Шымкент: «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауының жеңімпаздары марапатталды — Xnews — ақпарат агенттігі

Шымкент: «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Шымкент қаласында белсенді жастар мен болашағы зор жобаларды қолдауға бағытталған «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Байқау қорытындысы бойынша ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, медиа және волонтерлік бағыттары бойынша үздік деп танылған бес жоба авторы жеңімпаз атанды. Олардың әрқайсысына өз жобаларын жүзеге асыру үшін 1 миллион теңгеден грант табысталды.

Байқау 2026 жылғы 12 тамыз бен 15 қазан аралығында өтті. Осы уақыт ішінде ұйымдастырушыларға 105 өтінім түскен. Оның ішінде 51 қатысушы нақты жобаларын ұсынды. Сегіз адам өз жұмысын онлайн форматта қорғап, тағы 39 қатысушы қазылар алқасының алдында офлайн түрде таныстырды.

«Ғылым» бағыты бойынша «SmartTwin Шымкент» жобасын ұсынған Азамат Канадиллаев жеңімпаз атанды. Оның әзірлемесі шетелдік жабдықтарды қаланың климаттық жағдайына бейімдеуге арналған цифрлық егіз жүйесін құруды көздейді. «Мәдениет» бағыты бойынша Аружан Садықтың жұмысы үздік деп танылды. Ол Шымкенттің мәдени мұра нысандарын сақтау және кеңінен таныту мақсатында 3D-модельдеу технологиясын қолдануды ұсынған.

«Ақпараттық технологиялар» бағыты бойынша «QAMQOR MAP – инклюзивті Шымкент картасы» жобасымен Нурия Кемелбекова жеңіске жетті. Ал, «Медиа» бағытының үздігі атанған Алтынбек Мақұлбек «Digital-qadam» жобасын таныстырды. «Волонтерлік» бағыты бойынша жастарға арналған дамушы орта қалыптастыруды көздейтін «ALTYN ORTA» бастамасының авторы Әсел Амангелдиева жеңімпаз атанды.

Қазылар алқасының төрайымы, Абай ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің өкілі Орынша Тәжібаева тың идея ұсынып, оны жүзеге асыруға дайын жастарды қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

«Жастардың әлеуеті зор. Осындай байқаулар олардың қабілетін іс жүзінде көрсетуге мүмкіндік береді. Қызықты идея ойлап табу ғана емес, оның қоғамға қандай пайда әкелетінін де ескеру маңызды. Ұсынылған жобалар жастардың туған қаласының дамуына үлес қосуға ұмтылатынын және ел болашағы үшін жауапкершілік алуға дайын екенін көрсетті», – деді ол.

Шымкент қаласының Жастар саясаты басқармасының басшысы Әкімжан Әбдәкімов те жастар бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік жасаудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, қаржылай қолдау талантты жастарға идеядан нақты нәтижеге көшуге жол ашады.

«Гранттық қолдау жастарға келесі қадамды жасауға, яғни, өз жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ғылым мен цифрлық технологиялардан бастап мәдениет пен волонтерлікке дейінгі түрлі салаларды қамтитын бастамалардың ұсынылуы ерекше қуантады. Бұл идеялар Шымкент тұрғындарына нақты пайдасын тигізіп, өзге жастарға да ынта береді деп сенеміз», – деді басқарма басшысы.

Байқаудың бес жеңімпазының әрқайсысына өз бастамаларын одан әрі дамыту үшін 1 миллион теңгеден грант берілді. «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауы қала мен елдің дамуына үлес қоса алатын жас авторларды анықтап, олардың жобаларын қолдауға арналған маңызды бастамаға айналды. Ұйымдастырушылар жеңімпаздарды құттықтап, бастамаларының сәтті жүзеге асуына тілектестік білдірді.

x

Check Also

Діни сауаттылыққа бастайтын “Жол”

Қазіргі қоғамда жастардың діни сауаттылығы мен ақпараттық қауіпсіздігі маңызды мәселеге айналып отыр. Осы тақырыптарды арқау еткен «Жол» сериалы Шымкент қаласының ...

Атомная энергетика: возможности и ответственность

В недавнем Послании народу Казахстана «Актуальные задачи Казахстана в новый исторический период» Президент Касым-Жомарт Токаев обозначил стратегическую значимость развития атомной ...