Түркі дүниесінің екі маржаны: Түркістан мен Манас бауырлас қалалар атанды — Xnews — ақпарат агенттігі

Түркі дүниесінің екі маржаны: Түркістан мен Манас бауырлас қалалар атанды

Тарихы тамырлас, тағдыры сабақтас қос шаһардың ынтымақтастығы жаңа кезеңге қадам басты

Тарихы терең, тағдыры ортақ, рухани құндылықтары үндес түркі халықтарының арасындағы достық пен бауырластық ғасырлар қойнауынан бастау алады. Тамыры бір, тілі мен ділі жақын халықтарды жалғап тұрған алтын көпірдің бірі – ортақ тарихи мұра, мәдени сабақтастық және өзара құрмет. Бүгінде бұл байланыстар жаңа мазмұнмен толығып, мемлекетаралық ынтымақтастықтың нақты бағыттарына айналып келеді. Соның жарқын көрінісі – Қазақстанның рухани астанасы Түркістан мен Қырғызстанның тарихи-мәдени орталықтарының бірі Манас қаласының бауырластық қарым-қатынас орнатуы.

Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында өткен Қазақстан мен Қырғызстанның ІІ өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында Түркістан мен Манас қалалары арасында бауырластық байланыстарды дамыту жөніндегі меморандумға қол қойылды. Бұл құжат екі қаланың арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, қос халықтың тарихи жақындығын нақты істер арқылы нығайтуға жол ашады. Ендігі міндет – бауырластық келісімді мәдениет, туризм, экономика, білім және гуманитарлық байланыстар саласындағы бірлескен жобалармен толықтыру.

Бір қарағанда, географиялық тұрғыдан әр мемлекетте орналасқан екі қаланың серіктестік орнатуы өңірлік ынтымақтастықтың кезекті келісімі секілді көрінуі мүмкін. Алайда Түркістан мен Манастың тарихи жолына, рухани болмысына және мәдени ерекшеліктеріне үңілсек, бұл байланыстың мәні әлдеқайда терең екенін аңғарамыз. Өйткені қос шаһарды жалғап тұрған басты құндылық – ортақ түркілік өркениет, Ұлы Жібек жолының тарихи ізі және халық жадында сақталған рухани мұра.

Бауырластыққа бастар тарихи қадам

Бішкек қаласында «Стратегиялық әріптестікті дамытудағы өңірлердің рөлі» тақырыбында өткен Қазақстан мен Қырғызстанның ІІ өңіраралық ынтымақтастық форумы екі ел арасындағы көпжақты байланысты нығайтудың маңызды алаңына айналды. Халықаралық жиынға Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов, Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Касымалиев, екі мемлекеттің орталық және жергілікті мемлекеттік органдарының басшылары, өңірлер мен қалалардың әкімдері, сондай-ақ іскерлік орта өкілдері қатысты.

Форумның негізгі мақсаты – екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті өңірлік деңгейде тереңдету, экономикалық және мәдени байланыстарды кеңейту, өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік жасау. Себебі мемлекеттер арасындағы достықтың беріктігі тек жоғары деңгейдегі саяси кездесулермен өлшенбейді. Оның нақты нәтижесі өңірлердің өзара әрекеттесуінен, кәсіпкерлердің бірлескен бастамаларынан, туристік бағыттардың ашылуынан, мәдени және білім беру салаларындағы тәжірибе алмасудан көрінеді.

Осы тұрғыдан алғанда, өңіраралық форумның маңызы айрықша. Қазақстан мен Қырғызстан – географиялық жағынан көршілес, тарихи және мәдени тұрғыдан жақын мемлекеттер. Екі елдің азаматтары ғасырлар бойы бір-бірімен араласып, сауда-саттық жасап, салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарын ортақтастырған. Бүгінде сол тарихи байланысты заманауи экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастыққа айналдырудың мүмкіндігі мол.

Форум аясында өткен «Қырғызстан мен Қазақстан өңірлері арасындағы халықаралық байланыстарды нығайту факторы ретіндегі туризмді дамыту» тақырыбындағы панельдік сессияда Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы өңірдің туристік әлеуетін таныстырып, халықаралық ынтымақтастықты дамытудың басым бағыттарына тоқталды.

Түркістанның туристік мүмкіндіктері тек Қазақстан көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде де қызығушылық тудырып отыр. Әсіресе, Қырғызстаннан келетін саяхатшылардың үлесі маңызды. Бүгінде Қырғызстан Түркістанға шетелден келетін туристер саны бойынша негізгі бес елдің қатарына кіреді. Бұл екі ел арасындағы туристік байланыстың қалыптасқанын және оны одан әрі дамытуға сұраныс бар екенін көрсетеді.

Панельдік сессияда көтерілген мәселелер мен қол қойылған меморандум осы мүмкіндіктерді нақты ынтымақтастыққа айналдыруға бағытталған. Екі қаланың бауырлас атануы – туристік маршруттарды кеңейтуге, мәдени іс-шараларды бірлесіп өткізуге, тарихи мұраларды танытуға және кәсіпкерлік байланыстарды дамытуға негіз болатын маңызды қадам.

Түркістан – түркі өркениетінің алтын бесігі

Түркістанның тарихы – тұтас түркі дүниесінің тарихымен сабақтас. Еуразия құрлығының кіндік тұсында орналасқан шаһар ежелден Шығыс пен Батысты жалғаған сауда және мәдени байланыстардың маңызды орталығы болған. Ұлы Жібек жолының бойында орналасуы қаланың экономикалық дамуына ғана емес, оның рухани және саяси маңызының артуына да ықпал етті.

Тарихи деректерде қаланың алғашқы атауы Шавғар деген атпен кездеседі. Кейін Ясы атауымен танылған шаһар уақыт өте келе Түркістан деген тарихи атауға ие болды. Оның қалыптасуы мен дамуы бірнеше ғасырды қамтиды. Қаланың әр кезеңдегі тыныс-тіршілігі осы өңірді мекендеген халықтардың мәдениетімен, тұрмысымен және саяси тарихымен тығыз байланысты.

Түркістанның түркі әлеміндегі беделінің артуына ең алдымен Қожа Ахмет Ясауи тұлғасы мен оның рухани мұрасы зор ықпал етті. XII ғасырда өмір сүрген ұлы ойшыл, ақын әрі сопы түркі халықтарының дүниетанымы мен рухани мәдениетінің қалыптасуына айрықша үлес қосты. Оның ілімі мен өнегесі ғасырлар бойы халық жадында сақталып, Түркістанды бүкіл түркі жұртының рухани орталығына айналдырды.

XIV ғасырда Әмір Темірдің бұйрығымен Қожа Ахмет Ясауидің қабірі үстіне зәулім кесене тұрғызылды. Бұл сәулет туындысы сол дәуірдегі құрылыс өнерінің озық жетістіктерін бойына жинаған бірегей ескерткіш саналады. Кесене өзінің көлемімен, сәулеттік шешімімен, көркем безендірілуімен және тарихи маңызымен ерекшеленеді.

Кейінгі ғасырларда Түркістанның саяси және экономикалық рөлі де күшейе түсті. XV ғасырдан бастап қала маңызды орталыққа айналып, Қазақ хандығының қалыптасуы мен нығаюында ерекше орын алды. XVI ғасырдың соңы мен XVII ғасырда Түркістан Қазақ хандығының саяси орталығы әрі астанасы ретінде танылды. Мұнда қазақтың хандары мен билері бас қосып, ел тағдырына қатысты маңызды мәселелерді шешті.

Түркістанның қазақ тарихындағы орнын айқындайтын тағы бір ерекшелік – оның қазақ хандары жерленген қасиетті мекенге айналуы. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңында Есім хан, Абылай хан және басқа да тарихи тұлғалардың жерленген орындары бар. Бұл жағдай қаланың тарихи маңызын арттырып қана қоймай, оны ұлттық бірегейліктің, мемлекеттілік дәстүрінің символына айналдырды.

Түркістанның рухани орталық ретіндегі мәртебесін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та ерекше атап өткен болатын. «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы – Түркістан» деген сөзі қаланың ел тарихындағы айрықша орнын айқындай түсті.

Бүгінде Түркістан – облыс орталығы ғана емес, тарихи туризмнің, мәдени дипломатияның және халықаралық ынтымақтастықтың маңызды алаңы. Қаланың дамуы оның көне тарихын жаңғыртып, заманауи инфрақұрылыммен ұштастыруға бағытталған.

Көне шаһардың әр тасы – тарихтың куәсі

Түркістанға табан тіреген туристі ең алдымен қаланың бай тарихи мұрасы қызықтырады. Мұнда әрбір ескерткіштің, әрбір көне құрылыстың өзіндік тарихы бар. Қаладағы тарихи-мәдени нысандардың басым бөлігі бірнеше ғасыр бұрынғы өркениет пен сәулет өнерінің іздерін сақтап қалған.

Түркістанның басты тарихи нысаны – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген бұл ескерткіш Қазақстанның ғана емес, бүкіл адамзаттың мәдени қазынасына жатады. Кесене ғасырлар бойы зиярат етушілер мен саяхатшылардың назарын аударып келеді. Оның тарихи және рухани маңызы түркі халықтарының ортақ мәдени кеңістігін танытуда ерекше орын алады.

Қаланың көне тарихын танытатын нысандардың бірі – Күлтөбе қалашығы. Археологиялық зерттеулер барысында бұл жерден Түркістанның көне дәуірдегі тіршілігіне қатысты көптеген деректер табылған. Күлтөбе – қазіргі қаланың тарихи бастауларының бірі. Мұндағы археологиялық қабаттар бірнеше тарихи кезеңнің ізін сақтаған. Сондықтан бұл орын археологтар үшін де, тарихқа қызығатын туристер үшін де маңызды.

Ортағасырлық Түркістан қаласының орны да өткен дәуірлердің тыныс-тіршілігінен сыр шертеді. Кезінде мұнда шахристан, рабаттар, сауда орындары мен қолөнер шеберханалары орналасқан. Қаланы айналдыра қоршаған қорған қабырғаларының ұзындығы шамамен үш шақырымға жеткені жөніндегі деректер оның сол кезеңдегі ауқымын аңғартады.

Тарихи нысандар қатарында Есім хан кесенесінің де орны ерекше. XVII ғасырда салынған бұл ескерткіш Қазақ хандығының тарихындағы көрнекті билеушілердің бірі Есім ханның есімімен байланысты. «Еңсегей бойлы Ер Есім» атанған хан елдің бірлігі мен мемлекеттілігін нығайту жолында маңызды рөл атқарған. Оның Түркістанда жерленуі шаһардың қазақ хандары үшін қасиетті мекен болғанын тағы бір мәрте дәлелдейді.

Рабия Сұлтан бегім кесенесі де Түркістанның сәулеттік және тарихи мұраларының бірі. Ол – Әмір Темірдің немересі, Ұлықбектің қызы, Әбілқайыр ханның жары болған тарихи тұлға. Кесененің сәулеттік құрылымы мен композициялық ерекшеліктері ортағасырлық сәулет өнерінің өзіндік үлгісін көрсетеді.

Қаладағы тағы бір ерекше нысан – Қылует жер асты мешіті. Қожа Ахмет Ясауи есімімен байланысты бұл ғибадат орны XII–XIX ғасырлар аралығындағы діни-рухани өмірдің көрінісін сақтаған. Жер астында орналасқан бөлмелері мен құрылымдық ерекшеліктері оның тарихи-мәдени маңызын арттырады.

Сондай-ақ XVI ғасырда салынған ортағасырлық Шығыс моншасы, Құмшықата жер асты мешіті және басқа да тарихи нысандар Түркістанның туристік бағыттарын байыта түседі. Бұл ескерткіштер арқылы саяхатшылар тек қаланың өткенін танып қана қоймай, сол дәуірдегі адамдардың тұрмыс-тіршілігі, діни танымы мен сәулет мәдениеті туралы мол мағлұмат алады.

Тарихи мұраларды сақтау мен таныту бағытында музейлердің де маңызы зор. Түркістан тарихи-мәдени этнографиялық орталығы, Түркістан тарихи музейі және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі қала тарихын жүйелі түрде таныстыруға мүмкіндік береді.

Осы нысандардың барлығы Түркістанды жай ғана туристік қала емес, өткен мен бүгінді жалғаған үлкен мәдени кеңістік ретінде танытады. Бұл – Манас қаласымен орнаған бауырластық байланыстың да маңызды негіздерінің бірі. Өйткені екі шаһардың да тарихи болмысында көне өркениет, сауда жолдары, рухани дәстүрлер мен халықтық мұра айрықша орын алады.

Манас – қырғыз халқының рухани мұрасымен сабақтас шаһар

Түркістанмен бауырлас атанған Манас қаласының да тарихы тереңде жатыр. Қырғызстанның оңтүстігінде орналасқан бұл шаһар Жалал-Абад облысының әкімшілік, экономикалық және мәдени орталықтарының бірі ретінде қалыптасқан. Бұрын Жалал-Абад атауымен белгілі болған қала 2025 жылғы 17 қыркүйекте қабылданған заңға сәйкес Манас болып қайта аталды.

Қаланың жаңа атауы қырғыз халқының ұлттық болмысы мен рухани мұрасының ең биік символдарының бірі – «Манас» эпосымен тікелей байланысты. Бұл шешім шаһардың тарихи-мәдени келбетін ұлттық құндылықтармен сабақтастыра түсті.

Манастың қалыптасу тарихы Аюб-Тоо тауының етегіндегі шипалы бұлақтармен байланыстырылады. Жергілікті аңыздарға сәйкес, бұл жерде Хазірет Аюб есімді әулиенің ізі қалған. Оның есімімен байланысты бұлақтарға ғасырлар бойы адамдар ем іздеп, зиярат ету үшін келген. Аңызда Хазірет Аюбтың Аллаға деген сенімі мен сабырлылығының арқасында дертінен айыққаны баяндалады. Кейін оның аяғымен жерді ұруынан шипалы ыстық бұлақтар пайда болғаны айтылады.

Бұл мекен туралы аңыздарда оның жұбайы Бибі Рахимнің де есімі аталады. Қыз-Бұлақ деп аталатын қайнардың пайда болуын халық осы тұлғамен байланыстырады. Бұлақтардың емдік қасиеті туралы әңгімелер өңірге алыс-жақыннан адамдардың келуіне себеп болған.

Уақыт өте келе шипалы бұлақтардың маңында шағын қоныс қалыптасып, оның тұрғындары зиярат етушілерге қызмет көрсетумен қатар егіншілік, мал шаруашылығы және қолөнермен айналысқан. Кейін бұл елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық тынысы кеңейіп, сауда мен кәсіпшіліктің дамуына жол ашылды.

XIX ғасырдың басында бұл аумақта Қоқан хандығына қарасты шағын бекініс салынған. Оның айналасында қоныс ұлғайып, тұрғындар саны артты. Өңірде ауыл шаруашылығы, бау-бақша, күріш және бақша дақылдарын өсіру дамыды. Қолөнершілер мен шеберлердің қатары көбейіп, шағын өндіріс орындарының қалыптасуына негіз қаланды.

Қаланың ресми қалыптасу тарихы 1877 жылдың қазан айынан басталады. Осы кезеңде Аюб-Тоо тауының етегінде әскери бекініс орнатылып, кейін елді мекеннің әкімшілік маңызы арта түсті. 1909 жылға қарай тұрғындарының саны шамамен 1100 адамға жеткен. Ал 1916 жылы қалада алты мыңға жуық адам тұрғаны жөнінде мәлімет бар.

Манастың дамуына оның географиялық орналасуы да ықпал етті. Қала Ұлы Жібек жолының тарихи бағыттарына жақын орналасқан. Ғасырлар бойы бұл өңірден өткен саудагерлер мен саяхатшылар жергілікті халықпен байланыс орнатып, мәдени және экономикалық алмасуға жол ашқан.

Кейінгі кезеңдерде Манас өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының дамуына байланысты жаңа сипатқа ие болды. Қалада азық-түлік, құрылыс материалдарын өндіру, ағаш өңдеу, электротехника және басқа да өндіріс салалары қалыптасты. Бүгінде ол облыстың экономикалық тынысына ықпал ететін маңызды орталықтардың бірі саналады.

Манастың тағы бір ерекшелігі – табиғи байлығы мен емдік-сауықтыру мүмкіндіктері. Қаланың маңындағы Аюб-Тоо тауында орналасқан минералды бұлақтар өңірдің туристік әлеуетін арттырады. Теңіз деңгейінен шамамен 700 метр биіктіктегі бұл аймақ шипалы су көздерімен танымал. Мұнда емделу, демалу және табиғат аясында уақыт өткізу үшін келетін адамдар аз емес.

Қалаға жақын орналасқан курорттық аймақтар, тау бөктеріндегі демалыс орындары, жергілікті базарлар мен тарихи музейлер саяхатшыларға өңірдің табиғи және мәдени ерекшеліктерін танытады. Манас жеміс-жидек пен көкөніске бай өлкеде орналасқандықтан, жергілікті өнімдердің молдығымен де ерекшеленеді. Базарлардан жаңа піскен жемістер, жаңғақтар және өңірге тән тағам түрлерін кездестіруге болады.

Осылайша, Манас қаласының тарихы табиғи емдік орындардан басталып, сауда мен қолөнердің, кейін өнеркәсіп пен мәдениеттің дамуымен жалғасқан. Бұл шаһардың Түркістанмен бауырластық орнатуы екі қаланың тарихи байланысын жаңа қырынан танытуға мүмкіндік береді.

«Манас» эпосы – халықтың жадындағы мәңгілік мұра

Манас қаласының атауын айрықша мәнге бөлейтін басты құндылық – қырғыз халқының ұлы эпосы. «Манас» жыры – тек әдеби шығарма емес, тұтас бір халықтың тарихи жадын, дүниетанымын, салт-дәстүрін, арман-мұратын бойына жинақтаған баға жетпес рухани мұра.

Көлемі мен мазмұны жағынан әлемдік эпикалық шығармалардың қатарынан орын алатын бұл жырда қырғыз халқының ғасырлар бойғы өмірі, елдік жолындағы күресі, батырлық дәстүрі мен қоғамдық болмысы кеңінен суреттеледі. Эпостың негізгі желісі аты аңызға айналған Манас батырдың ерліктері мен халқын біріктіру жолындағы күресіне құрылған.

Алайда жырдың мазмұны тек батырлық оқиғалармен шектелмейді. Онда халықтың тұрмыс-тіршілігі, отбасылық қатынастары, салт-санасы, қоғамдық құрылымы, дүниетанымы мен адамгершілік қағидалары кеңінен қамтылған. Сондықтан «Манас» эпосын қырғыз халқының рухани энциклопедиясы деп бағалауға толық негіз бар.

Эпостың көркемдік қуаты мен тарихи маңызына әлем ғалымдары да ерте кезден назар аударған. Оның ғылыми тұрғыдан зерттелуіне Шоқан Уәлиханов пен Василий Радловтың қосқан үлесі ерекше.

Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов қырғыз жерінде болған сапарлары кезінде «Манас» жырымен танысып, оның мазмұны мен көркемдік ерекшеліктерін зерттеген. Ол эпосты әлем әдебиетінің әйгілі туындыларымен салыстырып, «Манасты» Гомердің «Илиадасына» теңеген. Ал жырдың жалғасы саналатын «Семетей» бөлімін «Орта Азияның «Одиссеясы» деп бағалағаны белгілі. Шоқанның бұл пікірі эпостың көркемдік және тарихи құндылығын айқындай түседі.

Кейін белгілі шығыстанушы ғалым Василий Радлов та «Манас» жырының бірнеше бөлімінен үзінділер жинап, оны ғылыми айналымға енгізуге атсалысты. 1885 жылы эпостың үзінділері Санкт-Петербургте қырғыз тілінде орыс транскрипциясымен жарық көріп, сол жылы неміс тіліндегі аудармасы Лейпцигте басылып шықты. Бұл оқиға қырғыз халқының рухани мұрасының халықаралық ғылыми ортаға танылуына жол ашты.

1928 жылы қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезов те «Манас» эпосын зерттеу және оның нұсқаларын жинау мақсатында Фрунзе қаласына барған. Бұл сапар екі халықтың әдеби-мәдени байланыстарының ертеден қалыптасқанын көрсетеді.

Қырғыз халқының ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматов «Манас» эпосын елдің байырғы атамұрасының ең биік шыңы ретінде бағалаған. Шынында да, бұл жыр бірнеше ғасыр бойы халықтың тарихи санасын сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткен рухани қазына болып отыр.

1995 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен «Манас» эпосының мың жылдығы халықаралық деңгейде аталып өтті. Бұл мерейтой жырдың тек қырғыз халқына ғана емес, әлемдік мәдениетке ортақ мұра екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

«Манас» эпосының мәні Түркістан мен Манас қалаларының бауырластық байланысы тұрғысынан да ерекше. Себебі Түркістан – Қожа Ахмет Ясауи мұрасымен бүкіл түркі жұртына танылған рухани орталық болса, Манас – халықтың батырлық рухын, тарихи жадын сақтаған ұлы эпостың атауын иеленген қала.

Бірі – түркі әлемінің рухани ілімін танытса, екіншісі – елдік пен ерліктің, бірлік пен намыстың символына айналған эпикалық мұраны дәріптейді. Осы тұрғыдан алғанда, қос шаһардың бауырласуы тарихи және мәдени сабақтастықтың заңды жалғасы іспетті.

Ұлы Жібек жолынан басталған ортақ тарих

Түркістан мен Манастың тарихындағы тағы бір ортақ ерекшелік – олардың Ұлы Жібек жолының тарихи кеңістігімен байланысы. Ежелден Шығыс пен Батысты жалғаған сауда жолдары тек тауар тасымалдайтын бағыт қана болған жоқ. Ол халықтардың мәдениеті мен дүниетанымын жақындастырып, ғылым мен өнердің, дін мен дәстүрдің таралуына ықпал етті.

Түркістан керуен жолдарының бойындағы ірі сауда және саяси орталық ретінде қалыптасты. Мұнда әртүрлі елдерден келген саудагерлер мен саяхатшылар бас қосып, қолөнер бұйымдары, тұрмыстық заттар, азық-түлік және басқа да тауарлар саудаланды. Қаладағы базарлар мен керуен-сарайлар өңірдің экономикалық өмірінде маңызды орын алды.

Манас орналасқан өңір де ежелгі сауда бағыттарымен тығыз байланысты болды. Бұл аймақ арқылы өткен керуендер жергілікті елді мекендердің дамуына ықпал етіп, сауда-саттық пен қолөнердің өркендеуіне мүмкіндік берді. Аюб-Тоо маңындағы шипалы бұлақтарға келетін зияратшылар мен саяхатшылар да өңірдің әлеуметтік және экономикалық тынысын жандандырды.

Ұлы Жібек жолының бойындағы осындай тарихи байланыстар екі халықтың бір-бірімен араласуына, мәдени құндылықтарының ортақтасуына негіз болды. Бүгінде бұл тарихи сабақтастық жаңа мазмұнмен жалғасып отыр.

Егер бұрын керуендер сауда тауарларын тасымалдаса, қазір заманауи көлік қатынасы, туристік маршруттар мен халықаралық жобалар халықтарды жақындастырады. Бұрынғы керуен-сарайлардың орнын қонақүйлер мен туристік орталықтар басып, тарихи қалалардың мұрасын танытатын жаңа инфрақұрылым қалыптасуда.

Осы тұрғыдан алғанда, Түркістан мен Манас арасындағы бауырластық меморандумды тарихи байланыстың заманауи жалғасы деп бағалауға болады.

Туризм – ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндігі

Екі қаланың бауырласуының маңызды бағыттарының бірі – туризм саласындағы ынтымақтастық. Түркістан мен Манас өздерінің тарихи-мәдени мұрасымен, табиғи ерекшеліктерімен және туристік нысандарымен бірін-бірі толықтыра алады.

Түркістанға келетін туристерді ең алдымен рухани және тарихи орындар қызықтырады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Күлтөбе қалашығы, көне қаланың орны, тарихи музейлер мен басқа да мәдени нысандар саяхатшыларға бай бағдарлама ұсынады. Ал Манас қаласы мен оның айналасындағы Аюб-Тоо тауы, минералды бұлақтар, курорттық аймақтар, табиғи демалыс орындары туристер үшін ерекше бағыт бола алады.

Осы мүмкіндіктерді біріктіре отырып, екі ел арасында жаңа туристік маршруттар қалыптастыруға болады. Мәселен, Түркістаннан басталатын тарихи-танымдық сапарды Қырғызстанның оңтүстігіндегі мәдени және табиғи нысандармен жалғастыруға мүмкіндік бар. Мұндай бағыттар шетелдік саяхатшылар үшін де қызықты болары сөзсіз.

Қырғызстан азаматтарының Түркістанға деген қызығушылығының жоғары болуы да бұл бағыттың әлеуетін көрсетеді. Екі ел арасындағы тілдік және мәдени жақындық туристердің саяхатын жеңілдетеді. Ортақ тарихи мұра мен ұқсас салт-дәстүрлер саяхатшылардың өздерін бөтен ортада емес, бауырлас халықтың арасында жүргендей сезінуіне мүмкіндік береді.

Туризмді дамыту тек тарихи орындарды көрсетумен шектелмейді. Ол көлік қатынасын жақсартуды, қонақүй және қызмет көрсету саласын дамытуды, гидтер даярлауды, ақпараттық материалдарды ортақтастыруды қажет етеді. Сонымен қатар туристерге арналған сапалы маршруттар әзірлеп, екі қаланың мәдени іс-шараларын бір-бірінде таныстыру да маңызды.

Мәселен, Түркістанда өтетін халықаралық мәдени фестивальдерге Манас қаласының шығармашылық ұжымдарын шақыру, ал Қырғызстандағы ұлттық өнер мен дәстүрге арналған іс-шараларға Түркістан өкілдерінің қатысуы мәдени байланысты жандандыра түсер еді. Мұндай бастамалар туристік қызығушылықты арттырумен қатар, халықтар арасындағы рухани жақындықты да нығайтады.

Бауырлас қалалар арасында қолөнер көрмелерін, ұлттық тағам фестивальдерін, фотокөрмелер мен тарихи-танымдық кездесулер өткізу де тиімді. Түркістанның дәстүрлі қолөнері мен сәулет өнерін, Манастың ұлттық мәдениеті мен эпикалық мұрасын өзара таныстыру екі қаланың туристік брендін қалыптастыруға септігін тигізеді.

Туризмнің тағы бір маңызды бағыты – емдік-сауықтыру саяхаты. Түркістанның тарихи-рухани туризмі мен Манастың минералды бұлақтары мен курорттық орындарын бір туристік бағдарламаға біріктіру арқылы саяхатшыларға жан-жақты демалыс ұсынуға болады. Бұл екі қаланың да қызмет көрсету саласына серпін беріп, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді.

Мәдениет пен білім – достықтың берік көпірі

Тарихи және рухани байланыстарды нығайтудың ең тиімді жолдарының бірі – мәдениет пен білім саласындағы ынтымақтастық. Өйткені халықтар арасындағы достық ең алдымен олардың бір-бірінің тарихын, тілін, әдебиеті мен дәстүрін тануынан басталады.

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мәдени байланыстардың негізі бұрыннан қалыптасқан. Екі елдің әдебиеті мен өнерінде ортақ тақырыптар, тарихи тұлғалар мен рухани құндылықтар аз емес. Шоқан Уәлихановтың «Манас» эпосын зерттеуі, Мұхтар Әуезовтің қырғыз жеріне жасаған ғылыми сапары, Шыңғыс Айтматов шығармаларының қазақ оқырмандарына кеңінен танылуы – осы сабақтастықтың айқын дәлелі.

Түркістан мен Манас арасындағы бауырластық келісім осы тарихи байланысты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Екі қаладағы театрлар, музейлер, кітапханалар, мәдени орталықтар мен білім беру ұйымдары арасында тәжірибе алмасу ұйымдастырылса, ынтымақтастықтың нақты нәтижесі көріне бастайды.

Мәселен, мектеп оқушылары мен студенттерге арналған тарихи-мәдени экскурсиялар ұйымдастыру, жастар форумдарын өткізу, ғалымдар мен зерттеушілердің бірлескен конференцияларын өткізу маңызды бастамалардың қатарында болуы мүмкін. Мұндай жобалар жас ұрпақтың түркі халықтарының ортақ тарихына деген қызығушылығын арттырады.

Әсіресе, «Манас» эпосын Түркістан жұртшылығына кеңінен таныту, Қожа Ахмет Ясауи мұрасын Қырғызстанда насихаттау екі халықтың рухани байланысын тереңдете түседі. Эпостың үзінділерін қазақ тіліне аудару, әдеби кештер мен ғылыми талқылаулар өткізу, тарихи тұлғаларға арналған деректі көрмелер ұйымдастыру да осы бағыттағы маңызды қадамдар болмақ.

Сонымен қатар бауырлас қалалар арасындағы ынтымақтастыққа өнер адамдары, жазушылар, журналистер мен шығармашылық ұжымдарды тартудың маңызы зор. Өйткені мәдениет саласындағы тікелей байланыс халықтар арасындағы түсіністік пен сенімді арттырады.

Түркістан мен Манас үшін мұндай бастамалардың маңызы ерекше. Бірі – Қожа Ахмет Ясауи ілімі арқылы танылған рухани орталық, екіншісі – «Манас» эпосы арқылы әлемге әйгілі болған мәдени кеңістік. Бұл екі мұраны өзара таныту – тұтас түркі өркениетінің байлығын дәріптеудің бір жолы.

Экономикалық әріптестікке де жол ашылады

Бауырлас қалалар арасындағы байланыс мәдениет пен туризммен ғана шектелмеуі керек. Оның экономикалық мазмұны да терең болғаны маңызды. Өңіраралық ынтымақтастықтың басты артықшылығы – жергілікті кәсіпкерлер мен өндіріс орындарына жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік беру.

Түркістан өңірі ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда, қызмет көрсету және туризм салаларында айтарлықтай әлеуетке ие. Қалада туристік инфрақұрылымның дамуы қонақүй бизнесі, қоғамдық тамақтану, көлік, сауда және басқа да қызмет көрсету салаларына жаңа мүмкіндіктер қалыптастырып отыр.

Ал Манас қаласы Жалал-Абад облысының маңызды экономикалық орталығы ретінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, өңдеу өнеркәсібі және сауда салаларымен ерекшеленеді. Өңір жеміс-жидек пен көкөніс өсіруге қолайлы. Қалада азық-түлік, құрылыс материалдары, ағаш өңдеу және басқа да өндіріс бағыттары дамыған.

Осы мүмкіндіктерді өзара байланыстыру арқылы кәсіпкерлер арасында іскерлік қарым-қатынасты кеңейтуге болады. Бірлескен бизнес-форумдар, сауда көрмелері, инвестициялық кездесулер ұйымдастыру екі қаланың экономикалық әлеуетін танытуға мүмкіндік береді.

Түркістан мен Манас кәсіпкерлерінің арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, азық-түлік өндірісі, құрылыс материалдары, қолөнер бұйымдары және туристік қызмет көрсету бағыттарында тәжірибе алмасуға негіз бар. Әсіресе шағын және орта бизнес өкілдерінің байланысын нығайту өңірлік экономиканың дамуына оң ықпал етуі мүмкін.

Сонымен бірге екі қалада өндірілетін жергілікті өнімдерді өзара таныстыру, сауда желілерімен байланыс орнату, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу де тиімді бастамалар болмақ. Мұндай жобалар тек кәсіпкерлерге ғана емес, қарапайым тұрғындарға да пайдасын тигізеді.

Экономикалық байланыстарды дамытудың тағы бір маңызды шарты – іскерлік ақпарат алмасу. Кәсіпкерлерге арналған кездесулер мен таныстырылымдар арқылы әр тарап өз нарығының ерекшеліктерін, инвестициялық мүмкіндіктері мен сұранысын зерттей алады. Бұл болашақта бірлескен жобалардың жүзеге асуына жол ашады.

Ортақ мұра – ортақ жауапкершілік

Түркістан мен Манас қалаларының бауырлас атануы – екі халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи жақындығының бүгінгі көрінісі. Алайда мұндай келісімдердің шынайы құндылығы қол қойылған құжатпен ғана өлшенбейді. Оның маңызы уақыт өте келе жүзеге асатын жобалардан, қалыптасатын байланыстардан және халыққа беретін нақты пайдасынан көрінеді.

Сондықтан меморандум аясындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыру маңызды. Алдымен екі қала арасындағы тұрақты байланыс тетіктерін қалыптастырып, мәдениет, туризм, білім және экономика салаларындағы басым бағыттарды айқындау қажет. Бірлескен жұмыс жоспары әзірленіп, нақты жобалар кезең-кезеңімен іске асырылса, бауырластықтың мазмұны да байи түседі.

Әсіресе, тарихи мұраны сақтау мәселесі екі қала үшін де ортақ міндет. Түркістандағы көне ескерткіштер мен Манас өңіріндегі тарихи орындарды зерттеу, қорғау және таныту бағытында тәжірибе алмасу маңызды. Археологтар, тарихшылар мен музей мамандарының бірлескен ғылыми кездесулері ортақ тарихи кеңістікті тереңірек тануға мүмкіндік береді.

Түркі халықтарының рухани мұрасы тек өткеннің естелігі ретінде қарастырылмауы керек. Ол – бүгінгі қоғамды біріктіретін, жас ұрпаққа бағыт-бағдар беретін және болашаққа жол ашатын құндылық. Сондықтан оны сақтау мен насихаттау мемлекеттер мен қалалардың ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі саналады.

Түркістан мен Манас арасындағы бауырластық байланыс осы жауапкершілікті нақты істермен ұштастыруға мүмкіндік береді. Қос қаланың мәдени және туристік әлеуетін біріктіру арқылы түркі дүниесінің ортақ мұрасын халықаралық деңгейде танытуға да жол ашылады.

Тарихы ортақ қалалардың болашағы жарқын

Бүгінде әлемдік кеңістікте қалалар арасындағы серіктестік өңірлік дамудың маңызды тетігіне айналып отыр. Бауырлас қалалар тәжірибе алмасып қана қоймай, экономикалық, мәдени және әлеуметтік салаларда ортақ жобаларды жүзеге асырады. Бұл өз кезегінде тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, туристік тартымдылықты арттыруға және халықаралық байланыстарды кеңейтуге ықпал етеді.

Түркістан мен Манас арасындағы меморандум да осындай мақсаттарға бағытталған. Екі шаһардың тарихи және мәдени ерекшеліктері бір-бірін толықтырады. Түркістан – түркі халықтарының рухани орталығы, қазақ мемлекеттілігінің маңызды тарихи мекені. Манас – қырғыз халқының ұлттық болмысын айқындайтын ұлы эпостың атауын иеленген, табиғи және тарихи әлеуеті мол қала.

Бірін бірі толықтыратын осындай ерекшеліктер қос қаланың халықаралық деңгейдегі танымалдығын арттыруға мүмкіндік береді. Түркістанға келген қырғыз саяхатшысы ортақ тарихтың іздерін көрсе, Манасқа барған түркістандық турист қырғыз халқының бай мәдениеті мен табиғи мұрасына қаныға алады.

Ең бастысы, бұл ынтымақтастықтың негізінде халықтардың өзара құрметі мен тарихи жақындығы жатыр. Бір кездері Ұлы Жібек жолының бойында сауда-саттық пен мәдени байланыс арқылы жақындасқан халықтар бүгінде заманауи серіктестік арқылы жаңа белестерге қадам басып отыр.

Түркістан мен Манастың бауырлас қалалар атануы – жай ғана ресми келісім емес, тамыры бір түркі халықтарының достығын нығайтатын маңызды оқиға. Бұл бастама екі шаһардың туристік мүмкіндіктерін кеңейтіп, мәдени байланыстарын тереңдетіп, экономикалық әріптестігін дамытуға серпін береді.

Тарихтың тереңінен тамыр тартқан Түркістан мен Манас енді болашаққа бағытталған ортақ бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Бірі – Қожа Ахмет Ясауи мұрасын, екіншісі – Манас батырдың рухын ұлықтаған қос қала ендігі жерде түркі дүниесінің бірлігі мен ынтымақтастығын жаңа деңгейде танытуға үлес қоса алады.

Өйткені бауырластықтың шынайы мәні – ортақ тарихты құрметтеп қана қоймай, сол тарихтан күш алып, келешекке бірге қадам басу. Түркістан мен Манастың жаңа серіктестігі де осындай ізгі мақсаттарға қызмет етпек.

x

Check Also

Түркістанда 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Түркістан қаласында өңірдің денсаулық сақтау саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жалғасуда. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстарының ...

Түркістан облысы АҚШ компанияларымен ынтымақтастықты нығайтады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Питер Кауфманмен кездесті. Кездесуде өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, америкалық инвестицияны тарту, ...