Құрметті түркістандықтар!
Сіздерді Республика күнімен және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
Республика күні – азаттыққа ұмтылған халқымыздың асыл арманы ақиқатқа айналған тарихи сәтті айшықтайтын, мемлекетіміздің егемендігі мен елдігімізді ұлықтайтын ұлы мереке. 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы Декларация тәуелсіздікке жол ашты. Ал, 1991 жылы Қазақстан дербес мемлекет ретінде әлемге танылды.
Бүгінде көк байрағы көкте желбіреген, шекарасы бекем, бірлігі жарасқан Қазақстан жаңа даму кезеңіне қадам басты. Бұл – халқымыздың қажырлы еңбегінің, ортақ мақсатқа жұмылған бірлігінің және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалардың нәтижесі.
Қадірлі жерлестер!
Биыл Түркістан облысының құрылғанына 8 жыл толды. Осы уақыт ішінде өңіріміздің экономикалық әлеуеті артып, өндірістік мүмкіндігі кеңейді, жаңа жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым жаңарды. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауы өңіріміздің дамуына тың серпін берді.
Сегіз жылда облыстың жалпы өңірлік өнімі 1,7 трлн. теңгеден 5 трлн. теңгеге дейін өсіп, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,6 есеге артты. Экономикаға тартылған инвестиция көлемі 4,5 есе ұлғайып, 1,7 трлн. теңгеге жетті. Тікелей шетелдік инвестиция 2 млрд. АҚШ долларын құрады.
Бұл көрсеткіштер – өңіріміздің әлеуеті жоғары екенін айғақтайтын нақты нәтижелер. Сондықтан өнеркәсіпті өркендету, кәсіпкерлікті қолдау, заманауи технологияларды енгізу және терең өңдеу саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.
Түркістан – ауыл шаруашылығы дамыған, еңбек адамдарының қолымен береке дарыған өңір. Сегіз жылда ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2,2 есеге өсіп, 1,2 трлн. теңгеге жетті. Су үнемдеу технологиялары 164 мың гектар алқапқа енгізіліп, 280 млн. текше метр ағын суды үнемдеуге мүмкіндік берді. Мақта-тоқыма, жүгері және ет кластерлерін дамыту арқылы шикізатты ғана емес, дайын өнім өндіруге басымдық беріп отырмыз. Бұл – ауылдағы еңбек өнімділігін арттырып, жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.
Халықтың тұрмыс сапасы күнделікті өмірге қажетті инфрақұрылыммен тікелей байланысты. 2025 жылдың қорытындысымен облыстағы 801 елді мекен толықтай ауыз сумен қамтылды. Табиғи газ, электр қуаты, жол және тұрғын үй құрылысы бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Біз үшін әрбір елді мекеннің дамуы, әрбір отбасының қолайлы жағдайда өмір сүруі маңызды. Жобалардың нәтижесі халықтың күнделікті тұрмысынан көрінуі тиіс.
Түркістанның туристік және рухани орталық ретіндегі әлеуеті де артып келеді. Тарихи-мәдени мұрамызды дәріптеп, заманауи туристік инфрақұрылымды дамыту арқылы өңіріміздің мүмкіндіктерін кеңейтіп келеміз. Киелі Түркістанның өркендеуі – бүкіл еліміздің абыройы.
Ардақты ағайын!
Біз Мемлекет басшысының қолдауымен басталған игі істерді жалғастырып, Түркістан облысының әлеуетін толық пайдалануға, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға және өңір экономикасын одан әрі нығайтуға күш саламыз. Мақсатымыз айқын – өндірісі өркендеген, ауыл шаруашылығы дамыған, жастарына жол ашылған, тұрғындары бақуатты өңір қалыптастыру.
Елдігімізді нығайтып, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету – баршамыздың қасиетті парызымыз. Бірлігіміз бекем болса, алынбайтын асу жоқ.
Республика күні әр шаңыраққа шаттық, әр отбасына амандық пен береке әкелсін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз баянды, бірлігіміз мәңгі болсын! Қазақстанымыздың мерейі үстем болып, Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіресін!
Республика күні құтты болсын!
Нұралхан КӨШЕРОВ,
Түркістан облысының әкімі.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары