Шымкент – тарихы терең, тамыры ғасырлар қойнауына кеткен көне шаһар. Археологиялық деректер оның тарихы 2200 жылдан асатынын айғақтайды. Бүгінде қаланың келбеті өзгеріп, жаңа ғимараттар бой көтеріп жатыр. Ал сол заманауи шаһардың ортасында көне дәуірдің ізін сақтаған ерекше орын бар. Бұл – «Шым қала» тарихи-мәдени кешені. Бүгінгі арнайы репортажда біз осы мекеннің тарихына үңіліп, бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігімен танысамыз.
«Шым қала» тарихи-мәдени кешені шаһардың орталық бөлігінде орналасқан. Сондықтан мұнда қала тұрғындары да, сырттан келген қонақтар да оңай жете алады. Көне қаланың құрылысы үш негізгі бөліктен тұрған. Олар – билеушілер мекендеген Цитадель, қала тұрғындары шоғырланған Шахристан және сауда-саттық пен қолөнер дамыған Рабад.
Жанна Сүлейменова, археолог: «2003 жыл зерттеу жұмыстарын бастап мәдени қабаттың ең астынан құнды жәдігерді тауып Шымкенттің ең көне қалаларының бірі екенін дәлелдедік. 2200 жылдық тарихы бар. Бұл көне қаланың көрінісі. Жолдарын сүйек, тас қыштармен төсеген».
Қазір мұнда белсенді археологиялық қазба жұмыстары жүргізілмейді. Алдағы мақсат – бұрын зерттеліп, тарихи маңызы анықталған орындарды қалпына келтіріп, музейлендіру. Өйткені қазба кезінде табылған әрбір бұйым мен құрылыс орны көне қаланың тұрмысынан хабар береді.
Жанна Сүлейменова, археолог: «Көріп тұрған жерлеріңіз шығыс Шахристан. Оң жақтарыңызда 2018 жылдардағы табылған тұрғын жайлар. Сақталымы өте жақсы. Кезінде материалдық заттар табылды. Қыш ыдыс, құдық табылған. Бетін таспен жапқан. Мына сол жақ бетте қыш күйдіретін пеш табылған. Яғни бұл жерде шеберханалар болғанын айтады. Енді бұл орындарды сақтау керек. Шет елден келгендер қатты таңқалады. Сол кезде профессорымыздан сұрағанда айтқан оларда мұндай жоқ деп».
Қала күн сайын жаңарып, биік ғимараттар бой көтеріп келеді. Алайда заманауи құрылыстар көне қаланың тарихи келбетіне көлеңке түсірмеуі керек. Археологтарды алаңдататыны да – осы. Олар тарихи орынның айналасындағы құрылыс жұмыстары оның көрінісін жауып, құндылығын төмендетпесе дейді.
«Біздің арманымыз музей салып берсе. Бос тұрған ғимарат емес, барлық стандартқа сай музей салып берсе. Себебі қазір Шымкентте 2024 жылдың санағы бойынша 70-ке жуық археологиялық ескерткіш бар. Бұған дейін тапқандар ұлттық музейде. Сол үшін өзімізде музей бізге қажет».
Бізді ерекше қызықтырған олжаның бірі – осы құдық. Сырттай қарағанда қарапайым құрылыс сияқты көрінгенімен, оның қызметі мүлде бөлек болған. Мамандардың айтуынша, бұл – көне қаладағы су айналымын қамтамасыз еткен инженерлік шешімдердің бірі.
«Қала биік мына құдықтан қалай су алды деп таң қалдым. Сөйтсем бұл жасанды құдық екен. Өйткені бізде суды Қошқар ата мен Бадамнан алынған. Бұл жерде су айналымы болып. Ол құрттамай таза болады».
Көне Шымкент тұрғындарының су мәселесін шешуі мұнымен шектелмеген. Қалада пайдаланылған суды сыртқа шығаруға арналған кәріз жүйесі де болған. Бұл – ортағасырлық кезеңдегі қала құрылысының қаншалықты дамығанын көрсететін тағы бір дәлел.
Перизат Биболатқызы, экскурсовод: «Бұл 10-12 ғасырдағы орта ғасырда бізде кәріз жүйесі болған. Кіші құбыр арқылы қалаға су кірген. Үлкен құбыр арқылы лас су шығып отырған».
Бүгінде «Шым қала» тек тарихи жәдігерлер сақталған орын ғана емес, мәдени-танымдық басқосулар өтетін орталыққа да айналған. Мысалы музейлер күніне орай ұлттық өнерді танытатын шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Және биыл кешеннің бес жылдығына арналған ғылыми конференция өтіп, еліміздің, және шет елдердің зерттеушілері де жиналған.
Мейірлан Жандарбек, қалалық музейлер бірлестігі ғылыми әдістемелік және экспозициялық көрмелік қамтамасыз ету бөлімінің аға ғылыми қызметкері: «2025 жылы 22 мыңнан астам адам келген. Оның 40 пайызы шетелдік адамдар. Мысалы Франция, Германия, Голландия секілді елдерден келеді».
Шымқалаға тек шетелдік саяхатшылар ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінен келген қонақтар мен оқушылар да жиі бас сұғады. Біз де көне қалашықты тамашалауға келгендердің арасынан Моңғолиядан қоныс аударған қандасымызды кездестірдік. Қазақстанға келгеніне небәрі үш ай болған Ақжарқын қазір оңтүстік өңірде білім алып жатыр. Ол үшін бұл сапар – ел тарихымен танысудың тағы бір мүмкіндігі.
Ақжанқын Бердіхан, студент: «Қазақстанға алғаш келіп тұрмын. Шымкентте оқып жатырмын. М.Әуезов оқу орнындағы апайларымызға рақмет. Қазақтық тарихын,бабаларымыздың қалай өмір сүргенін, таңсық дүниелермен танысып жатырмыз. Қатты ұнады. Мұнда орыстың шекарасынан көрдім. Шымкентке келгенше бірнеше әдемі қалаларды көрдім. Шымкент жылы қала екен ұнады»
Ғасырлар бойы талай дәуірдің куәсі болған Шымқала бүгінде өткен мен бүгінді жалғап тұр. Бір кездері қайнаған тіршілік орталығы болған көне шаһар қазір тарихқа қызығатын туристердің бас сұғатын мекеніне айналған. Ал оның әрбір тасы мен табылған жәдігері әлі де талай құпияның бетін ашары сөзсіз.
© “Otyrar” телеарнасы
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары