Шымкентте жыраулық дәстүрге дем берген терме додасы өтті — Xnews — ақпарат агенттігі

Шымкентте жыраулық дәстүрге дем берген терме додасы өтті

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай Шымкент қаласында «Сөз маржаны – термеде» республикалық термешілер байқауы өтті. Қала әкімдігі ұйымдастырған өнер додасына еліміздің әр өңірінен келген 18–40 жас аралығындағы кәсіби термешілер қатысып, бақ сынады.

Байқаудың мақсаты – терме өнерін сақтау мен жаңғырту, жыраулық дәстүрдің сабақтастығын қамтамасыз ету және ұлттық мұраны жас ұрпаққа насихаттау.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен дәстүрлі өнерді қолдаудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, ұлттық мәдениетті сақтау – ел дамуының басты қағидаттарының бірі. Сондықтан бабалар мұрасын кейінгі буынға жеткізіп, жастардың жыраулық және термешілік өнерге қызығушылығын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасын табады.

– Соңғы жылдары төл өнеріміздің насихаты бәсеңдегендей әсер қалдырады. Сондықтан дәстүрлі өнердің тамырына қан жүгіртіп, оның үзілмес сабақтастығын қамтамасыз ету – баршамызға ортақ міндет. Басты мақсатымыз – атадан балаға аманат болып жеткен асыл мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізу, — деді Сәрсен Абайұлы.

Байқау екі кезең бойынша ұйымдастырылды. Алғашқысы онлайн іріктеу болса, екіншісі финалдық кезеңде өтті. Өнер сайысының ерекшелігі – Оңтүстік өңіріне тән мақам-саздар мен жергілікті ақын-жыраулардың шығармаларына басымдық берілуі. Қатысушылар Майлықожа, Құлыншақ, Қайыпназар, Молда Мұса, Қызыл жырау, Қасқыр ақын, Құтай ақынның терме-толғауларын орындады.

Жамбыл облысынан келген қатысушы Бекарыс Көштаевтың айтуынша, өнерпаздарға алдын ала нақты шығармалар белгіленіп, арнайы тапсырмалар берілген. Оның өзі Мәделі Қожа мен Майлы Қожаның туындыларын орындаған.

– Бұл байқауға екінші рет қатысып отырмын. Терме өнерімен кәсіби түрде айналысқаныма он жылға жуықтады. Басты мақсатымыз – Оңтүстік өңіріне тән мақам-саздың табиғатын сақтап, бабалар мұрасын бастапқы болмысына барынша жақын жеткізу. Әрине, тәлім алған мектебімізге қарай орындаушылық ерекшеліктер болуы мүмкін. Дегенмен, шығарманың мазмұны мен рухына нұқсан келтірмеуге тырысамыз, — деді қатысушы.

Қазылар алқасының құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Шалдыбеков, Мәдениет саласының үздігі Жақып Спатаев және дәстүрлі әнші, термеші Ербол Халмурзаев болды. Қазылардың өздері де сахнаға шығып, терме орындауы аға буын мен жас өнерпаздар арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісіне айналды.

Байқау қорытындысында үздік өнер көрсеткен қатысушылар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапаттарға ие болды.

Эльмира СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ,
«Шымкент келбеті» газеті

x

Check Also

Шымкентте іскер әйелдер Жолдауды талқылады

Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, шағын бизнесті қолдау және өңірлік өндірісті өркендету. Шымкентте «Әділет» партиясының ұйымдастыруымен іскер әйелдер бас қосты. Кездесуде Мемлекет ...

Шымкентте бауырлас венгр халқының қолөнері таныстырылды

Пушкин атындағы кітапханада «Венгрияның матьо халқының ұлттық киімдері» атты көрменің ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға арнайы Венгрияның Алматы қаласындағы Бас консулы ...