Егемен елдің еңсесін биіктетіп, азаттықтың қадірін ұлықтайтын Республика күні Ордабасы ауданында аталып өтті. Ұлттық мерекеге орай аудан орталығындағы Рәміздер аллеясында өткен салтанатты шараға аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық полиция бөлімінің бастығы Нүркен Сарыпбеков, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.
Мемлекеттік рәміздеріміздің төрінде өткен жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаумен басталды. Көк байрағымыз желбіреген аллеяда елге деген құрмет пен отаншылдық рухы айқын сезілді.
Мерекелік жиында аудан әкімі Азат Оралбаев сөз сөйлеп, ордабасылықтарды Республика күнімен құттықтады.
– Құрметті жерлестер! Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі мерекені мемлекеттік рәміздеріміздің төрінде, көк туымыздың астында атап өтіп отырмыз. Бұл күннің біз үшін маңызы ерекше. Республика күні – еліміздің егемендікке жасаған тарихи қадамын айқындаған, тәуелсіздікке жол ашқан қастерлі күн. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Ауданымыз өркендеп, туған жеріміз көркейе берсін. Әр отбасыға амандық, әр шаңыраққа береке тілеймін! – деді аудан әкімі.
Салтанатты шара аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Туған жер, ел бірлігі мен тәуелсіздікті дәріптейтін рухты әндер орындалды.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары