Бүгін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы өз күшіне енді. Бұл – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі айтулы тарихи белес, мемлекет дамуының жаңа кезеңінің бастауы. 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда халықтың тікелей таңдауымен қабылданған Ата Заң бүгіннен бастап толық қолданысқа енгізіліп, Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуының жаңа құқықтық негізін қалыптастырды.
Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі – адам және оның қадір-қасиетін ең жоғары құндылық ретінде тануы. Сонымен қатар онда заң мен тәртіп қағидаты берік орнығып, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктері күшейтілді.
Мемлекеттік басқару жүйесі жетілдіріліп, азаматтардың ел өміріне белсенді араласуына мүмкіндік беретін жаңа институттар қалыптастырылды. Білім, ғылым және инновацияны мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде айқындау, отбасы институтын нығайту, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті сақтау жөніндегі қағидаттардың конституциялық деңгейде бекітілуі де жаңа Ата Заңның маңызды ерекшеліктерінің бірі.
Осы айтулы күнге орай Шымкент қаласының жастары жаңа Конституцияның күшіне енуін ел тарихындағы маңызды оқиға ретінде бағалап, барша қазақстандықтарды мерейлі күнмен құттықтады. Жастар жаңа Ата Заңның мемлекетіміздің орнықты дамуына, қоғамдағы әділеттіліктің нығаюына және әр азаматтың құқықтары мен заңды мүдделерінің сенімді қорғалуына қызмет ететініне сенім білдірді.
Сонымен қатар олар заңды құрметтеу, азаматтық жауапкершілікті жоғары ұстану және ел игілігі жолында адал еңбек ету – жаңа Конституцияның рухына сай келетін басты құндылықтар екенін атап өтті. Өйткені Әділетті Қазақстанды құру ісі тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір саналы азаматтың ортақ міндеті.
Жастардың пікірінше, жаңа Конституция олардың сапалы білім алуына, ғылыммен айналысуына, шығармашылық және кәсіби әлеуетін толық жүзеге асыруына кең мүмкіндік беретін берік құқықтық негіз қалыптастырады. Бұл – бәсекеге қабілетті, білімді әрі отаншыл ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам.
Жаңа Конституция – елдің ертеңіне деген сенімнің, қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың, заң үстемдігі мен әділеттіліктің кепілі. Ал білімді, белсенді және жауапкершілігі жоғары жастар – осы құндылықтарды өмірде жүзеге асыратын басты күш. Сондықтан жаңа Ата Заңның күшіне енуі ең алдымен жастардың жарқын болашағына жол ашатын тарихи оқиға ретінде бағаланады.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары