Қажымұқан атадан қалған қасиетті жәдігер (видео)

Ожар бет, қара мойын – бейне құлжа,
Қылар ед бір салса егер мылжа-мылжа.
Шалқиған жауырынды, бұжыр қара,
Еңгезер, үйелмен, дәу, тартқан – құжға.

Бұл Сәкен Сейфуллиннің тау қопарар қайратымен, теңіз тасқынындай екпінімен дараланған Қажымұқанға арнап жазған өлең шумақтары. Өрдеш төс, білеу дене, шойындай сом, қазақты жаһанға танытқан тұңғыш палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының мына көйлегіне қарап таңырқайсыз. Бірде-бір рет жуылмаған.Тіпті әлі күнге дейін тердің іздері сарғайып, сақталған. Мойнының айналасы 58 см, екі иығының арасы 160 см, ал белі болса 188 см болатын көйлек бұл шаңыраққа қалай келген!? Өрбітелік. Осыдан 75 жыл бұрын осы шаңырақтың иесі Рахат Барысұлы сәби кезінде қатты сырқаттана берген соң, Қажымұқан бұл көйлекті денесіне орап берген деседі. Тылсым күштің құдіреті болар, содан бері бір-ақ рет дәрігерге көрінген екен. Өкінішке орай, Рахат қария осыдан екі жыл бұрын о дүниелік болды. Десе де, артта қалған ізбасарлары Қажымұқан бұл алып көйлекпен әкемді ораған, көненің көзі деп сақтап отыр. Талайы келіп құда түссе де, балаларының мұражайға табыстауға ықыласы жоқ.

Жұмақат Көбелеков, Барыс Көбелековтің ұлы:
75 жыл болып қалды осы көйлектің сақталғанына. Папамыз 40 жылдары үйленіп, содан балалары шетінеп қала берген. 1945 жылы Рахат деген ағамыз туғанда тура солай ауырды. Содан мамамыз бен папамыз қайғырып, кейін үйге Қажымұқан Мұңайтпасовты шақырған. Ол папамыздың досы болған. Сосын көйлекті үстінен шешіп беріп, орап берген ағамызды.

Бұған дейін Барыс қария мен Ақбөпе анамыздың үйінде дүниеге келген сәби шетіней берген көрінеді. Кейін қазақи ырымның септігі тиген болар, Қажымұқан жаңа туған сәбиге үшкіріп, әлгі көйлекпен орап, есімін Рахат деп қойып, ақ батасын беріп, бөбекті ұйықтады. Сөйтіп, арада сан жылдар өтеді. Рахат зіңгіттей жігіт болып өседі. Рахаттың соңынан дүниеге 3 ұл мен 3 қыз келеді. Бәрі де аман-сау өмір сүреді. Бүгінде Рахат ағамыз бақилық болса да, бұл алып көйлек біз үшін аманат, — дейді інісі Жұмақат Көбелеков.

Дереккөз: «Kókshe» телеарнасы (29.01.2019)