Түркістанда терроризмнің зардабын көрсетіп, қызметтік борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапқан азаматтардың өмірі мен батырлығын ұлықтаған деректі фильмдердің тұсаукесері өтті.
Тәуелсіз елдің ең қымбат құндылығы – бейбітшілік пен тыныштық. Ал сол тыныштықты сақтау жолында өз өмірін қатерге тігіп, ел қауіпсіздігі үшін жанын пида еткен азаматтардың ерлігі ешқашан ұмытылмауы тиіс. Олардың батырлығы – кейінгі ұрпаққа үлгі, Отанға деген адалдықтың, азаматтық борыш пен отансүйгіштіктің жарқын көрінісі. Осындай қаһармандардың есімін ұлықтап, терроризмнің адамзатқа әкелетін қасіретін кеңінен түсіндіру мақсатында Түркістан қаласында тағылымы терең маңызды іс-шара ұйымдастырылды.
Түркістан қаласындағы «Turan Mall» сауда және ойын-сауық орталығында экстремизм мен терроризмнің алдын алуға, қоғамның қауіпсіздік мәдениетін арттыруға және қызметтік міндетін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан азаматтардың рухына тағзым етуге арналған деректі фильмдердің таныстырылымы өтті.
Көпшілік назарына Түркістан облысы Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ жанындағы «Күлтөбе» медиа студиясы түсірген «Тағдырды талқандаған – терроризм» және «Қаралы күннің қаһарманы» атты екі деректі фильм ұсынылды. Аталған туындылардың мазмұны қоғам үшін аса маңызды екі бағытты қамтиды. Біріншісі – терроризмнің адам өміріне, отбасы мен тұтас қоғамға тигізетін ауыр зардабын көрсету болса, екіншісі – ел тыныштығы жолында жанын қиған азаматтардың ерлігін дәріптеу.
Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, ҰҚК Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Талғат Мелдешов, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың өкілдері, Ұлттық ұлан әскери қызметшілері, діни бірлестіктердің мүшелері мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Жиынға қатысушылар деректі фильмдерді тамашалап қана қоймай, ел қауіпсіздігі жолында қаза тапқан азаматтардың өмір жолы мен ерлік істеріне тағзым етті.
Фильмдердің бірінде Ақтөбе қаласында болған террористік акт кезінде ерлікпен қаза тапқан сарбаз Досбол Сапардың өмірі мен батырлығы баяндалады. Ол ел басына қауіп төнген сын сағатта әскери борышына адалдық танытып, Отан алдындағы міндетін орындау жолында ерлік көрсетті. Оның тағдыры – әскери антқа беріктік пен азаматтық жауапкершіліктің айқын үлгісі.
Ал «Қаралы күннің қаһарманы» атты деректі фильмде Алматы қаласында лаңкестік оқиға кезінде қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан полиция лейтенанты Мейрамбек Рахматуллаевтың ерлігі сөз болады. Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – құқық қорғау қызметкерлерінің күнделікті міндеті. Алайда кей сәттерде бұл міндет өмір мен өлім арасындағы күреске айналады. Сондай сын сағатта Мейрамбек Рахматуллаев кәсіби борышына адалдық танытып, батылдығы мен қайсарлығын көрсетті.
Екі азаматтың тағдыры – ел тыныштығының өздігінен келмейтінін, оның артында күн сайын қауіп-қатермен бетпе-бет келетін ержүрек жандардың еңбегі мен жанқиярлығы тұрғанын еске салады. Олар үшін қызметтік міндет жеке бастың қауіпсіздігінен биік болды. Сондықтан мұндай ерліктерді ұлықтау – тек өткенді еске алу емес, елдік сананы қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.
Таныстырылымның әсерлі сәттерінің бірі – қаза тапқан азаматтардың ата-аналарының естеліктерімен бөлісуі болды. Перзентінен айырылған ата-ананың жүрегіндегі сағыныш пен орны толмас қайғыны сөзбен жеткізу қиын. Дегенмен олар ұлдарының ел алдындағы борышын абыроймен атқарып, ерлікпен қаза тапқанын мақтанышпен жеткізді. Олардың айтқан естеліктері көрермендерге батырлардың қызметтегі болмысымен қатар, отбасындағы қарапайым адамгершілік қасиеттерін де танытты.
Шара барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5574 әскери бөлімінің басшысы Төлеген Шыныбеков пен Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Ғалымжан Қуашбаев сөз сөйлеп, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің жауапкершілігіне тоқталды. Сондай-ақ Отанға адал қызмет етудің, әскери ант пен азаматтық борышқа беріктіктің маңызын атап өтті.
Жиын аясында батырлардың ата-аналарына құрмет көрсетіліп, естелік сыйлықтар табысталды. Бұл – ерлікпен қаза тапқан азаматтардың есімін ұлықтауға ғана емес, олардың отбасыларына деген құрмет пен жанашырлықтың да белгісі. Өйткені ел үшін жанын қиған қаһармандардың артында олардың ерлігін мақтан тұтатын, сағынышпен еске алатын жақындары қалды. Оларға құрмет көрсету – қоғамның азаматтық парызы.
Жалпы, мұндай тағылымды кездесулердің маңызы бүгінгі таңда ерекше. Себебі экстремизм мен терроризм – белгілі бір адамға немесе отбасыға ғана емес, тұтас мемлекетке қауіп төндіретін қатер. Радикалды идеологияның ықпалына түскен адамдардың әрекеті талай тағдырды талқандап, бейбіт өмірдің шырқын бұзуы мүмкін. Сондықтан оның алдын алу тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік болуы керек.
Әсіресе жастар арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейту, діни сауаттылықты арттыру, радикалды көзқарастардың қауіптілігін ұғындыру – маңызды бағыттардың бірі. Жастар ел тарихындағы ерлік үлгілерін танып, бейбітшіліктің қадірін түсінуі қажет. Өйткені Отанды сүю – құр сөзбен емес, елдің бірлігі мен тұрақтылығын сақтауға үлес қосу, заңды құрметтеу, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну арқылы көрінеді.
Осы тұрғыдан алғанда, «Тағдырды талқандаған – терроризм» және «Қаралы күннің қаһарманы» деректі фильмдері тек ақпараттық туынды ғана емес, тәрбиелік мәні зор рухани жоба деуге болады. Бірі терроризмнің адамзатқа әкелетін қасіретін көрсетсе, екіншісі сол қатермен күрес жолында өмірін қиған азаматтардың ерлігін ұрпақ жадында жаңғыртады. Екі фильм де көрерменді бейбіт өмірдің бағасын түсінуге, ел қауіпсіздігіне бейжай қарамауға үндейді.
Ерлік – уақыт өткен сайын көмескіленетін ұғым емес. Керісінше, оны ұлықтап, кейінгі буынға жеткізген сайын оның тәрбиелік мәні арта түседі. Досбол Сапар мен Мейрамбек Рахматуллаевтың өмір жолы – Отанға адал қызмет етудің, қиын сәтте қайсарлық танытудың үлгісі. Олардың есімдері ел жадында сақталып, ерлігі жас ұрпақтың бойында патриоттық рух пен жауапкершілік сезімін қалыптастыруға қызмет ете бермек.
Тыныштықтың қадірін оны қорғау жолында құрбан болған жандардың тағдырынан артық ештеңе ұғындыра алмас. Сондықтан батырларды ұлықтау – өткенге тағзым ғана емес, бейбіт болашақ алдындағы жауапкершілік. Ел үшін жанын қиған қаһармандардың ерлігі ешқашан ұмытылмауы тиіс. Өйткені олардың батырлығы – ұлт рухының биіктігін танытатын мәңгілік өнеге.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары