Театрдың жаңа маусымының ашылуы өнер ұжымы үшін, көрермен үшін мерекелік сәт. Сахнаға жан бітіп, жаңа қойылыммен көрермен өкзайымына айналу бақыты. Әзіл мен сатираны өзіне арқау еткен театр үшін әр маусымның ашылуының жөні бөлек. Өйткені ойын арзан болғакнымен, күлкі қымбат. Күлкі арқылы қоғамның кемшілігін көрсету, адам мінезін дәл басу, астарлы ой айту үлкен шеберлікті қажет етеді.
Шымкент қаласы әзіл-сықақ және сатира театры XIX маусымын Жан Батист Мольердің «Еріксіз емші» комедиясымен бастады. Онда бір мән бар. Маусымның ашылу салтанаты театр ғимаратының ішінен емес, көшеден басталды. Әсем ән, көңілді би, ақжарма әзіл көрерменнің көңіл-күйі театрдың ауласына жарасып тұрды.
Шымкенттің сатира театры дегенде, ең алдымен, осы өнердің қаладағы қалыптасу жолы еске түседі. Сатира сахнасын кәсіби деңгейге көтеріп, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған аға буынның еңбегі айрықша. Шымкент сатирасы дегенде Уәлибек Әбдірайымов пен Жүсіп Ақшораның ойға оралуы да сондықтан. Олардың сахнадағы әзілдері, қоғамның мінін астарлап жеткізуі, қарапайым адамның күнделікті тіршілігін күлкіге айналдыра отырып, терең ой тастауы көрермен жадында. Бұл дәстүр бүгінде жас буынның шығармашылығымен жалғасып келеді. Сахнада Нұржан Құлшынбаев пен Күннұр Қалмұрзаеваның Нәзік пен Күшән бейнелері арқылы әзілдің жаңа тынысын танытып жүргені де осы сабақтастықтың бір көрінісі. Әзіл-сықақ театрының ерекшелігі көрерменнің көңілінен шығу ғана емес, уақытпен бірге өзгеріп, қоғамдағы жаңа құбылыстарды дер кезінде байқау. XIX маусымның шымылдығын түрген «Еріксіз емші» күлкі мен шындықты қатар алып жүретін шығарма, бір өтіріктен басталған үлкен әбігерді бейнелейді. Әлемдік драматургияның классигі Жан Батист Мольердің бұл комедиясы алғаш қарағанда қарапайым күлкілі оқиға секілді көрінуі мүмкін. Алайда шығармаға тереңірек үңілсеңіз, оның астарында адам табиғаты, жалған бедел, надандық, сенгіштік және қоғамның сыртқы атаққа деген көзқарасы туралы ой жатқанын байқайсыз. Оқиға медицинадан түк хабары жоқ қарапайым адамның төңірегінде өрбиді. Басты кейіпкер Сганарель отын жарушы, араққа үйір, әйелі Мартинаны жиі сабайтын пасық еркек. Өш алғысы келген әйелінің айласы арқасында ел оны бір күнде «атақты дәрігер» деп қабылдай бастайды. Мәселе осы жерден басталады. Бір өтірік екіншісін туғызады. Бір айладан кейін тағы бір айла қажет болады. Өзі дәрігер емес екенін мойындауға мүмкіндігі жоқ кейіпкер бір сәтте адамдардың денсаулығына қатысты шешім қабылдайтын «маманға» айналады. Диагноз қою керек. Науқасты емдеу керек. Айналасындағылардың сенімін ақтау керек. Оның үстіне жеке адамдардың арасындағы қарым-қатынас пен махаббат мәселесіне де араласуға тура келеді. Медицинадан хабары жоқ адамның дәрігер рөлінде жүруі, әр жағдайдан амал тауып шығуға тырысуы, тығырықтан тынымсыз әзілмен құтылуы көрерменге күлкі сыйлайтын негізгі желі. Бірақ күлкінің ар жағында маңызды сұрақ тұрды, адамдар неліктен жалған беделге соншалықты тез сенеді? Кейде біреудің өзін қалай таныстырғаны оның шын мәнінде кім екенінен маңыздырақ болып кетеді. Адамның білімі мен қабілетінен бұрын атағына, сыртқы көрінісіне, ел арасындағы беделіне қарап баға беру бүгін де кездесетін құбылыс. Сондықтан Мольердің бірнеше ғасыр бұрын жазған шығармасы уақыт өткен сайын өзектілігін жоғалтпай келеді. «Еріксіз емші» қойылымының құндылығы да осында. Көрермен сахнадағы жағдайларға күледі. Кейіпкердің тығырықтан шығу жолына таңырқайды. Оның кезекті өтірігі мен амалын көріп, еріксіз езу тартады. «Еріксіз емші» тек өткен дәуірдің оқиғасын баяндайтын шығарма емес. Ол қазіргі көрерменге де таныс жағдайларды күлкі арқылы көрсетеді. Мольердің сатирасы дәл осы ерекшелігімен құнды. Ол адамды саусағымен нұсқап айыптамайды. Көрермен күлкінің арасынан өзін, айналасындағы адамдарды, қоғамдағы кейбір әдеттерді көріп қалуы мүмкін.
Комедияның режиссері Саламат Мырзатаев. Мольердің классикалық шығармасын бүгінгі көрерменге жақындата отырып ұсыну режиссерден өзіндік ізденісті талап етеді. Себебі классикалық комедияның мәтінін ғана жеткізу жеткіліксіз. Оны қазіргі көрермен қабылдайтындай ырғақпен, сахналық тілмен сөйлету керек. Бұл тұрғыда режисердің шеберлігі сезілді.
Шымкент қаласы әзіл-сықақ және сатира театрының XIX маусымы осындай ойлы күлкімен ашылды. Театр ұжымы үшін бұл жаңа маусымның басталуы болса, көрермен үшін тағы сахнаға үңілу арқылы өз өміріне сырт көзбен қарауға берілген мүмкіндік.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА,
«Шымкент келбеті» газеті
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары