Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толды.
«Бүгінгі басқосудың тарихи мән-маңызы айрықша. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Баршаңызға құтты болсын!
Бұл – бүкіл Қазақстан үшін айтулы оқиға. Осы уақыт ішінде Ассамблея қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Еліміздегі бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналды. Этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз қоғамдық институт ретінде танылды. Соның арқасында Қазақстанда бейбітшілік пен келісімнің қайталанбас үлгісі қалыптасты», — деп бастады сөзін Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, ұйым жалпыұлттық бірліктің негізгі моделіне айналған.
«Ассамблея тарихы еліміздің егемендік жылнамасымен тығыз астасып жатыр. Ұйым 1995 жылы Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылғанын білесіздер. Бұл бастама қазақ мемлекеттілігі қалыптасып жатқан қиын кезеңде терең саяси мәнге ие болды. Консультативтік-кеңестік орган ретінде жасақталған Ассамблеяға 2007 жылы конституциялық мәртебе берілді. Ұйым жалпыұлттық бірліктің негізгі моделіне айналды.
Елімізде соңғы жылдары атқарылған ауқымды өзгерістердің арқасында Ассамблея қызметі жасампаздықтың жаңа сипатына көтерілді. Сенаттың бес депутатын Ассамблея кеңесінің ұсынысымен Президент тағайындайды. Бұл қадам заңнамалық деңгейде барлық этностың мүддесін қорғау мүмкіндігін едәуір арттырды. Оған қоса, Қазақстан парламентаризмі тарихында алғаш рет «Бір ел – бір мүдде» атты палатааралық депутаттар тобы құрылды. Бұл топ қоғамдық келісімді нығайту мәселелерімен айналысады. Қазір мемлекеттік органдар түгел Ассамблея жұмысына атсалысады. Министрліктерден, облыс әкімдіктері мен барлық деңгейдегі мәслихаттардан бастап ауыл әкімдіктеріне дейін одан шет қалмайды», — деді Мемлекет басшысы.
Ассамблея қоғамдық ұйымдармен және институттармен тығыз байланыста жұмыс істеп, еліміздің ішкі саясатын жүзеге асыруға белсене атсалысып келеді.
Осылайша, мемлекет пен қоғам арасында сындарлы әрі жемісті диалог орнатуға ықпал етуде.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 12 мүшесі Ұлттық құрылтай құрамында табысты еңбек етіп, елдік бастамаларға өз үлесін қосып жатыр.
«Ассамблея сессиясы жыл сайын өтеді. Онда қабылданған шешімдерді мемлекеттік органдар міндетті түрде ескеруге тиіс. Сессиялар аралығындағы жұмысты Ассамблея кеңесі атқарады. Оның құрамына этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, министрлер мен әкімдер кіреді.
ҚХА Хатшылығы Президент Әкімшілігінің дербес құрылымдық бөлімі саналады. Барлық өңірде Достық үйі бар. Онда мыңнан астам этномәдени бірлестіктер орналасқан. Сондай-ақ облыс әкімдіктерінде «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемелері құрылды. Ассамблея құрылымында төрт мыңнан астам қоғамдық ұйым жұмыс істейді. Бұл ұйымдардың мақсаты – бір, бұл – азаматтарымызды елдік маңызы бар жұмысқа тарту, яғни ортақ іске жұмылдыру. Мысалы, Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесі отбасы институтын нығайтуға, жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеуге атсалысып, ауқымды жұмыс жүргізуде», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.