Шымкентте сақтық шаралары күшейтілді — Xnews — ақпарат агенттігі

Шымкентте сақтық шаралары күшейтілді

Күздің келуімен тыныс жолдарының вирустық инфекцияларының таралу қаупі артады. Әсіресе, балалар арасында ЖРВИ, тұмау және COVID-19 аурулары жиі кездеседі. Инфекциялардың алдын алу үшін санитариялық талаптарды сақтау маңызды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова мәлімдеді.

– Вирустық инфекциялар адам көп жиналатын жабық орындарда, қоғамдық көлікте және білім беру ұйымдарында тез таралады. Айталық, 2026 жылдың сегіз айында Шымкент қаласында ЖРВИ-дің 147 952 жағдайы тіркелді. Оның 92 661-ін, яғни 60,2 пайызын 14 жасқа дейінгі балалар құрады. Сонымен қатар, тұмаудың 2 жағдайы және COVID-19 инфекциясының 6 жағдайы анықталды. Ал, қыркүйек айы басталғалы бері 5 967 ЖРВИ жағдайы тіркеліп отыр. Оның 2 978-і балалар.
Зертханалық тексерулер барысында тұмаудан бөлек басқа да вирустар анықталды, – дейді Айгүл Мелесқызы.

ЖРВИ мен тұмаудың белгілері бір-біріне ұқсас. Ауру көбіне мұрынның бітуінен, тамақтың ауыруынан, жөтелден, әлсіздік пен дене қызуының көтерілуінен басталады. Айгүл Мелесқызы адамның дене қызуы 38–40 градусқа дейін көтеріліп және бұл 3–5 күн бойы қайталанса, басы қатты ауырса немесе тыныс алу қиындаса, дәрігерге қаралу қажет екенін айтады. Сонымен қатар, аяқ-қолдың тартылуы, аяқта ерекше бөртпелердің пайда болуы сияқты белгілер байқалса, медициналық көмекке жүгінген дұрыс. Вирустық инфекциялар асқынған жағдайда пневмония, отит, гайморит, менингит және энцефалит сияқты ауруларға әкеліп соғуы мүмкін.

Тұмаудың алдын алудың негізгі тәсілдерінің бірі – вакцинация. Биыл Шымкент қаласына жергілікті бюджет есебінен 150 000 доза «Гриппол+» вакцинасы сатып алынған. Вакцина осал топтағы азаматтарға дені сау кезінде тегін салынады. Олардың қатарына созылмалы ауруы бар адамдар, мектеп оқушылары, жүкті әйелдер, егде жастағы азаматтар, балалар, сондай-ақ, жабық мекемелерде және арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарындағы адамдар жатады.

ЖРВИ мен тұмаудың таралуын болдырмау үшін білім беру ұйымдарында профилактикалық шаралар күшейтіледі. Мектептер мен басқа да білім беру ұйымдарында оқушылар мен қызметкерлердің күнделікті келуіне мониторинг жүргізіледі. Балалардың денсаулығы таңертең тексеріліп, ЖРВИ, тұмау немесе COVID-19 ауруларының белгілері байқалған жағдайда олар ата-аналары келгенге дейін уақытша оқшауланады.

Мектептерде бөлмелерді тұрақты желдету, тазалық жұмыстарын жүргізу, қолды өңдеуге арналған антисептиктермен қамтамасыз ету, ауру белгілері бар балаларды уақытылы анықтау, жеке гигиена ережелерін түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Егер сыныптағы оқушылардың 20 пайызы ЖРВИ-мен ауырса, инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеу үшін қосымша шектеу шаралары енгізіледі. Ал, сырқаттанғандар үлесі 30 пайыз немесе одан да көп болса, оқушыларды онлайн оқытуға ауыстыру қарастырылады.

Айгүл Тұрымбетова қала тұрғындарын ЖРВИ, тұмау және COVID-19 ауруларынан сақтану үшін қарапайым профилактикалық шараларды ұстануға шақырады. Адам көп жиналатын орындарға баруды мүмкіндігінше шектеу, жабық әрі адам көп жерлерде маска тағу, қолды сабынмен жиі жуу немесе антисептик пайдалану маңызды. Жөтелгенде, түшкіргенде ауыз бен мұрынды майлықпен немесе шынтақтың бүгісімен жабу керек. Ауру адаммен жақын қарым-қатынасты шектеген дұрыс.

Аталған аурулардың алғашқы белгілері байқалса, дәрігерге жүгіну қажет екенін есте сақтаңыз. Мұндай сақтық шаралары вирустың таралуын азайтады.

Дилара БИМЕНОВА,
«Шымкент келбеті» газеті

x

Check Also

Шымкент қаласында Республика күніне орай республикалық Republic Day және Bereke Fest акциялары өтеді

Республика күні қарсаңында Шымкент қаласында  2026 жылғы 17 қазаннан 27 қазанға дейін қоса алғанда «Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық ...

Шымкентте «Кітап түні» фестивалі өтті

Қаламызда әдебиетке құштар оқырмандардың басын қосқан «Кітап түні» фестивалі өтті. №2 Оқушылар сарайында ұйымдастырылған рухани кешке қаланың тоғыз кітап клубының ...