«Voice of Turan — 2026» қазақ әндері фестивалі басталды — Xnews — ақпарат агенттігі

«Voice of Turan — 2026» қазақ әндері фестивалі басталды

Түркістанда «Voice of Turan — 2026» қазақ әндері фестивалі басталды.

Халықаралық байқауға әлемнің 19 елінен танымал өнер жұлдыздары қатысып жатыр. Олар 3 күн бойы жұптық және жекелей сында қазақ әндерін шырқайды. Биылғы байқаудың ерекшелігі қандай?

Фестивальдің ашылу салтанаты «Керуен сарай» туристік кешенінде ашық аспан аясында ұйымдастырылды. Шетелдік қатысушылар елге белгілі өнер шеберлерімен бірге танымал қазақ әндерін және заманауи хит әндерді орындады. Мысалы, Куба Республикасының дарынды әншісі Диана Тарин байқауға ерекше дайындықпен келгенін айтады.

Диана Тарин, байқауға қатысушы /Куба/:
— Қазақстанға алғаш рет келдім. Қазақ халқы өте мейірімді, қонақжай екен. Байқауда халық әні «Ақбақайды» орындаймын. Өте әдемі ән. Бірақ сөзін жаттаудан қиналдым. Соған қарамастан дайындық жақсы өтті. Жан-жақтан келген әншілермен танысып, Түркістанда түрлі мәдениеттер тоғысып жатыр.

Марта Веррикья, байқауға қатысушы /Италия/:
— Бүгін Сейдолла Бәйтерековтің «Әлия» деген әнін айтып беремін. Бұл ән Қазақстанда өте танымал, оны қазақтың мақтанышы Роза Рымбаева орындайды. Бір ай бойы дайындалдым. Әркімнің жүрегіне жеткіземін деп ойлаймын.

— Қош бол, бақыт құс. Қимай сені барамын!

Биыл жетінші рет ұйымдастырылып отырған халықаралық байқаудың алғашқы күні Бразилия мен Мексика, Франция мен Испаниядан және көршілес мемлекеттерден келген өнерпаздар қазақ әнін нақышына келтіріп, Түркістан аспанын әнге бөледі.

Мейіржан Әлиақбаров, жобаның бас продюсері:
— Фестивальдің басты мақсаты — қазақ музыка өнірін, төл мәдениетімізді паш ету, сонымен қатар Түркістанның туристік әлеуетін дамыту болып есептеледі. Биылғы байқау қатысушыларының ішінде бұрын қатыспаған елдердің саны басымырақ болып тұр. Бұл да болса біздің байқауымыздың атын әлемге жария болып, мәлім болғаны біз үшін өте қуантарлық жайт.

Айта кетейік, бүгін үміткерлер қазақ әндерін жеке дара шырқайды. Қатысушылардың өнерін Төлеген Мұхамеджанов, Нұржамал Үсенбаева, Бағлан Омаров, Гүлнұр Оразымбетова, Жұбаныш Жексенұлы сияқты кәсіби қазылар бағалайды. Ал ертең әлемнің әр қиырынан келген танымал өнерпаздардың қатысуымен «Zhibek Zholy әуендері» ауқымды гала-концерті өтеді.

— Кездер-ай, ерке, кездер-ай!

© “24kz” телеарнасы

x

Check Also

Түркістанда 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Түркістан қаласында өңірдің денсаулық сақтау саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жалғасуда. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстарының ...

Түркістан облысы АҚШ компанияларымен ынтымақтастықты нығайтады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Питер Кауфманмен кездесті. Кездесуде өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, америкалық инвестицияны тарту, ...