Бейсен Құранбек атындағы стипендия үздік студенттерге табысталды — Xnews — ақпарат агенттігі

Бейсен Құранбек атындағы стипендия үздік студенттерге табысталды

Түркістан қаласында танымал тележурналист және қоғам қайраткері Бейсен Құранбек атындағы дәстүрлі стипендия бесінші рет табысталды. Іс-шараны ұйымдастыруға Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалы қолдау көрсетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Облыс орталығындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен салтанатты жиынға Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Мәлік Дәулетов, «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Ержан Байтілес, сондай-ақ университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты.

Оқу орнында «Журналистика» мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттердің арасынан үздік деп танылған үш үміткер іріктеліп, олардың әрқайсысына 100 мың теңге көлемінде стипендия тағайындалды.

Атап айтқанда, журналистика мамандығын меңгеруде ерекше жетістіктерімен көзге түскен бірінші курс студенті Жанель Мұстафаева, екінші курс студенті Бекарыс Райхан және төртінші курс студенті Фарангиз Ғұламқадірова марапатқа ие болды. Стипендияларды Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Мәлік Дәулетов, «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Ержан Байтілес және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің вице-ректоры Мұстафа Гиритлиоғлу табыстады.

Әрине, үнемі ізденуді, зерттеуді және табандылықты талап ететін журналистика мамандығын таңдаған жастар үшін мұндай марапаттың рухани маңызы ерекше.

«Өзім үлгі тұтатын тұлға – Бейсен Құранбек атындағы стипендия иегері атанғаныма өте қуаныштымын. Бұл мен үшін айрықша мәртебе! Маған сенім білдіріп, шабыт сыйлағаны үшін Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалына және кафедра оқытушыларына алғысымды білдіремін. Бұл қолдау кәсіби білімімді тереңірек меңгеруге көмектеседі», деді Жанель Мұстафаева.

Кездесуге жиналған аға буын журналистер мен оқытушылар стипендия иегерлерінің болашақта білікті маман болып қалыптасатынына сенім білдірді. Сонымен қатар олар жастарды Бейсен Құранбектің өнегелі кәсіби жолынан үлгі алуға шақырды.

Айта кетейік, Бейсен Құранбек атындағы дәстүрлі стипендия 2021 жылдан бастап «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен табысталып келеді. Биыл стипендияның демеушісі ретінде Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалы қолдау көрсетті.

Бұдан бөлек, мазмұнды кездесуде журналистиканың болашағы да талқыланды. Қатысушылар осы саланың мәселелеріне бейжай қарамайтын азаматтардың қосып жүрген үлесін атап өтіп, бастамаға университет басшылығының қолдау білдіруінің маңыздылығына тоқталды.

Студенттерге қазақ баспасөзіндегі ең көне әрі беделді басылымдардың бірі – «Егемен Қазақстан» газетінің тарихы туралы ақпарат берілді. Жас журналистер Ержан Айтөреұлына өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, одан кейін журналистика саласында кәсіби тұрғыдан қалыптасудың негізгі кезеңдері жөнінде пікір алмасты.

x

Check Also

Түркістанда 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Түркістан қаласында өңірдің денсаулық сақтау саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жалғасуда. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстарының ...

Түркістан облысы АҚШ компанияларымен ынтымақтастықты нығайтады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Питер Кауфманмен кездесті. Кездесуде өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, америкалық инвестицияны тарту, ...