Түркістанда түркі елдерінің ғалымдары бас қосады — Xnews — ақпарат агенттігі

Түркістанда түркі елдерінің ғалымдары бас қосады

Түркістан қаласында «Сырдария өзені алабының орта және төменгі ағысындағы түркі мәдениеті» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтеді. Бұл туралы өткен баспасөз жиынында «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының басшысы Ерлан Дакенов мәлімдеді.

«Ғылыми іс-шараны «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы мен Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы бірлесіп ұйымдастырады. Конференцияның негізгі мақсаты – Сырдария өзенінің орта және төменгі ағысы бойындағы түркі мәдениетінің қалыптасуы мен дамуын тарихи, археологиялық, сәулет, жазба және рухани мұралар негізінде кешенді зерделеу, сондай-ақ өңірдің түркі-ислам өркениетіндегі тарихи орнын ғылыми тұрғыдан талқылау. Конференция жұмысы төрт негізгі ғылыми секция бойынша ұйымдастырылады. Атап айтқанда: «Археология және сәулет өнері»; «Тарих және рухани сабақтастық»; «Жазба жәдігерлер және деректану»; «Түркі мәдениеті және қазіргі зерттеу бағыттары». Ғылыми жиынға Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден келген 40-тан астам ғалымдар мен зерттеушілер қатысады. Сонымен қатар, отандық және шетелдік ғалымдар мен зерттеушілерді, сала мамандарын, зиялы қауым өкілдерін, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы мен студенттерін, жас зерттеушілерді қамту жоспарланып отыр»-деді спикер.

Сондай-ақ, баспасөз жиыны барысында т.ғ.д., профессор, Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы басшысының орынбасары Әшірбек Муминов ғылыми жиыннан күтілетін нәтижелер туралы баяндады.

«Бұл конференцияға дайындық жұмыстары 6 ай бұрын басталған. Бүгінгі күнге дейін Түркі мемлекеттерінің тарихын зерттеп жүрген ғалымдардың 50-ден астам еңбегі бағаланып, жиын болатын күні тұсауы кесілетін жинаққа енгізілді. Ғылыми жиынның негізгі мақсаты – тарихшылар, археологтар, дінтанушылар, өнертанушылар, филологтар мен әлеуметтанушылардың басын қосып, Сыр өңіріндегі ислам өркениетінің қалыптасуы мен дамуын ғылыми тұрғыдан саралау. Сондай-ақ, аймақтың интеллектуалдық, рухани, сәулеттік және әлеуметтік-экономикалық әлеуетін айқындап, тарихи мұра арқылы бейбітшілік, бірлік пен мәдениетаралық диалогты нығайту жолдарын қарастыру көзделген. Конференция барысында Сыр өңіріндегі түркі-ислам сәулет ескерткіштері мен археологиялық нысандарды зерттеудің жаңа нәтижелері сараланып, Қожа Ахмет Ясауи мұрасының аймақтағы сопылық мәдениеттің дамуына ықпалы қарастырылады. Сонымен қатар, ортағасырлық ойшылдар мен ғұламалардың жазба мұраларын ғылыми айналымға енгізу, тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау және қалпына келтіру, оларды заманауи ақпараттық құралдар арқылы кеңінен насихаттау мәселелеріне басымдық беріледі.

Сонымен бірге, отандық және шетелдік ғылыми-зерттеу орталықтары мен музейлер арасында ғылыми ынтымақтастықты дамыту, бірлескен археологиялық экспедициялар ұйымдастыру және қолжазба мұраларды зерттеу бағытындағы жобаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша келісімдер жасау көзделген»-деп баяндады ғалым.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

x

Check Also

Түркістан облысында жол-көлік оқиғаларының саны 4,1%-ға азайды

2026 жылдың 9 айында Түркістан облысы бойынша 887 (2025 жылдың 9 айында — 925) жол-көлік оқиғасы тіркелді, бұл өткен жылдың ...

Түркістан: Әлеуметтік төлемдер нақты мұқтаж отбасыларға бағытталмақ

Қазақстанда әлеуметтік төлемдерді тағайындау жүйесін жетілдіруге бағытталған реформа қолға алынды. Жаңа тәсілдің негізгі мақсаты – мемлекеттік қолдауды отбасының нақты әл-ауқаты ...