Түркістанда жасөспірімдер арасындағы спорттық сайыстар жалғасуда. Қалалық «Балалар мен жасөспірімдер спорт клубы» ұйымдастырған шарада баскетбол мен үстел теннисінен жарыс өтті,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баскетболдан шаһардағы Отырар тұрғын алабында өткен сайыста Төле би атындағы №19 мектеп оқушылары алғашқы орынды иеленіп, екінші орын №28 мектеп-лицейіне, үшінші орын Ж.Тәшенов атындағы №23 мектеп командасына бұйырды.
Ал үстел теннисінен өткен Шауғар тұрғын алабындағы жарыста қаладағы 9 мектептен жиналған жас спортшылар бақ сынады. Нәтижесінде ұлдар арасында I орынға Ибраһим Әбсаматов, II орынға Алмас Ибрайымов, III орынға Дилшод Парманаулов ие болды. Қыздар арасында алғашқы орын Зухра Мұхамеджанға бұйырса, екінші орынды Насиба Исахан, үшінші орынды Угилай Аширметова иеленді.
Айта кетейік, жасөспірімдер арасындағы спорттық сайыстар 11 қыркүйектен бері кезең-кезеңімен өткізілуде. Бұған дейін шахмат, тоғызқұмалақ пен волейболдан жарыс өтіп, жеңімпаздар анықталған. Алдағы уақытта сайыс Бекзат секторында дойбы спорт түрінен жалғасады.