«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Ордабасы ауданында «Ұлы тұлғаларға құрмет – ұрпаққа міндет» атты ауқымды экологиялық шара ұйымдастырылды.
Игі бастама Қажымұқан ауылындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мұражай аумағында өтті. Тағылымды шараға аудан әкімі Азат Оралбаев, қоғам қайраткері Дулат Әбіш, Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев, ауданның Құрметті азаматтары, қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік қызметшілер, жастар мен еріктілер қатысты.
Акцияның ашылуында аудан әкімі Азат Оралбаев сөз сөйлеп, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының маңызына тоқталды.
– Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы – қоршаған ортаны қорғауға, елді мекендердің тазалығы мен көркін жақсартуға бағытталған маңызды бастама. Басты мақсатымыз – тазалық мәдениетін қалыптастырып, әрбір азаматтың туған жеріне деген жауапкершілігін арттыру. Бүгінгі тазалақ шарачы ұлы тұлға Қажымұқан Мұңайтпасовтың киелі мекенінде өтуінің өзіндік мәні бар. Тарихи орындарды күтіп ұстау, айналасын таза әрі көрікті ету – өткенге құрмет, келер ұрпаққа өнеге. Осы игі іске белсенді атсалысып жатқан барша мемлекеттік қызметшілерге, мекеме ұжымдарына, еріктілер мен аудан тұрғындарына шынайы алғысымды білдіремін. Ортақ іске жұмылған бірлігіміздің арқасында туған жеріміздің тазалығы мен көркеюіне үлес қоса аламыз, – деді аудан әкімі.
Жиында қоғам қайраткері Дулат Әбіш пен облыстық басқарма басшысы Тоқтар Усубалиев сөз сөйлеп, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тарихи орындарды сақтау және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстардың маңыздылығын атап өтті. Ауданның Құрметті азаматы Тұран Әбдіқайымұлы ақ батасын берді.
Бұдан кейін акцияға қатысушылары мұражай аумағы мен Қажымұқан Мұңайтпасов кесенесінің айналасында тазалық, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Бүгінгі шараға 500-ден астам адам, 50 ерікті және абаттандыру мекемесінің 50 шақты қызметкерлері жұмылдырылды.
Нәтижесінде мұражай аумағы мен оның айналасы тазартылып, 25 ескерткіштің маңы ретке келтірілді. Мұражай маңына 520 түп ағаш көшеті отырғызылып, 50 түп ағаш әктелді. Сонымен қатар Қажымұқан бабамыздың кесенесі маңындағы шөптер шабылып, қоршауы сырланды.
Іс-шара аясында аудан әкімі бастаған азаматтар мен қоғам өкілдері Қажымұқан Мұңайтпасовтың кесенесіне барып, ұлы балуанның рухына Құран бағыштады.
Айта кетейік, аталған экологиялық бастама аудан көлемінде де кең қолдау тапты. Жалпы тазалық жұмыстарына 1 500-ден астам адам, оның ішінде 830-дан астам мемлекеттік қызметші, 200 ерікті және 470 тұрғын қатысты. Жұмыстарға 44 техника тартылып, 15 тонна қоқыс арнайы орындарға шығарылды. Аудан бойынша 50 ескерткіштің маңы тазартылып, 1 520 түп ағаш отырғызылды және 200 түп ағаш әктелді.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары