Тұрғын үйден жұмыспен қамтуға дейін: облыс әкімі жүйелі бақылауды тапсырды — Xnews — ақпарат агенттігі

Тұрғын үйден жұмыспен қамтуға дейін: облыс әкімі жүйелі бақылауды тапсырды

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Жиында тұрғын үй саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау қорытындысы, сондай-ақ мәдениет, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар салаларында заң бұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар қаралды.

Алғашқы мәселе бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ержан Қарымсақов тұрғын үй саласындағы бірқатар жүйелі кемшіліктерге тоқталды. Департамент Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мен Түркістан қаласының тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінде сыртқы талдау жүргізген.

Талдау барысында жалдау ақысын субсидиялау, тұрғын үй сертификаттарын беру, қызметтік тұрғынжайларды пайдалану және жекешелендіру бағыттарында заң талаптарының сақталмау фактілері анықталған. Атап айтқанда, Түркістан қаласында соңғы үш жылда жалдау ақысын субсидиялау талаптарын бұзған 483 адамға қатысты келісімшарттар тоқтатылды. Оларға бюджеттен негізсіз төленген қаржы қайтарылуда. Сонымен қатар 2022-2025 жылдары жалдау шарттарын уақтылы тоқтатпау салдарынан бюджетке залал келтірілгені айтылды.

Облыс әкімі анықталған кемшіліктерге жауапты басшылардың назарын аударып, бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуына жол бермеу керектігін ескертті. Осыған байланысты заң бұзушылықтарға жол берген тұлғаларға қатысты қызметтік тексеру жүргізу, қылмыс белгілері анықталған жағдайда материалдарды құқық қорғау органдарына жолдау, қызметтік тұрғынжайларды түгендеп, жалдау ақысы мен коммуналдық төлемдер бойынша берешектерді толық өндіріп алу тапсырылды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе аясында облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Ерназаров пен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы баяндама жасады.

Мәдениет саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, қаржылық және кадрлық процестердің ашықтығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар таныстырылды. Биыл өңірдегі үш кәсіби театрда сыбайлас жемқорлық тақырыбын қамтитын 9 спектакль қойылып, облыстық музейлерде 33 іс-шара өткізілген. Кітапханаларда да адалдық пен парасаттылық құндылықтарын насихаттауға бағытталған кездесулер мен ақпараттық шаралар ұйымдастырылған.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласында қызметтік бақылауды күшейту, мемлекеттік гранттарды әділ бөлу және субсидияланатын жұмыс орындарының заңдылығын бақылау мәселелері қаралды. Басқармаға қарасты 11 мекеме мен 17 аудандық және қалалық мансап орталығын қамтитын 28 ұйымда Face ID жүйесі енгізілген.

Облыс әкімі басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және жою бағытындағы жұмыстың нақты нәтижелеріне басымдық беру қажеттігін ескертті. Қаржылық операциялардағы заң бұзушылықтарды, кадрлық шешімдердегі тәуекелдерді және бюджет қаражатының жұмсалуын жүйелі бақылау керектігін атап өтті.

– Әрбір басқарма басшысы өз саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін нақты анықтап, олардың туындау себептерін жойып, нәтижесіне жеке жауап беруі қажет. Ішкі талдау жұмыстары сапалы жүргізіліп, қаржылық тәртіп пен мемлекеттік сатып алу талаптарының сақталуы қатаң бақылауға алынсын. Қызметтік тұрғынжайларды пайдалану кезінде заң талаптарының орындалуы қамтамасыз етіліп, жалдау ақысы мен коммуналдық төлемдер бойынша берешектер толық өтелуі керек. Ал субсидияланатын жұмыс орындары бойынша жұмыс берушілерге мониторинг күшейтіліп, тұрақты жұмысқа орналасу көрсеткіші төмен ұйымдардың тізімі мен тәуекелдер картасы қайта әзірленсін. Әрбір анықталған кемшілік бойынша нақты шара қабылданып, оның орындалуы бақылауда болуы тиіс, – деді Нұралхан Көшеров.

Комиссия отырысында құқық қорғау органдары басшыларының ұсыныстары мен ескертпелері тыңдалды. Жауапты басқарма басшыларына сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілетін ішкі талдауды сапалы ұйымдастыру, заң бұзушылықтардың алдын алу және анықталған кемшіліктерді жою жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Олардың орындалуы бақылауға алынды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

x

Check Also

Подготовка к выборам идет в строгом соответствии с законодательством

Ключевая задача избирательной кампании состоит в том, чтобы провести ее строго на основе принципа «Закон и Порядок». Центральная избирательная комиссия ...

Сайлауға дайындық заңнама талаптарына қатаң сәйкестікте жүргізіліп жатыр

Сайлау науқанының басты міндеті – оны «Заң мен тәртіп» қағидаты негізінде қатаң сақтау арқылы өткізу. Орталық сайлау комиссиясы сайлауды ұйымдастырушыларды ...