Түркі әлемінің рухани жүрегі, ғасырлар жүгін арқалаған жәдігер — Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жаңа тыныс алмақ. Көне сәулет өнерінің озық үлгісі саналатын тарихи кешенде ауқымды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Мақсат — бабалар мұрасын бұзбай, келер ұрпаққа аман жеткізу.
Ғасырлар бойы табиғаттың түрлі құбылысына төтеп берген кесененің әрбір бөлмесі ерекше күтімді талап етеді. Осы орайда, кешеннің ішкі микроклиматын қалыпты ұстап, құрылыс материалдарының бүлінуіне жол бермеу мақсатында инфрақұрылымдық жұмыстар да қолға алынады.
Тарихи жәдігерді қаз қалпында сақтауда әрбір бөлшек маңызды. Жөндеу барысында кішігірім жайттың өзі тарихи қабырғаларға салмақ түсіруі мүмкін. Сондықтан да мамандар әр тасты, әр кірпішті мұқият тексеруден өткізетіндерін жеткізді.
Кесененің күмбез қампатасы 2000 жылдардың басында қойылған болатын. Арада ширек ғасырға жуық уақыт өткенде, бұл көк жабынды қайта алынып, жаңарту қажеттілігі туындады.
Ғалымдар мен мамандардың бірлескен шешімі бойынша, барлық жұмыстар ЮНЕСКО сияқты халықаралық ұйымдардың қатаң талаптарына сай жүргізілмек
Түркістан — тек отандық емес, шетелдік саяхатшылардың да арнайы ат басын бұратын қасиетті мекені. Кесенеге келушілердің қатары күн сайын артып келеді. Олардың арасында бабалар мұрасына тағзым етуге келген шетелдік меймандар да аз емес.
Махфуза Юсупова, Өзбекстан республикасының азаматы: «Әмір Темір бабамыздың Қожа Ахмет Яссауиге деген үлкен махаббатпен, ізетпен, құрметпен осындай кесене салдырғанын білеміз. Барлық Өзбекстан азаматы Ахмет Яссауи туралы ерекше естеліктерді біледі және оған құрметпен қарайды. Менің де осы жерге келуіме себеп, түрік әдебиетінің өкілі Фатих Думанның «Пір» деген шығармасында Ахмет Яссауи жайлы жазылған пікірін оқып, сондай ерекше сезімге еніп таңғалдым. Кітапта ғұламаның бала кезінен бастап, өмірінің соңына дейінгі саналы ғұмыры керемет суреттелген. Бүгін енді 2001 жылы Өзбекстан мемлекеттік педагогика институтының өзбек филалогиясын бітірген курстастарыммен бірге осы әдемі кесенеге зиярат етуге келдік. Осы жерге келіп, Қазақстанның қайталанбас ерекше осындай мұрасын өз көзіммен көргеніме өте қуаныштымын. Таңғалып жатырмын. Сонымен қатар, екі ел арасындағы достықтың сақталып келе жатқанына қуаныштымыз. Ол үшін екі ел президенттеріне алғысымызды айтамыз. Себебі осындай жерлерді еркін көру бағы бұйырды. Қарап тұрып таңғалмау мүмкін емес. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес ғажап жер. Бұл менің Қазақстанға бірінші рет келуім. Шетелге де бірінші рет шығып тұрған жайым бар. Керемет әсердемін».
Жаңғырту жұмыстары тек кесенемен шектелмейді. Мұнда көне Түркістанның ескі қалашық қорғаны да қайта қалпына келтіріліп, тарихи бейнесін қайта тапты.
Қалпына келтіру нысандарының күрделілігіне қарамастан, реставраторлар жұмысты бекітілген кестеге сай аяқтауды жоспарлап отыр. Енді кесененің сыртқы аумағы толықтай қоршалады. Мамандардың айтуынша, бұл бұдан бұлай тұрақты сақталатын шешім. Бұл қадам тарихи жәдігерді аман сақтап, нысан басындағы қауіпсіздік талаптарын жоғары деңгейде қамтамасыз ету үшін жасалып отыр.
Кесенеге деген халықтың ықыласы толастаған емес. Мәселен, өткен жылдың өзінде қасиетті орынға 720 мыңға жуық зияратшы келсе, жыл басынан бері бұл көрсеткіш 400 мыңнан асып түсті. Бұл — ұлы тарихқа, бабалар рухына деген шексіз құрметтің айғағы.
© “Otyrar” телеарнасы
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары