейірлене қарап алды да:

– Бақыт деген бала-шағаңның амандығы. Ұрпағыңның бір дастарқанның басында отырғанын көру. Солардың күлкісін есту. Байлық та, дүние де – уақытша. Ал, отбасының амандығы – нағыз бақыт. Менің бар тілегім – елім тыныш, жұртым аман болсын, – деді терең күрсініп.

Әжейдің осы бір қарапайым ғана сөзінен тұтас ғұмырдың даналығы сезілгендей болды.

Ардагер ананың ақ батасын алып, өнегелі әулеттен ерекше әсермен қайттық. Осындай аналардың өмірі – ұлттың рухани байлығы. Олар еңбекпен елдің іргесін бекіткен, ұрпағына тәрбие мен тағылым қалдырған асыл жандар. Бұл – жай ғана бір отбасының тарихы емес. Бұл – тұтас бір дәуірдің айнасы.

Иә, тылда еңбек еткен аналардың тағдыры осындай еді. Олар үнсіз еңбек етті. Ешкімнен марапат сұрамады. Бірақ, сол аналардың төзімі мен маңдай терінің арқасында бүтін бір ұрпақ өсіп-жетілді.

Үміт әжей секілді тыл ардагерлерінің тағдыры – ұмытылмауы тиіс тағылым. Осындай өнегелі адамдардың ортамызда болғаны — кейінгі ұрпақ үшін де үлкен бақыт…

Эльмира СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ
«Шымкент келбеті» газеті

x

Check Also

Голос народа — фундамент стабильности и развития

Арипджан ХАЛНАЗАРОВ, член президиума Шымкентского городского Совета ветеранов и председатель совета аксакалов ассоциации «Достык» узбекских этнокультурных центров Казахстана: — Формирование ...

Басты мақсат – сайлаудың заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз ету

ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Шымкент қаласына арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында ОСК төрағасы 2026 жылғы 23 ...