XX ғасыр Қазақстан тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі – саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық жылдары болды. Бұл нәубет миллиондаған адамның тағдырына әсер етіп, қазақ халқының демографиялық, рухани және мәдени дамуына ауыр соққы жасады. Бүгінде сол зұлмат құрбандарын еске алу – тек өткенге тағзым ғана емес, тәуелсіз Қазақстанның әділетті қоғам құру жолындағы маңызды ұстанымдарының бірі.
Жыл сайын 31 мамыр – Қазақстан Республикасындағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде аталып өтеді. Бұл күн – тоталитарлық жүйенің жазықсыз құрбаны болған азаматтарды ұмытпауға, олардың есімін тарихи жадымызда сақтауға арналған.
Тарихтың ең ауыр кезеңі
1920–1950 жылдар аралығында Кеңес Одағында жүргізілген жаппай саяси қуғын-сүргін Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Зерттеулерге сәйкес, Қазақстан аумағында 100 мыңнан астам адам саяси қуғын-сүргінге ұшырап, олардың 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Қуғындалғандардың қатарында мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, дәрігерлер, мұғалімдер, дін қызметкерлері, мәдениет өкілдері мен қарапайым еңбек адамдары болды.
Қазақтың ұлттық интеллигенциясы ерекше зардап шекті. Елдің болашағы үшін қызмет еткен көптеген тұлғалар «халық жауы» деген жалған айыппен сотталып, атылды немесе ұзақ жылдарға лагерьлерге жіберілді. Бұл ұлттық кадрлардың қалыптасуына ондаған жылдарға созылған кері әсерін тигізді.
Тәуелсіздік жылдары жарияланған деректерде кеңестiк билiктiң алғашқы 1920- 1930-жылдарында қазақтар 4-4,5 млн. адамынан айырылған. 1921-1922-жылдардағы аштық кезiнде 1 млн. 700 мың адам (ашыққандарға көмек көрсету комиссиясының төрағасы Мұхтар Әуезовтің мәліметі бойынша), 1932-1933-жылдары 2 млн. 300 мыңға жуық адам құрбан болған. Соңғы мәліметтерде, «1920 жылдардағы ашаршылықтан өлгендердің саны 2,3 млн. адамға жеткені», қазақ демографы Мақаш Тәтiмовтің деректерінде «ХХ ғасырда болған азамат соғысы, қолдан жасалған ашаршылық, қуғын-сүргiн кездерiнде, екiншi дүниежүзiлiк соғыста бас-аяғы 3 миллион 850 мыңға жуық қазақ қырғынға ұшырағаны» айтылады.
Архивтердің ашылуы – тарихи әділеттіліктің бастауы
Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы ҚР Заңы қабылданды. Ал, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ 31 мамыр – саяси саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялады. Жалпы, зерттеушілер деректеріне сүйенсек, 1927-53 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан бастам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылды. Осы қуғын сүргін жылдарында бүкіл елде 953 лагерь болған. Қазақстанда ГУЛаг-тың 20-дан астам лагері орналасқан.
Тәуелсіздік жылдары аралығында 146,5 мың күнәсіз жазғырылған отандасымыздың аттары жазылған 14 «Аза кітабы» жарыққа шықты. Заңнамаға сәйкес, 340 мыңнан астам заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар ақталды.
Мысалы, Шымкент қаласының «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» мұражайы жоғары оқу орындарының ғалымдарымен, тарихшыларымен, Алаштанушыларымен бірлесіп ғылыми жұмыстар жүргізеді және аталған ЖОО студенттерінің қатысуымен көптеген іс-шарлар өткізеді. Алаш қайраткерлері мен саяси қуғын-сүргін құрбандарының мерейтойларын атап өту мақсатында іс-шаралар, лекциялар, көрмелер, дөңгелек үстелдер тұрақты ұйымдастырылады. Музей қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және тәжірибе алмасу мақсатында Ресей, Өзбекстан, Белоруссия музейлерімен, сондай-ақ, еліміздегі «АЛЖИР», «КАРЛАГ», «Алаш арыстары» музейлерімен байланыс жұмыстар атқарады.
Саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған бір отбасының ауыр тағдыры
Шымкенттік Сәуле Кушерованың әулетінің тағдыры қазақ тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі, саяси қуғын-сүргін жылдарымен тығыз байланысты. Бұл естен кетпес оқиғаға Сәуленің туған атасы куә болған екен.
«Үлкен атам Оралдан шыққан, өте білімді, су шаруашылығы саласында жоғары лауазым атқарған азамат. Ол кезде бұл қызмет халық комиссары деп аталған, қазіргі тілмен айтқанда ауыл шаруашылығы министріне пара-пар қызмет. Алдымен Мәскеуде жұмыс істеген, кейін Алматыға жіберілген. Сол жерде жұмыс істеп жүргенде, оған жала жабылып, бір түнде үйінен тұтқындап әкетеді. Атам сол кезде бала болған. “Бір түні барлық балалар ұйықтап жатқан, кенеттен есік қағылды» айтып отыратын. Үлкен атам есікті ашқанда, қара киім киген адамдар кіріп келіп, оны тұтқындап әкетеді. Қақпа алдында ол менің атама қарап “Осы күнді есіңде сақта. Балалар мен анаңа сен қарайсың” деп аманат айтқан. Бұл оны соңғы рет көрген сәт екен», – деп еске алады Сәуле.
Келесі күні-ақ әжесін де тұтқындап, Ақмола қаласындағы АЛЖИР лагерінен яғни саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың әйелдеріне арналған лагерьге жөнелткен. Ал олардың балалары жан-жаққа тарыдай шашылады, біреуі балалар үйіне тап болады, енді біреулері қашып кеткен. Көшеде қайыр сұрап, қиын жағдайда өмір сүрген. Кейбірі жас болғандықтан ұрлыққа да барған шығар дейді Сәуле.
«Олардың кейінгі өмірі оңай болмады. Ата-анасыз өсті, көбіне көшеде жүрді. Дұрыс білім алмады, дұрыс жұмыс таппады. Себебі олардың ата-аналары “халық жауы” деп танылған еді. Кейін олар тегін өзгертуге мәжбүр болған. Әуелде, Менішевтер, кейіннен Неитқалиевтер болып кеткен. Бұл жайлы мен тек 2014 жылы білдім. Бұрын мұндай әңгімелер отбасы ішінде айтылмайтын. Кеңес заманында егер біреудің туысы қуғын-сүргінге ұшыраса, ол туралы айтуға тыйым салынған еді», – дейді Сәуле.
Жастар тәрбиесіндегі маңызы
Саяси қуғын-сүргін тақырыбы – тек тарихшылардың зерттеу нысаны ғана емес, жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыратын маңызды құрал. Өткеннің қателіктерін білу арқылы қоғам адам құқықтарының, заң үстемдігінің және еркіндіктің қадірін түсінеді.
Шымкент мектептері мен жоғары оқу орындарында осы тақырыпқа арналған кездесулер, ғылыми конференциялар, көрмелер мен ашық сабақтар өткізіліп келеді. Мұндай шаралар жастардың тарихи деректерге қызығушылығын арттырып, ел тарихына деген құрметін қалыптастырады.
Тарихтан тағылым – болашаққа бағдар
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу – өткенге өкініш білдіру ғана емес, болашаққа жауапкершілікпен қараудың көрінісі. Қоғамның тұрақты дамуы әділдікке, заң үстемдігіне және адам құқығын құрметтеуге негізделуі тиіс.
Шымкент қаласында жүзеге асырылып жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстары, еске алу шаралары мен архивтік ізденістер осы тарихи сабақтастықтың жалғасы болып табылады. Бұл жұмыстар әрбір жазықсыз құрбанның есімін ұмыт қалдырмауға бағытталған.
Қорытынды
«Ашаршылық» – табиғи апат немесе экономикалық күйзеліс салдарынан туындайтын жалпылама аштық. «Голодомор» (қазақша ашаршылық-геноцид немесе қолдан жасалған аштық) – тоталитарлық жүйе мен билік тарапынан халықты саналы түрде қырып-жою және саяси бағындыру мақсатында әдейі ұйымдастырылған зұлмат.
Демограф, марқұм Мақаш Тәтімов ағамыз қазаққа зобалаң әкелген аштық пен зұлмат болмағанда халқымыздың саны 70-90 млн. болуы керектігін айтып еді. Мұндай қасіретті ұмыту мүмкін емес. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеуінде айтқан болатын.
ХХ ғасырдың 1920-1950 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін осы нәубеттің құрбандарын мәңгі есте қалдыру үшін мемлекеттік деңгейдегі тиісті шараларды жүзеге асыра бастады.
1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды.
1997 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленді.
Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға «үлкен террордың» орасан зор қасірет әкелгені есімізде. Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды.
Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Тынышбаев, М. Дулатұлы, Т. Рысқұлов, М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, С. Асфендияров сияқты көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, басқа да ұлт зиялылары бар.
Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері («АЛЖИР») сол жылдардағы қатыгездік пен жауыздықтың қара таңбасындай болды. Мұнда саяси тұтқындардың жақын туыстары, әйелдері мен балалары қамалды.
Бүгін біз ұжымдастыру жылдарында аштыққа ұшырағандарды, сондай-ақ туған жерінен кетуге мәжбүр болғандарды да еске аламыз. Бұл зобалаңның қасіретін үш миллионға жуық адам тартты.
Сол жылдардағы орасан зор адам шығыны мен тағдыр тауқыметі әрбір азаматтың жүрегіне жара салды.
Тоталитаризмнен зардап шеккен көптеген ұлт өкілдері үшін қазақ жері құтты мекенге айналды. Ата-бабаларымыздан дарыған қайсарлық пен төзімділіктің арқасында қатаң сыннан абыроймен өтіп, біртұтас ұлт ретінде бірігуге мүмкіндік алдық.
Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады.
Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз. Президент осылай деді.
Басқа өңірлер сияқты Шымкент аймағы да айтарлықтай зардабын тартты. Шым шаһарда саяси қуғын-сүргін құрбандарының сүйегі жатқан «Қасірет» мемориалы бар. Жатқан деп шегелеп жазғанымыз, оларды осы сайда атқан, топ-топ қылып айдап әкеліп атқан, адамша жерлемеген. Үстерінен топырақ үйген де кеткен.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары