Шымкент қаласы Еңбекші ауданына қарасты Бадам-1 және Бадам-2 тұрғын алабында Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз мерекесіне орай ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Аталған шара тұрғындардың белсенді қатысуымен жоғары деңгейде өтті.
Мерекелік бағдарламаны елді мекеннің 1993–1994 жылғы жастары ұйымдастырып, ауыл орталығындағы ашық алаңда өткізді. Салтанатты жиынға елді мекен тұрғындары жаппай қатысып, ұлттық дәстүрлер кеңінен насихатталды.
Іс-шара барысында қариялар құрметпен қарсы алынып, келіндер сәлем салып, үлкендер батасын берді. Сонымен қатар, құран бағышталып, мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты. Жергілікті өнерпаздар мен жас орындаушылар ән мен күйден шашу шашып, ұлттық өнердің көркем үлгісін ұсынды.
Мереке аясында ашық алаңға 30-дан аса киіз үй тігіліп, әр шаңырақта ақ дастарқан жайылды. Қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылып, береке мен бірліктің көрінісі айқын сезілді.
Ұйымдастырушылар тарапынан 400-ден астам қонаққа арнайы ас беріліп, ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Жарыс жеңімпаздары ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Айта кету керек, аталған елді мекенде Наурыз мерекесін дәстүрлі түрде атап өту 20 жылдан астам уақыт бойы жалғасып келеді. Биылғы мерекелік іс-шара да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тұрғындардың ерекше ықыласына ие болды.
Наурыз мерекесі – қоғамды біріктіретін, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын маңызды мереке. Бадам елді мекенінде өткен бұл шара – соның нақты көрінісі.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары