Абат та айбынды қала – Түркістан! — Xnews — ақпарат агенттігі

Абат та айбынды қала – Түркістан!

Түркістан – тағлымы терең тарих пен жаңарған бүгінгі буынның тоғысқан мекені. Ғасырлар қойнауынан жеткен көне шаһар бүгінде рухани мәртебесімен ғана емес, заманауи келбетімен, серпінді экономикасымен, көркейген көшелерімен және тұрғындарға қолайлы ортасымен де ерекшеленеді.

Бүгінде Түркістанда 248 мыңнан астам адам тұрады. Жыл басынан бері қала халқы 3 мыңнан астам адамға көбейген. Бұл – шаһардың жылдан-жылға кеңейіп, өмір сүруге және еңбек етуге тартымды орталыққа айналып келе жатқанының айқын белгісі.

Өркенді экономика – өңірдің қуатты тірегі

Қаланың әлеуметтік тынысы мен тұрғындардың әл-ауқаты ең алдымен экономиканың дамуымен сабақтас. Осы тұрғыдан алғанда, Түркістанның бүгінгі көрсеткіштері көңіл қуантады.

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында қаланың жалпы өңірлік өнім көлемі 281,1 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20,9 пайызға артты.

Бұл өсім бір ғана саланың жетістігі емес. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 26,7 миллиард теңгеге жетіп, 33,9 пайызға ұлғайса, өңдеу өнеркәсібінде 38,9 пайыздық өсім қалыптасты. Сауда мен қызмет көрсету көлемі 107,3 миллиард теңгені құрап, құрылыс жұмыстары 145,8 миллиард теңгеге жетті. Ал, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 176,5 миллиард теңгені құрады.

Цифрлардың ар жағында жаңа кәсіпорындар, жаңа өндіріс орындары, еңбекпен қамтылған отбасылар мен қала экономикасына серпін берген жобалар тұр.

Қазіргі таңда Түркістанда арнайы экономикалық аймақ пен индустриалды аймақ жұмыс істейді. Арнайы экономикалық аймақта жалпы құны 134,1 миллиард теңге болатын, 3698 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 15 жоба қарастырылған. Соның алтауы жүзеге асырылып, 363 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Олардың қатарында қаптама, құрылыс материалдары, мақта өңдеу, полимер және тоқыма өнімдерін өндіретін кәсіп-орындар бар.

«Түркістан» индустриалды аймағында да 30 инвестициялық жоба шоғырланған. Оның 21-і толық іске қосылып, 901 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл – Түркістанның тек тарихи және туристік шаһар ғана емес, өндірісі өркендеген экономикалық орталық ретінде де қалыптасып келе жатқанының дәлелі.

Туризм – тарихи жәдігерлер айнасы

Түркістанның аты аталғанда ең алдымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, көне қаланың тарихы мен халқымыздың рухани мұрасы ойға оралады. Бүгінде осы тарихи құндылықтар заманауи туристік инфрақұрылыммен үндесіп, қаланың дамуына жаңа мүмкіндік ашуда.

2026 жылдың алғашқы алты айында туризм саласына 39 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 44,4 пайызға жоғары. Осы мерзімде шаһарға келген туристер мен зияратшылар саны 414 мың адамға жетіп, 38 пайыздық өсім көрсетті. Қалада 72 орналастыру орны жұмыс істейді. Ондағы 1479 бөлме бір мезгілде 3205 адамды қабылдай алады. Жылдың алғашқы жартысында екі жаңа қонақүй пайдалануға беріліп, алдағы кезеңде тағы төрт қонақ- үйді іске қосу жоспарланған.

Туристерге қаланы аралатып, тарихи және мәдени нысандармен таныстыратын «Smart Red Bus Turkistan» жобасының іске қосылуы да қызмет көрсету мәдениетіне тың серпін берді. Ал, Қолөнершілер орталығы ұлттық өнер мен дәстүр сабақтастығын дәріптейтін ерекше туристік кешенге айналды.

Түркістанға келген әрбір қонақ мұнда тек тарихи жәдігерлерді көріп қана қоймай, қазақы қонақжайлықты сезініп, жаңарған қаланың тынысымен танысады. Сондықтан туризм саласындағы әрбір жаңа жоба – қаланың беделіне, экономикасына және тұрғындардың тұрмысына салынған инвестиция.

Еңбекпен еңселі ел

Қаланың шынайы байлығы – оның адамдары. Ал, тұрғындардың адал еңбегімен отбасын асырап, күнкөрісіне жағдай жасау – әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі шарты.

Бүгінде Түркістандағы экономикалық белсенді халық саны 88 589 адамды құраса, оның 84 504-і жұмыспен қамтылған. «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» шеңберінде 2026 жылы 6865 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Ал, алғашқы алты айдың өзінде 4382 азамат түрлі жұмыс орындарына орналастырылды.

Олардың бір бөлігі тұрақты және уақытша бос жұмыс орындарына орналасса, енді бір тобы ұлттық жобалар, субсидияланатын жұмыс орындары мен жаңа кәсіпкерлік бастамалар аясында еңбекке тартылды. Жүргізілген жүйелі жұмыстар нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрады.

Жаңа жұмыс орны – бір адамның ғана емес, тұтас бір отбасының табысы мен ертеңге деген сенімі. Сондықтан өндіріс орындарын ашу, шағын және орта бизнесті дамыту, жастарды кәсіпке баулу жұмыстары алдағы уақытта да қаланың негізгі басымдықтарының бірі болып қала бермек.

Абат аймақ – жайлы тұрмыс

Абат қаланың басты өлшемі – оның әр тұрғынына қолайлы әрі қауіпсіз болуы. Түркістанда аз қамтылған отбасыларды, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды және қолдауды қажет ететін тұрғындарды әлеуметтік қорғауға ерекше көңіл бөлінуде.

Жылдың алғашқы жартысында 5,1 мың адам атаулы әлеуметтік көмек алды. Кедейшілік деңгей- інен төмен тұратын отбасылардың үлесі жоспарланған 3,5 пайыздың орнына 2,1 пайызды құрады. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қажетті арнайы құралдарды сатып алу да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жоспарланған 8343 құралдың 6227-сі алғашқы алты айда берілді.

Қаладағы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жұмысы да қамқорлық пен ізгіліктің нақты көрінісіне айналды. «Белсенді ұзақ өмір», «Тең қоғам» және әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу бағыттары бойынша 2607 тұрғын қызмет алды. Ал, Отбасын қолдау орталығы 549 азаматқа психологиялық, құқықтық, медициналық және әлеуметтік жәрдем беріп, жұмысқа орналасуына көмектесті.

Тұрғын үй мәселесін шешу бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. 2026 жылдың алғашқы жартысында 708 пәтерлі 16 тұрғын үй пайдалануға берілді. Кезекте тұрған азаматтарға 469 пәтер табысталып, оның басым бөлігі әлеуметтік тұрғыдан осал отбасыларға берілді. Бұдан бөлек, қала әкімдігі мен «Отбасы банк» арасында жасалған меморандум аясында 2402 пәтерлі 32 тұрғын үй бойынша конкурс өткізу көзделіп, 1683 пәтердің иелері анықталды.

Әрбір жаңа пәтер – шаңырақ көтерген жас отбасының қуанышы, көп балалы ананың алаңсыздығы, жылдар бойы баспана күткен жанның орындалған арманы.

Білімді мыңды жығар

Қаланың ұзақ мерзімді дамуы адам капиталына, яғни білімді, білікті және отаншыл ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты.

Түркістанда 81 мектепте 60 мыңнан астам оқушы білім алады. Оның 38-і мемлекеттік, 41-і жекеменшік және екеуі облыстық білім беру мекемесі. Өткен оқу жылында 243 түлек «Алтын белгі» иегері атанды. Ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа көрсеткіші 76,22 балды құрады.

Балалардың қауіпсіздігіне де айрықша назар аударылған. Қала мектептері қоршаумен, турникетпен, бейнебақылау жүйелерімен және SOS дабыл түймелерімен толық қамтамасыз етілген. 2027 жылға арналған жаңғырту жобасына төрт мектеп енгізілді.

Мектепке дейінгі тәрбие беру саласында 160 мекеме жұмыс істеп, оларда 18 мыңнан астам бүлдіршін тәрбиеленуде. Балабақша – баланың қоғаммен танысатын алғашқы ортасы. Сондықтан білім беру мекемелерін жөндеу, материалдық базасын нығайту және балаларға жайлы жағдай жасау қала дамуының маңызды міндеті болып қала береді.

Түркістанның келешегі – бүгін мектеп партасында отырған балалардың қолында. Оларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру – шаһар болашағына салынған ең құнды инвестиция.

Руханияттың алтын бесігі

Түркістан – ежелден мәдениет пен руханияттың алтын бесігі. Бүгінде қалада тарихи дәстүрді жалғастыратын мәдени шаралармен қатар, заманауи өнер мен бұқаралық спортты дамытуға да кең мүмкіндік жасалып отыр.

2026 жылдың алғашқы алты айында қалада 100 мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде халықаралық, республикалық, облыстық және қалалық деңгейдегі басқосулар бар. Сонымен қатар 58 спорттық сайыс өткізіліп, мәдени және спорттық іс-шараларға 50 мыңнан астам адам қатысты.

«Теріскей» және «Баянауыл» спорт кешендері құрылысының аяқталуы тұрғындардың, әсіресе, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне және бұқаралық спортпен айналысуына жаңа жағдай жасады.

Мәдениет адамды рухани кемелдендірсе, спорт тән саулығын нығайтады. Осы екі бағыттың қатар дамуы Түркістанды шығармашылық пен салауатты өмір салты тоғысқан қалаға айналдырады.

Жаңарған шаһар келбеті

Соңғы жылдары Түркістанның сәулеттік бейнесі айрықша өзгерді. Жаңа тұрғын үйлер, кең көшелер, саябақтар, аллеялар мен демалыс орындары қаланың келбетін жаңартып қана қоймай, тұрғындардың күнделікті өмірін де жеңілдетуде.

Абаттандыру – қаланы көріктендірумен ғана шектелмейді. Ол – тұрғынға жайлы орта қалыптастыру, балаларға қауіпсіз ойын алаңдарын ұсыну, көшелерді жарықтандыру және табиғатпен үйлесімді кеңістік құру.

Қалада Тайқазан, Киіз үй кешені және Билер аллеясы секілді жаңа нысандар пайдалануға берілді. Б.Саттарханов көшесі мен қаланың өзге де аумақтарында ұлттық болмысты танытатын шағын сәулеттік композициялар орнатылып, қалаға кіреберіс көпірлерге көркем жарықтандыру жүргізілді. Сегіз балалар ойын алаңының құрылысы жалғасуда.

Түркістанның климаттық ерекшелігін ескерсек, көгалдандыру жұмысының маңызы айрықша. Қазір 772 гектар аумақтағы 36 саябақ, 80 гүлзар мен аллея, 168 көше және 16 жасыл алқап тұрақты күтіп-бапталады. 2026 жылы қала аумағына 144 700 түп ағаш пен бұта отырғызылды.

Әрбір егілген көшет – ертеңгі сая, әрбір абаттандырылған аула – балалардың қуанышы, әрбір жарық көше – тұрғындардың қауіпсіздігі. Жасыл желекке оранған Түркістан – бүгінгі буынның келешек ұрпаққа қалдырар ең көркем аманаты.

Түйін
Бүгінгі Түркістан – тарихымен тағлымды, тіршілігімен жарқын, болашағымен баянды қала. Мұнда көне кесенелердің күмбезі мен жаңа ғимараттардың сәулеті, бабалар мұрасы мен жас ұрпақтың арманы, ұлттық болмыс пен заманауи даму үйлесім тапқан.

Қаланың көркеюі – бір мекеменің немесе бір саланың ғана еңбегі емес. Оның әр жетістігінде құрылысшының маңдай тері, ұстаздың білімі, дәрігердің қамқорлығы, кәсіпкердің бастамасы, мәдениет пен спорт өкілдерінің таланты, тазалықшы мен бағбанның адал еңбегі бар. Ең бастысы, онда туған қаласын жақсы көретін әрбір түркістандықтың үлесі бар.

Абат қала ең алдымен абзал адамдарымен ажарлы. Сондықтан Түркістанның болашағы жаңа ғимараттармен ғана емес, қоғамдық жауапкершілікпен, өзара құрметпен және туған жерге деген жанашырлықпен өлшенеді.

Қала күні құтты болсын, түркістандықтар! Ынтымағы ұйысқан шаһарымыздың мерейі үстем, келешегі кемел болсын. Тарихы терең Түркістанымыз жасыл желекке бөленіп, экономикасы өркендеп, әр шаңыраққа құт-береке дарыған абат та айбынды қала болып дами берсін!

Әтіргүл Тәшім,
«Оңтүстік Қазақстан» газеті

x

Check Also

Путь к религиозной грамотности

В современном обществе религиозная грамотность молодежи и информационная безопасность приобретают особую актуальность. Именно этим темам посвящен сериал «Жол» («Путь»), снятый ...

Діни сауаттылыққа бастайтын “Жол”

Қазіргі қоғамда жастардың діни сауаттылығы мен ақпараттық қауіпсіздігі маңызды мәселеге айналып отыр. Осы тақырыптарды арқау еткен «Жол» сериалы Шымкент қаласының ...