Атом энергетикасы: мүмкіндік пен жауапкершілік — Xnews — ақпарат агенттігі

Атом энергетикасы: мүмкіндік пен жауапкершілік

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында атом энергетикасын дамытудың стратегиялық маңызын атап өтті.

Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай электр энергиясын артығымен өндіру міндетін қойып, «Балқаш» АЭС-інің құрылысын 2027 жылы бастауды, сондай-ақ «Мойынқұм» АЭС-ін салу жөніндегі ынтымақтастықты жеделдетуді ұсынды. Сонымен бірге шетелдік серіктестерді жоғары технологиялық өндірістер ашуға, тәжірибе беруге және отандық мамандар даярлауға тарту қажеттігін айтты. Президенттің ұстанымы айқын, барлық келіссөз Қазақстанның ұлттық мүддесіне сай жүргізілуі керек. Осы шешімдер атом электр станциясын салу мәселесін алдыңғы шепке шығарды. Ендігі міндет жобаның қажеттілігін ғана емес, оның экономикалық тиімділігін, экологиялық қауіпсіздігін, технологиялық тәуелсіздікке ықпалын және ұзақ мерзімді жауапкершілігін де нақты бағалау.

Президенттің айтуынша, Қазақстан 2029 жылға қарай электр энергиясын артығымен өндіретін деңгейге жетуі керек. Осы мақсатта жаңа генерация қуаттарын іске қосу, қолданыстағы электр станциялары мен желілерді жаңғырту, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және атом энергетикасын өркендету міндеті қойылды. Мемлекет басшысы «Балқаш» АЭС-інің құрылысын 2027 жылы бастауды, сондай-ақ «Мойынқұм» АЭС-ін салу жөніндегі ынтымақтастықты жеделдетуді ұсынды. Бұл бастамалар елдің энергетикалық болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданатынын көрсетеді. Алайда АЭС салу туралы шешімнің стратегиялық маңызы оның тәуекелдерін де мұқият бағалауды талап етеді. Атом энергетикасы Қазақстан үшін жаңа мүмкіндікке айнала ма, әлде экономикалық, экологиялық және технологиялық тәуелділікке әкеле ме? Бұл сұраққа нақты есеп пен ғылыми негізделген талдау арқылы жауап берілуі керек. Шымкент университетінің профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Тағаевпен осы бойынша сұхбаттасқан едік.

– Атом электр станциясы уран ядроларының бөлінуінен алынған жылуды пайдаланып, электр энергиясын өндіреді. Оның басты артықшылығы ауа райына тәуелсіз тұрақты қуат бере алуы және электр өндіру кезінде көмірқышқыл газының тікелей шығарындыларының төмен болуы. Қазақстанда өнеркәсіптің дамуы, қалалардың өсуі, цифрландыру және жасанды интеллект инфрақұрылымының кеңеюі электр энергиясына сұранысты арттырады. Сондықтан энергия көздерін әртараптандыру қажеттілігі түсінікті. Бірақ энергетикалық тапшылықты шешудің жалғыз жолы АЭС салу деп қарастыруға болмайды. Жаңа жылу электр станциялары, күн мен жел энергетикасы, электр желілерін жаңғырту және энергияны үнемдеу де бірыңғай жоспар аясында бағалануы қажет. АЭС салу тек ғимарат тұрғызу емес, күрделі ядролық технологияны игеру. Реактор, бу генераторлары, сорғылар, турбиналар, автоматтандырылған басқару және қауіпсіздік жүйелері жоғары дәлдікпен жасалып, қатаң техникалық талаптарға сай болуы керек. Қазақстан уран өндіруде елеулі тәжірибеге ие. Бірақ уран шикізатын өндіру мен атом реакторын жобалау, негізгі жабдықтарын жасау және станцияны қауіпсіз пайдалану әртүрлі технологиялық міндеттер. АЭС-ты ұзақ мерзім бойы қауіпсіз пайдалану үшін ядролық физика, энергетика, материалтану, радиациялық қауіпсіздік және автоматтандырылған басқару салаларында жоғары білікті кадрлар қажет. Оларды даярлау құрылыс басталғаннан кейін емес, алдын ала қолға алынуға тиіс, – дейді ғалым.

Ғалымның айтуынша, қазіргі реакторлық жобаларда пассивті қауіпсіздік жүйелері, қос қорғаныш қабықшалары және балқыған ядролық отынды оқшаулауға арналған арнайы құрылғылар қарастырылады. Бірақ заманауи технологиялардың болуы тәуекелді толығымен жоймайды. Қауіпсіздік жабдықтардың сапасына, техникалық қызметке, персоналдың даярлығына және басқару мәдениетіне байланысты. Қазақстанда станцияны салатын компаниядан тәуелсіз мемлекеттік реттеу мен техникалық бақылау жүйесі болуы шарт. Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) стандарттар мен сараптамалық қолдау ұсынады, алайда ұлттық заңнама талаптарының орындалуына және станцияның қауіпсіз пайдаланылуына жауапкершілік Қазақстанның тиісті органдары мен операторына жүктеледі. АЭС орналасатын жерді таңдау кезінде электр желілеріне жақындық, геологиялық жағдай, сейсмикалық қауіп, инфрақұрылым және су ресурстары ескеріледі. Балқаш өңірінің таңдалуы да осындай факторлармен байланысты.

Қазақстанға тұрақты әрі жеткілікті электр энергиясы қажет. АЭС осы міндетті шешуге үлес қоса алады. Бірақ оның тиімділігі тек өндірілетін электр көлемімен өлшенбейді. Экономикалық негізділік, экологиялық қауіпсіздік, технологиялық тәуелсіздік, ұлттық кадрлардың даярлығы және тәуелсіз бақылау жобаның табысты болуының негізгі шарттары. АЭС салу бір күннің немесе бір ұрпақтың ғана мәселесі емес. Сондықтан Қазақстан үшін басты мақсат станцияны тезірек салу ғана емес, оны ұлттық мүддеге сай, қауіпсіз әрі тиімді ету болуы керек. Атом энергетикасы елдің дамуына қызмет етуі үшін саяси шешім нақты есеппен, технологиялық жауапкершілікпен және халық алдындағы ашықтықпен бекітілуі қажет.

«Шымкент келбеті»

x

Check Also

Діни сауаттылыққа бастайтын “Жол”

Қазіргі қоғамда жастардың діни сауаттылығы мен ақпараттық қауіпсіздігі маңызды мәселеге айналып отыр. Осы тақырыптарды арқау еткен «Жол» сериалы Шымкент қаласының ...

Атомная энергетика: возможности и ответственность

В недавнем Послании народу Казахстана «Актуальные задачи Казахстана в новый исторический период» Президент Касым-Жомарт Токаев обозначил стратегическую значимость развития атомной ...