Бүгін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты жаңа кітабын таныстыруға арналған мазмұнды іс-шара өтті.
Жиынға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушы жастар қатысып, мемлекет дамуының өзекті бағыттары, қоғамдық құндылықтар және ел болашағы туралы ой-тұжырымдарды қамтыған еңбектің мазмұны мен маңызына тоқталды.
Іс-шара барысында сөз алған М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы ректор Мұхтар Әділбекұлы кітаптың негізгі идеяларына кеңінен тоқталып, онда көтерілген «Адал азамат», «Толық адам» тұжырымдарының мән-маңызына назар аударды. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» қағидатының қоғамдағы жауапкершілік пен азаматтық мәдениетті қалыптастырудағы рөліне тоқталды.
Мемлекет басшысының «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты еңбегі ел тарихының маңызды кезеңдерінде айтылған ой-тұжырымдар мен пайымдарды бір арнаға тоғыстырған мазмұнды жинақ. Кітапта Қазақстанның қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелермен қатар, елдің болашағына қатысты маңызды бағыттар қамтылған.
Жинақтың 21 тақырыптық бөлімге жүйеленуі де көтерілген мәселелердің ауқымын аңғартады. Атап айтқанда, заң мен тәртіп, әділеттілік, білім мен ғылым, ұлттық құндылықтар, жастар саясаты, цифрландыру, қоғамдық жауапкершілік сынды маңызды бағыттар өзара сабақтастықта қарастырылған.
Университет ректоры білім мен ғылымға қатысты мәселелердің бүгінгі қоғам үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
«Бүгінгі заман – білектінің емес, білімдінің, яғни ақыл-ой бәсекесінің заманы», – деген Мемлекет басшысының сөзі кітаптың 167-бетінде келтіріледі. Бұл ой білім мен ғылымның елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы стратегиялық маңызын айқындайды.
Осы ретте университеттердің қоғам алдындағы міндеті тек кәсіби маман даярлаумен шектелмейтіні айтылды. Заманауи жоғары білім беру жүйесі терең білімді, сыни ойлайтын, ғылым мен инновацияға ұмтылатын, еңбекқор әрі жауапты азамат қалыптастыруға бағытталуы тиіс.
-Әділетті әрі бәсекеге қабілетті қоғам білімді, еңбекқор, жауапты және отаншыл азаматтардың күш-жігерімен қалыптасады. Сондықтан бүгінгі университеттердің міндеті тек кәсіби маман даярлаумен шектелмеуі тиіс. Біздің алдымызда терең білімді, сыни ойлайтын, ғылым мен инновацияға ұмтылатын, елінің болашағына жауапкершілікпен қарайтын тұлға қалыптастыру міндеті тұр», – деді Мұхтар Әділбекұлы.
Жиын барысында университет оқытушылары да өз пікірлерін білдіріп, кітапта қамтылған идеялардың жас ұрпақ тәрбиесі мен қоғамдық сананы жаңғыртудағы маңызына тоқталды. Әсіресе білімді ұлт қалыптастыру, адал еңбек ету, елге қызмет ету, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және азаматтық жауапкершілікті арттыру мәселелерінің өзектілігі атап өтілді.
Іс-шара соңында университеттің қоғамдық және оқу-білім беру өміріне белсенді араласып жүрген студенттерге алғыс хаттар табысталды.
«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабының университет қабырғасында талқылануы Мемлекет басшысының қоғамдық даму, білім мен ғылым, жастар және азаматтық жауапкершілік жөніндегі ойларын білім алушы жастар арасында кеңінен насихаттауға мүмкіндік беретін маңызды басқосу болды. Еңбектегі идеялар жас ұрпақтың ел болашағына деген жауапкершілігін арттырып, әділетті, білімді әрі еңбекқор қоғам қалыптастыруға бағытталған құндылықтарды орнықтыруға негіз болады.
«Шымкент келбеті»
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары