Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылдың 3 наурызында «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заңда еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі Түркістан қаласының ерекше мәртебесі бекітілген.
Жақында Түркістан өңірінің ішкі саясаты мен қоғамдық құндылықтарын дамытуды көздейтін арнайы тұжырымдама дайындалды. Аталмыш құжат Президент бастамасымен қабылданған «Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары» атты тарихи Жарлықты жүзеге асыруға бағытталған.
Құжаттың маңыздылығы неде?
Көне Түркістанның қадір-қасиеті оның көне тарихымен, киелі орындарымен және рухани мұрасымен ерекшеленетіні белгілі. Осы тарихи мұраларды сақтау, оны келешек ұрпаққа қаз-қалпында жеткізу өңір халқынан үлкен жанашырлық талап ететіні анық. Ал, тұжырымдаманың негізгі өзегі – өңір тарихын жетік білетін, білімге ұмтылатын, адал еңбек ететін, айналасына қамқор тұрғынның үлгісін қалыптастыру. Бір сөзбен айтқанда, құжат өлке тарихы мен ұлттық дәстүрді заманауи тұрғыда дамытуды сабақтастырып, киелі өңірді қоғамдық мәдениеті жоғары, қайырымдылығы мен еңбекқорлығы жарасқан үлгілі өңір ретінде танытуды көздейді. Бұл бастама Мемлекет басшысының «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» бастамаларын тұрғындардың күнделікті әрекетіне айналдыру арқылы жүзеге асырылады. Жалпы, Түркістан өңірі өзге аймақтардан рухани мұрасының көптігімен, отбасы тәрбиесі, қонақжайлылық пен өзара жәрдем дәстүрінің білімге, кәсіпке және жаңашылдыққа ұмтылысымен ерекшеленеді. Сондықтан түркістандықтардың іскерлігі адал кәсіптен, қонақжайлылығы сапалы қызметтен, тарихқа құрметі білімінен, туған жерге сүйіспеншілігі тазалық пен жауапкершіліктен көрінуі керек.
Түркістан қаласы – қазақ мемлекеттілігінің тарихи орталықтарының бірі әрі қазақ хандығының астанасы болған шаһар. Мұндағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен мұрасы оның түркі әлеміндегі рухани орнын айғақтайды. Облыс аумағындағы Отырар, Сауран, Сайрам секілді тарихи мекендер білімнің, мәдениеттің және қалалық өркениеттің тамыры тереңде екенін білдіреді. Отырарда дүниеге келген әл-Фарабидің өмір жолы мен қайырымды қоғам туралы ойлары, Сайрамда дүниеге келіп, Ясыда рухани мектебін қалыптастырған Қожа Ахмет Ясауидің адамгершілік мұрасы осы тұжырымдаманың мазмұндық тірегі іспетті. Олардың тағлымы бүгінгі ұрпақты білімге ұмтылуға, ар-ұятты сақтауға, әділ болуға және адамға жақсылық жасауға үндейді. Көне Отырардағы ғылым мен жазба мәдениет мұрасы кітап оқу қозғалысына негіз болады.
Басты идея және түркістандықтың бейнесі
Тұжырымдаманың ортақ идеясы – «Тұран төріндегі текті өлке». Бұл атау облыстың барлық аудан, қалаларына ортақ бағдар ретінде ұсынылады. Оның түпкі мәні – әр тұрғын өз еңбегімен өркендеп, білім арқылы дамып, айналасына жақсылық жасайтын қоғамдық орта қалыптастыру.
Түркістан қаласында осы идея Әбу Насыр әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» ұстанымымен жүзеге асады. Қайырымдылық мұқтаж жандарға көмек берумен қатар, адамды құрметтеуді, әділ сауданы, әдепті қызметті, білімді насихаттауды және ортақ кеңістікке ұқыпты қарауды қамтиды. Сондықтан тамырын білетін, дәстүрін құрметтейтін, білім мен еңбекке ұмтылатын, қонаққа құрмет көрсететін, қоғамдық тәртіп пен тазалықты сақтайтын, туған жерінің дамуына жауапкершілікпен қарайтын әрбір түркістандықтың үлгілі бейнесін қалыптастыруымыз қажет. Бұл үлгі облыстың барлық тұрғындарына ортақ. Ұлттық құндылықтар этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан, өзара құрмет пен ортақ жауапкершілікті күшейтуге қызмет етеді.
Әр тұрғын өз ауылының, қаласының және өңірінің тарихын танып, оны келесі ұрпаққа жеткізуге атсалысады. Білімге ұмтылу кітап оқудан, кәсіп үйренуден, жаңа технологияны меңгеруден көрінеді. Өңірдің рухани беделі оның бүгінгі білім мәдениетімен толықса, ал, олардың іскерлігі бастамашылдық, кәсіби шеберлік және уәдеге беріктік ретінде дәріптеледі. Саудада әділ баға ұсыну, сапалы өнім шығару, қызметке жауапкершілікпен қарау, тұтынушыға құрмет көрсету – өңірдің іскерлік беделінің негізі.
«Еңбек түбі – береке» деген ұстаным нақты еңбек үлгілері арқылы танытылады. Үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық таныту, көршімен тату тұру, қонаққа ізет көрсету күнделікті қарым-қатынастың өлшеміне айналады.
«Жақсы сөз – жарым ырыс» қағидасы қоғамдық орында, қызмет көрсету саласында және әлеуметтік желіде де сақталады. Таза көше, ұқыпты аула, қорғалған тарихи орын және үнемделген су – туған жерге деген құрметтің көрінісі. Жүрек тазалығы адамның адал ниетіне, сөзі мен ісінің сәйкестігіне, өзгеге зиян келтірмеуіне байланысты. Сондықтан қоғамдық тәртіп, заңды сақтау және ортақ мүлікті қорғау осы мәдениеттің ажырамас бөлігі болады.
ӘР ЖОБАНЫҢ ӨЗ БАҒЫТЫ БАР
«Тарихын таныған түркістандық»
Біздің мұндағы мақсатымыз – өңір тарихын әрбір тұрғынға түсінікті әрі қызықты түрде жеткізу. «Туған жерге туыңды тік» жобасы мектептерді, кітапханаларды, музейлерді және отбасыларды біріктіреді. Балалар мен жастар тарихи орындарға барып, көргені туралы шағын әңгіме, бейнеролик немесе зерттеу дайындайды. Отырардағы білім дәстүрі, Саурандағы қала мәдениеті, Сайрамның рухани мұрасы және Түркістанның қазақ мемлекеттілігіндегі орны бойынша қысқа танымдық материалдар әзірленеді. Музей мамандары мен тарихшылар дайындаған материалдар кітапханаларда, мектептерде, қоғамдық көліктерде және әлеуметтік желіде таратылады. Интернеті әлсіз ауылдарға баспа материалдары мен көшпелі кездесулер қарастырылады.
Түркістанды дамытуда қала мен оның айналасындағы тарихи орындарды бір-бірінен бөлек қарастырмау керек. Отырар, Сауран, Қарнақ (Мысалы, Қарнақта хандардың жазғы сарайы, елшілерді қабылдайтын орталық пен медреселер, т.б. көп болған. 1000 жылдық тұт ағашының өзі бір тарих), Ясы–Түркістан және Түркістан оазисіндегі өзге де көне қалалар мен қоныстарды біртұтас тарихи-туристік белдеуге біріктіріп, «Ұлы даланың қалалық мәдениеті» бағытын қалыптастыру ұсынылады. Әр нысанның тарихи ерекшелігін сақтай отырып, оларды ортақ маршрут, бірыңғай навигация, цифрлық реконструкциялар, визит-орталықтар және «тірі тарих» форматтары арқылы байланыстыру қажет. Бұл келушіге жекелеген ескерткіштерді аралатып қана қоймай, Ұлы далада ғасырлар бойы қалыптасқан қала құрылысы, ғылым-білім, сауда, қолөнер және рухани мәдениетті біртұтас өркениеттік құбылыс ретінде танытуға мүмкіндік береді.
Ал, «Ясауи тағлымы» кездесулерінде адалдық, мейірім және ар алдындағы жауапкершілік өмірлік мысалдар арқылы талқыланады. «Фараби оқулары» білім, ойлау мәдениеті және ортақ игілікке қызмет ету тақырыптарын қамтиды. Бұл жұмыс ғылыми және мәдени-ағартушылық сипатта жүргізіліп, зайырлы қағидаттарға сүйенеді. Мұндағы нәтиже тұрғынның тарихи атауларды жаттап алуынан ғана емес, өңір мұрасын түсіндіре алуынан, музейге қайта баруынан және тарихи орынға ұқыпты қарауынан көрінеді.
«Оқитын Түркістан»
Өңір кітапханаларын жастар мен отбасылар тұрақты келетін, пікір алмасатын және жаңа таныстық орнататын ортаға айналдыру – басты міндеттеріміздің бірі. «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деп заңғар жазушымыз Әбіш Кекілбай айтқандай, бұл бастама облыстағы кітапханалар арқылы жүзеге асырылады. Оқырманға қолайлы уақыт, жаңа кітаптар туралы ақпарат және ауылға көшпелі кітап жеткізу қарастырылады. Әдебиетсүйер жастарға «Мөлдір муза» атты әдеби танысу кештері ұсынылады. Жастар оқыған шығармасы арқылы танысып, кейіпкерлердің таңдауы, сыйластық, достық және отбасы жауапкершілігі туралы пікірлеседі. Қазақстандық классик ақындардың еске алу кештері мен жас авторлардың шығармашылық кештері өтеді.
Түркістандағы «Тармақтар» жобасының авторларымен бірлесіп театрланған поэзиялық кештер өткізуді жоспарлап отырмыз. Әрине, бұған қатысу әркімнің өз еркі. Сонымен қатар «Бір отбасы – бір кітап» оқулары ата-ана мен баланың ортақтасып кітап оқуына, «Кітап сыйла» алаңы кітап алмасуға, «Оқырман ұсынады» айдары тұрғындардың сүйікті шығармасын танытуына мүмкіндік береді. Мектептер мен колледждерде шағын оқу клубтары құрылып, әр кездесуде бір шығарманың өмірмен байланысы талқыланады.
«Мәдениетті қала және қамқор ауыл»
«Мәдениетті қала және қамқор ауыл» жобасы өзара көмекті тұрғындардың тұрақты әдетіне айналдыруды көздейді. «Көршіге көмек» бастамасында көршілер мен еріктілер жалғызілікті қарттарға, қолдауды қажет ететін отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі адамдарға олардың сұранысы бойынша көмектеседі. Көмек түрі азық-түлік жеткізу, үй шаруасына қолғабыс ету, кітап оқып беру немесе цифрлық қызметті пайдалануға үйрету болуы мүмкін.
«Адал еңбек пен әділ сауда»
«Адал еңбек пен әділ сауда» жобасының көздегені – өңірдің іскерлігін сенімді кәсіппен ұштастыру. «Адал кәсіп – абыройлы еңбек» жобасында диқан, малшы, шебер, жұмысшы, кәсіпкер және қызмет көрсету мамандарының тәжірибесі үлгі ретінде ұсынылады. «Ағаштан түйін түй» кездесулерінде жастар қолөнерді, ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету кәсіптерін тәжірибе жүзінде көрсетеді. Колледждер және жергілікті кәсіпкерлер қысқа шеберлік сабақтарын, өндіріс орындарына танысу сапарларын, тәлімгерлік пен тәжірибеден өту мүмкіндіктерін ұсынады. Дәстүрлі кәсіп цифрлық саудамен, заманауи дизайнмен және жаңа технологиямен сабақтастырылады. Базарлар, дүкендер, тасымалдаушылар және қонақүйлермен бірге әділ баға, дұрыс өлшем, таза жұмыс орны, сыпайы қарым-қатынас және шағымға жауап беру бойынша ортақ қызмет мәдениеті насихатталады. Кәсіпкерлерге қысқа тәжірибелік сабақтар өткізіліп, тұтынушы пікірі жұмыс сапасын жақсартуға пайдаланылады. Бұл қадамның барлығы қоғамда еңбекқорлықты дәріптеуге, оны жаңа құндылық ретінде орнықтыруға бағытталған.
«Таза өлке және адал ниет»
«Таза өлке және адал ниет» жобасы «Таза Қазақстан» бастамасын ауладан, көшеден және адамның күнделікті әдетінен басталатын тұрақты мәдениетке айналдыруды межелейді. «Менің көшем – ең таза» жобасында тұрғындар өз ауласы мен көшесін күтіп ұстауға ерікті түрде қатысады. Тарихи орын маңындағы тазалыққа ерекше назар аударылады. «Мұраға құрмет» аясында тұрғындар мен келушілерге ескерткішке жазу жазбау, бүлдірмеу, белгіленген жолмен жүру және айналасын таза ұстау мәдениеті түсіндіріледі. Әрине, жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруда «Таза Қазақстан» жобасының маңызы зор. Оның мәні – қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыру, табиғатқа жанашырлықпен қарау, вандализмге қарсы күрес, жауапкершілікті арттыру. Тәртіп табалдырықтан басталады. Әркім үйде де, аула мен көшеде де тазалық сақтаса, тәртіп орнайды. Тәртіпті сақтау, тазалықты ұстану саналы түрде жасалатын дағдыға ұласқаны абзал.
«Қонақжай Түркістан және заманауи әдеп»
«Қонақжай Түркістан және заманауи әдеп» жобасының мақсаты – өңірдің қонақжайлылығын тұрғын мен келуші сезінетін қызмет мәдениетіне айналдыру. «Қонақ келсе, құт келер» жобасында жүргізушілер, саудагерлер, қонақүй және тамақтану орындарының қызметкерлері өңір тарихын қысқаша таныстыруды, жол көрсетуді, бағаны ашық айтуды және сыпайы қызмет көрсетуді үйренеді. Жастарға арналған «Жас өлкетанушы» клубтары музейлермен бірлесіп, тарихи орындар туралы түсінікті әңгімелер әзірлейді. Қазақ тіліндегі мазмұнның сапасы сақталып, келушілерге қажет басқа тілдердегі ақпарат та ұсынылады. Қызметтің қолжетімділігі егде адамдардың, балалы отбасылардың және мүмкіндігі шектеулі келушілердің қажетіне қарай жақсартылады.
Қоғамдық әдеп кезек сақтаудан, жолда өзара құрметтен, тыныштықты сақтаудан және интернетте әдепті пікірлесуден көрінеді. Отбасы, мектеп және қоғамдық ұйымдар осы дағдыларды бірізді қолдайды. Ұлттық дәстүр заманауи біліммен, технологиямен және адам құқығына деген құрметпен сабақтасады. Президентіміз айтқандай, «прогрессивті қоғамның үш тұғыры бар, олар – білім, ғылым және мәдениет». Жаңа құндылықтар жүйесін орнықтыру осы үш тұғырға арқа сүйеуі керек.
Осы тұжырымдаманы дұрыс іске асырсақ, «түркістандық» сөзі адамның туған жерін ғана емес, оның белгілі бір мәдениетін, мінезін және жауапкершілік деңгейін білдіретін қоғамдық брендке айналуы тиіс. Түркістан облысы сонда ғана тарихын құрметтеуді қазіргі біліммен, ұлттық тәрбиені ашық дүниетаныммен, іскерлікті адал еңбекпен ұштастырған өңір ретінде танылады. «Өркениетті өңір» атауы кітап оқитын, мұқтаж жандарға көмектесетін, айналасын таза ұстайтын және тұтынушыларға сапалы қызмет көрсететін тұрғындардың нақты ісімен бағаланады.
«Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деп халық даналығында айтылғандай, әрбір азамат туған жерінің абыройлы болуына күнделікті іс-әрекетімен үлес қосуы қажет. Сонда ғана еліміз рухани байлықты күнделікті өмірмен, мәйекті мәдениетке сабақтастыра білген қоғам ретінде танылады. Бұл – көне Түркістанның өзгелерге ұсынатын үлгісі.
Жанар БЕКТАЕВА,
Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары