Түркістанда Ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра – дастан» іс-шарасы өтті — Xnews — ақпарат агенттігі

Түркістанда Ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра – дастан» іс-шарасы өтті

Бүгін Түркістан қаласындағы «Амфитеатр» кешенінде Ұлттық домбыра күніне орай «Домбыра – дастан» атты мерекелік іс-шара өтті. Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев құттықтау сөз сөйлеп, домбыраның ұлт руханиятындағы маңызына тоқталды.

– Ұлттық мұраны ұлықтайтын бүгінгі іс-шараның руханиятты дамытуға қосар үлесі мол. Домбыра – ұлттық аспап қана емес, елдің болмысын, жан-дүниесін айшықтайтын ұлы мұра. Осы құндылығымызды қастерлеп, жанына серік еткен қатысушыларға алғысымды білдіремін, – деді Ержан Ибадуллаұлы.

Кеш барысында Сүгір Әлиұлының «Ыңғай төк», Абай Желдібаевтың «Ерке сылқым», Зейнеп Аласьяның «Ертұғырыл», Құрманғазының «Айжанқыз», «Адай», «Балбырауын» сияқты ұлттық күйлері орындалып, көрерменнің зор қошеметіне бөленді. «Тұмар», «Алқоңыр», «Түркістан» ансамбльдері мен мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында ашылған үйірмелердің шәкірттері өз орындаушылық шеберлігімен көзге түсті.

Сондай-ақ «Фараб», «Самғау» би ансамбльдерінің билері сахнаның көркін аша түсті. «Жайсаң дала», «Ақжелең», «Тұлғаларға туынды» сынды шығармалар ұлттық мұраның ұлағатын сездірді. Шараның шарықтау шегі ретінде домбырашылар арасындағы күй тартысын атауға болады.

Кеш соңында барлық өнерпаздар мен мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясындағы домбыра үйірмелерінің оқушылары қалың көрерменмен бірге «Балбырауын» күйін орындады. Көрермендер қол соғып, алғысын білдірді.

Айта кетейік, Түркістан облысында «Ұлттық домбыра күні» мерекесіне орай бірқатар шара өткізілді. Атап айтқанда, 30 маусым күні Түркістан қаласында «Тұран даласының күйлері» қалалық күйішілер байқауы, «Достық» үйінде «Үкілі домбыра» фестивалі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, 1 шілде күні Түркістан қаласы «Фараб» кітапханасында дәстүрлі «Күй құдіреті» республикалық күйшілер байқауы ұйымдастырылып, республиканың әр аймағынан келген 25 өнерпаз бақ сынады. Аудан, қалаларда 100-ге тарта мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

x

Check Also

Түркістан облысы АҚШ компанияларымен ынтымақтастықты нығайтады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Питер Кауфманмен кездесті. Кездесуде өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, америкалық инвестицияны тарту, ...

Ордабасының мақтанышы – әлем чемпионатының күміс жүлдегері!

Қытай Халық Республикасының Нинбо қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан әлем чемпионатында Ордабасы ауданының тумасы Нұрғиса Әділетұлы күміс жүлдегер атанып, Қазақстан ...