Шымкентте қазақ вальсінің королі, көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық мұрасын ұлықтауға арналған «Ән аға – Жан аға» атты концерттік кеш өтті. Өнер мерекесіне жиналған көрермен ұлы сазгердің жүрекке жақын әндерін тыңдап қана қоймай, бұрын-соңды сахнада орындалмаған тың туындыларымен де танысты.
Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония ұйымдастырған кештің басты мақсаты – композитордың бай шығармашылық мұрасын жаңаша қырынан танытып, оның әндерін кейінгі ұрпаққа насихаттау. Ұлттық өнер мен классикалық әуен үндестік тапқан концерт Сүгір атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің, «Алаш» вокалды-аспаптар ансамблінің, «Тұмар» фольклорлық ансамблінің және скрипкашылар оркестрінің сүйемелдеуімен өрбіді.
Сахна төрінде Қазақстанның Халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Наркенже Серікбаева, халықаралық байқаулардың жеңімпазы «Сарын» тобы, филармонияның танымал әншілері өнер көрсетті. Сонымен қатар «Фараб» және «Ғасыр» би ансамбльдері концерттің мазмұнын байыта түсті.
Өнер кешінде Шәмшінің көпшілікке кеңінен таныс әндерімен қатар, оның «Бір әнім», «Ерлердің Отаны» атты бұрын-соңды сахнада орындалмаған туындылары алғаш рет көрермен назарына ұсынылды. Композитордың кейбір шығармалары шет тілдерінде шырқалып, әндердің шығу тарихын баяндайтын сахналық қойылымдар көрсетілді. Осылайша, концерт дәстүрлі ән кешінің аясынан шығып, сазгер мұрасын тереңірек танытатын мазмұнды мәдени жобаға айналды.
Қазақстанның Халық әртісі Нұржамал Үсенбаева Шәмші әндерінің халық жүрегінен ерекше орын алатынын атап өтті. Оның айтуынша, композитордың шығармалары өзінің де ән қоржынында бар және шетелдік сахналарда орындалып жүр.
– Шәмші Қалдаяқовтың әндері – халықтың жүрегіндегі әндер. Менің репертуарымда да оның шығармалары бар. Оларды шетелде де шырқап жүрмін. Бүгін сахнада «Қайықта» әнін орындаймын, – деді өнер иесі.
Ал әнші Наркенже Серікбаева композитор шығармашылығын ұлықтау барлық өңірде жалғасын табуы керектігін жеткізді.
– Қай өңірде болса да, Шәмшінің әндері ұлықталуы керек. Олар ешқашан ұмытылмауға тиіс. Отырардағы той десе, көпшілік мені еске алып жатады. Бүгін «Сыған серенадасын» орындамақпын, – деді әнші.
Расында, Шәмші Қалдаяқовтың әндері – бір кезеңнің ғана емес, тұтас ұлттың рухани қазынасы. Оның шығармаларында туған жерге деген сүйіспеншілік, адамға тән асыл сезімдер мен өмірге құштарлық терең өрілген. Сондықтан композитор туындылары уақыт өткен сайын құндылығын жоғалтпай, жаңа буынның да жүрегінен орын алып келеді.
Кеш соңында көрермен өнерпаздарға тік тұрып қошемет көрсетті. Залдағы жұрт таныс әуендерге қосылып, Шәмші әндерін бірге шырқады. Бұл – ұлы сазгер мұрасының халықпен бірге жасай беретінінің айқын көрінісі.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары