Дуальды оқыту жүйесі бойынша тәлімгерлердің біліктілігін арттыру курсы өтті — Xnews — ақпарат агенттігі

Дуальды оқыту жүйесі бойынша тәлімгерлердің біліктілігін арттыру курсы өтті

Түркістан облысында дуальды оқыту жүйесін дамыту және кәсіпорындардағы тәлімгерлердің кәсіби құзыреттілігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Бүгін осы мақсатта кәсіпорындар мен ұйымдардың тәлімгерлеріне арналған 16 сағаттық оқыту курсының екінші кезеңі өтті. Екі күнге жоспарланған оқу бағдарламасы биыл екі рет ұйымдастырылып, сала мамандарының кәсіби білімін жетілдіруге бағытталған.

Оқу барысында қатысушылар дуальды оқытудың нормативтік-құқықтық негіздерін, жұмыс орнында оқытуды жоспарлау мен ұйымдастыру тәртібін, өндірістік оқытудың педагогикалық әдістерін меңгерді. Сонымен қатар тәлімгерлердің міндеттері мен жауапкершілігі, кәсіпорындар мен колледждер арасындағы өзара іс-қимыл, студенттердің өндірістік тәжірибесін тиімді ұйымдастыру мәселелері қарастырылды.

Теориялық білім тәжірибелік тапсырмалармен ұштастырылып, қатысушылар жұмыс орнында оқытудың заманауи тәсілдері бойынша білімдерін толықтырды.

Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының бөлім сарапшысы Гүлдана Абданқұлдың айтуынша, мұндай оқыту курстары кәсіпорындардағы тәлімгерлердің кәсіби деңгейін көтеріп қана қоймай, дуальды білім беру сапасын арттыруға да ықпал етеді.

«Дуальды оқыту жүйесінің тиімділігі – білім беру ұйымы мен жұмыс берушінің тығыз байланысында. Студенттің кәсіби маман болып қалыптасуында тәлімгердің рөлі ерекше. Сондықтан кәсіпорындағы тәлімгерлердің педагогикалық және кәсіби құзыреттілігін арттыру маңызды. Біздің мақсатымыз – өндірістік оқыту үдерісін сапалы ұйымдастырып, еңбек нарығының нақты сұранысына сай білікті кадрлар даярлауға үлес қосу», – деді Гүлдана Абданқұл.

Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан облысындағы 36 колледжде 12 сала бойынша 68 мамандықты қамтитын дуальды оқыту жүйесі жүзеге асырылуда.

x

Check Also

Түркістан облысы АҚШ компанияларымен ынтымақтастықты нығайтады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Питер Кауфманмен кездесті. Кездесуде өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, америкалық инвестицияны тарту, ...

Ордабасының мақтанышы – әлем чемпионатының күміс жүлдегері!

Қытай Халық Республикасының Нинбо қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан әлем чемпионатында Ордабасы ауданының тумасы Нұрғиса Әділетұлы күміс жүлдегер атанып, Қазақстан ...