ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ ТАРИХЫНДАҒЫ ШЫМКЕНТТІҢ РӨЛІ ЮНЕСКО ДЕҢГЕЙІНДЕ ТАЛҚЫЛАНАДЫ

Шымкентте «Ұлы Жібек жолы тарихындағы Шымкенттің ЮНЕСКО-ның мәдени мұра жүйесіндегі орны мен рөлі» атты халықаралық кездесу өтуде.

Іс-шараны Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының қатысуымен, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бойынша Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік Бюросының қолдауымен Шымкент қаласының әкімдігі ұйымдастырды.

Кездесуге Орталық Азия елдерінің белгілі тарихшылары мен археологтары, мәдениет және спорт министрлігінің сарапшылары, М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың ғалымдары қатысып, қаламыздың Ұлы Жібек жолы тарихындағы рөлін, оның Орталық Азия картасындағы бірегейлігін және Шымкенттің тарихи нысандарын ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізу мүмкіндігін талқылайды.

Кездесуге қатысушылар бірінші күні «Шымқала» тарихи-мәдени кешеніне барып, музейлендіру, консервациялау және реновациялау жұмыстарымен, ескі қаланы дамыту жобасымен танысты. Сондай-ақ, «Шымқала» этноауылында «Бес қару» этнофестінің ашылуына қатысты.

Батырлар институтын қалыптастыру мен насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отырған этнофестифаль аясында «Оңтүстік Қазақстан суретші жастары» бірлестігінің өкілдері ұсынған сахналық көріністі тамашалап, «Бес қару» экспозициясы мен жыршылардың орындауындағы батырлар жырын тыңдады.

Айта кетейік, Әл-Фараби кітапханасында өтетін халықаралық кездесудің ресми ашылуында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының директоры Криста Пиккат, Қазақстан Республикасының Франциядағы және Монако Князьдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Жан Ғалиев, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының Бас хатшысы Әлия Байсабаева, «Жібек жолы» жобасының үйлестірушісі, ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұра орталығының Азия-Тынық мұхиты секторының басшысы Фенг Джинг құттықтау сөз сөйлейді.

Кейіннен «Шымкент қаласының тарихи ретроспективасы және болашағы», «Жібек жолының тарихи мәдени кеңістігіндегі Шымкент» және «Шымкент қаласының археологиясы, этнографиясы, музейтануы мәселелері» тақырыптарында үш пленарлық сессия өтеді.

Екінші күні Ферғана-Сырдария сегментіндегі көп ұлтты Жібек жолы номинациясының сарапшыларының кездесуі және Шымкент аумағындағы нысандарды ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу бойынша вебинар жоспарланған, оның қорытындысы бойынша сараптамалық қорытындылар мен объектілерді беделді тізімге енгізу бойынша ұсыныстар жасалады деп күтілуде.