22 қазаннан бастап еліміздің кинотеатрларында отандық «Алан туралы аңыз» анимациялық фильмі көрсетіле бастады.
Шымкенттік «Сақ» киностудиясы түсірген туындының таныстырылымына арналған баспасөз мәслихатында фильмнің мазмұны мен жасалу барысы таныстырылып, қазақ анимациясының бүгінгі жағдайы сөз болды. Киностудия өкілдерін алаңдатып отырған мәселенің бірі – фильмнің көрермен жинаудағы қиындықтары. Кинотеатрларда көрсетіле бастағанына бір аптаға жуық уақыт өтсе де, туындыға деген сұраныс әзірге көңіл көншітпей отыр.
«Сақ» киностудиясының директоры әрі фильмнің продюсері Нұриддин Паттеевтің айтуынша, 6 жастан асқан көрермендерге арналған анимациялық фильм Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген. Туындының басты кейіпкері – Алан есімді ақ барыс. Оқиға желісінде ол туған қаласын қорғап, ерлік көрсетеді. Кейіпкердің қайсарлығы мен батылдығы арқылы туған жерге деген сүйіспеншілік, елге адалдық және ұлттық құндылықтар дәріптеледі.
Ұзақтығы 1 сағат 15 минут болатын фильмді әзірлеуге шығармашылық топ екі жылға жуық уақыт жұмсаған. Заманауи 3D анимация технологиясымен жасалған туынды арқылы авторлар балаларға батырлық, достық, әділдік пен отансүйгіштік қасиеттерін насихаттауды көздеген. Фильмнің режиссері – Азамат Ерназаров. Ал сценарийін Бақытжан Құлжабаев, Батырхан Дәуренбеков және Азамат Ерназаров бірлесіп жазған.
– Фильмді жасаудағы негізгі мақсатымыздың бірі – ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, балаларға үлгі болатын кейіпкер қалыптастыру. Балалар Аланға қарап бой түзеп, оның батылдығына еліктесе, «Мен де Алан сияқты болсам» деп өссе деген ниетпен жасадық. Дегенмен, туындыны тек балаларға арналған деп шектеуге болмайды. Оны ересектер де көре алады. Фильмнің техникалық мүмкіндіктері мен анимация сапасына ерекше мән бердік. Екі жылға жуық уақыт жұмсалған жобаны әлемдік деңгейде жасауға тырыстық, – деді Нұриддин Паттеев.
Режиссер Азамат Ерназаров фильмнің көркемдік ерекшеліктеріне тоқталып, шытырман оқиғаларға, тартысты сәттер мен әсерлі көріністерге басымдық берілгенін айтты. Сондай-ақ ұлттық рух пен тарихи-мәдени элементтерді заманауи анимациямен ұштастыру арқылы қазақы болмысты жаңа форматта таныту көзделгенін жеткізді.
Алайда сапалы анимация жасап, мазмұнды туынды ұсыну жеткіліксіз. Оны көрерменге таныстырып, кинотеатрларда қолайлы уақытта көрсету де маңызды. Баспасөз мәслихатында киностудия өкілдері осы мәселеге ерекше назар аударып, отандық анимациялық фильмдердің көрсетілімдердегі жағдайына қатысты алаңдаушылықтарын білдірді. Олардың сөзінше, фильм көрсетілімге шыққалы бері кинотеатрларға келушілер аз. Соның салдарынан кейбір кинотеатрларда көрсетілім саны қысқарып, туындыны репертуардан алып тастау жағдайлары да байқала бастаған. Бұған қоса, көрсетілімдердің басым бөлігі таңғы сағат 10:00–11:00 аралығына белгіленген. Бұл уақыт демалыс күндері балалар мен ата-аналарға қолайсыз болуы мүмкін. Демек, фильмнің сапасы мен мазмұнынан бөлек, оның көрерменге қолжетімді уақытта ұсынылуы да сұранысқа әсер етеді.
Киностудия өкілдерінің пікірінше, мұндай жағдай ұлттық анимацияның дамуына кері әсер етуі мүмкін. Егер отандық фильмдер көрермен жинап, сұранысқа ие болмаса, болашақта ұлттық мазмұндағы жаңа жобаларды жүзеге асыру қиындай түседі. Сондықтан олар көрермендерді қазақ анимациясына қолдау көрсетуге шақырды.
Ұлжан Көгіл,
«Шымкент келбеті» газеті
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары